Accessibility links

«Енді техника қолданбаймыз» дейді археологтар


Қазба орнындағы ауыр техникадан қалған іздер. Тараз, «Көне Тараз» археологиялық саябағы, 9 қазан 2015 жыл.
Қазба орнындағы ауыр техникадан қалған іздер. Тараз, «Көне Тараз» археологиялық саябағы, 9 қазан 2015 жыл.

Таразда Қазақ хандығы мерейтойы кезінде «Көне Тараз» мұражайы ашылды. Онда археологиялық жұмыс жүргізген мамандар күніне 12 сағат еңбек етіп, жерді трактормен де қазғандарын айтады.

Қазанның 8-і күні Таразда «Көне Тараз» археологиялық саябағы ел президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен салтанатты түрде ашылды. Жалпы аумағы 9 гектардан асатын саябақтың құрамына «Көне Тараз» мұражайы, Достық үйі, «Мыңбұлақ» сквері және Шолу мұнарасы кіреді.

«Көне Тараз» мұражайы тұрған жерде бұған дейін қалалық базар болған. Базардың астында ортағасырлық қаланың қалдығы бары анықталған соң сауда орны көшіріліп, археологиялық қазба жұмыстары жүре бастаған. Қазақ хандығының 550 жылдығы мерекесі кезінде ашылған мұрайжайды жұртпен бірге аралап жүрген Азаттық тілшісі қазылған кей жерлерден ауыр техниканың ізін көрді.

Бұл маңдағы құнды тарихи мұраларды іздеген археологиялық қазба жұмысы кезінде ауыр техника қолданылғанын онда жүрген жұмысшылар да растайды.

– Алғашқы кезде жердің бет қабатын трактормен тазалап алды. Содан кейін күрек, қылшақпен (щеткамен) ашты, – дейді өзін Болат Бидашев деп таныстырған жұмысшы.

«ЖАРТЫ МЕТР ҚАЛҒАНША ТЕХНИКА ЖҰМЫС ІСТЕДІ»

«Көне Тараз» археологиялық паркінде көне шаһардың орнында жүрген көрермендер. Тараз, 8 қазан 2015 жыл.
«Көне Тараз» археологиялық паркінде көне шаһардың орнында жүрген көрермендер. Тараз, 8 қазан 2015 жыл.

«Қазархеология» археология компаниясының директоры Жұман Смайылов көне қаланың қалдығы жатқан қабатты «үш-төрт айда ашу үшін әрі археологтардың жұмысын жеңілдету мақсатында» ауыр техника пайдалануға мәжбүр болғандарын растады.

– Рас, техниканы да пайдаландық. Өйткені ескі қаланың орны Совет үкіметі кезінен бері базар болатын. Кейбір жерлерде екі метрге дейін базар қалдықтары болды. Мысалы, кезінде базардың мал соятын орны, әжетханасы болған. Бұл жерлерге археологтарды күрекпен сала аламын ба? Мұндай жерлерді қолмен ашу мүмкін емес. Қимасын жасап алған соң мәдени қабат басталады-ау деген жерге жарты метр қалғанға дейін техника жұмыс істеді, – деді ол Азаттық тілшісіне.

Оқи отырыңыз: Тараз саудагерлері базарды көшіруге қарсы

Жұман Смайыловтың сөзінше, «Көне Тараз» мұражайының археологиялық қазбаларын жүргізу кезінде археологтар мен құрылысшылардың күніне 12 сағат жұмыс істеуіне тура келген. Ол«ендігі қазба жұмыстарына техника қолданбайтындарын» айтады.

Тараздағы археологиялық қазбаларға ауыр техника қатысқан
please wait

No media source currently available

0:00 0:00:50 0:00

– Өкімет жұмыс істеу үшін лицензия береді. Егер методикадан ауытқысақ, лицензиядан айырады. Мұны біз де білеміз. Сондықтан ешкім мәдени қабатына техника салмайды. Енді біз мәдени қабатын аштық. Бұдан былай ол жерге техника кіргізу мүмкін емес, – дейді «Қазархеология» археология компаниясының директоры Жұман Смайылов.

Таразда базар астында қалған ескі қаланы аршып алу үшін «техника қолданбау мүмкін емес» екенін археолог ғалым Мұхтар Қожаев та айтады

«Көне Тараз» археологиялық паркіндегі ежелгі құбыр.
«Көне Тараз» археологиялық паркіндегі ежелгі құбыр.

– Таразда қазба жұмыстары жүргіздім. Жердің үстіңгі қабатын техникамен алғанын көрдім. Бұлай жасамаса, ескі базардың орнын қолмен алу мүмкін емес. Бұл – тәжірибеде бар дүние. Тек мәдени қабатына техника тимесе болғаны, – дейді Мұхтар Қожаев.

Тараз қаласындағы базар тұрған жерде археологиялық қазба жұмыстарын жүргізіп, ол жерді кейін мұражайға айналдыру туралы үкімет қаулысы 2010 жылы 22 қаңтарда шыққан. Көне қаланы аршып жатқан «Қазархеология» компаниясының директоры Жұман Смайыловтың сөзінше, бұл маңнан соңғы үш-төрт айда ғана мыс, күміс пен алтыннан жасалған 400-ден астам теңге және әшекей бұйымдар шыққан. Археологиялық жұмыстар кезінде табылған көне жәдігерлер мен тарихи заттарды ондағы мұрайжайдан да көруге болады.

Археологиялық саябақ аумағындағы ғылыми-зерттеу жұмыстары 2017 жылға дейін жалғаспақ.

«Көне Тараз» археологиялық саябағының ашылу шарасы (9 қазан):

«Көне Тараз» археологиялық паркі және музейінің ашылуы
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:05 0:00

XS
SM
MD
LG