Accessibility links

Елге оралған қазақ туристері өзбек билігінің үстінен шағымданбақ


Өзбек шекарашысы. Көрнекі сурет
Өзбек шекарашысы. Көрнекі сурет

Ташкентте екі аптадан астам қамауда болған туристердің соңы елге жексенбі күні кешке таман жетті. Мұның алдында сенбі күні түнде Өзбекстаннан балалар қайтарылған болатын.


Олардың арасындағы үш ересек туристен қазір қазақ шекарашылары сұрақ-жауап алып жатыр. Бұлар - альпинизм бойынша спорт шебері Ербол Оразалин, альпинист Марс Садықов және бокс тренері Хардын Файзуллин.

«ҚҰҚЫҚТАРЫМЫЗ ӨРЕСКЕЛ ТҮРДЕ ТАПТАЛДЫ»

Уақытша қамауда болған турист Марс Садықов Азаттық тілшісіне өзбек жағын сотқа беру ниеті бар екенін айтты.

- Барлық халықаралық құқықтар бұзылды. Екі апта бойы бізге не елшілікке, не туыстарымызға, ешкімге телефон соғуға мүмкіндік бермеді. Бізді жабық камераларға жеке-жеке қамады. Құқықтарымыз өрескел тапталды. Қазір шағым беру мәселесін көтереміз, - деді Марс Садықов тамыздың 1-і күні.

Қазақстан тарабы бұл азаматтардың Ташкент полициясының қолында екенін білген кезде өзбек билігі балаларға 1 миллион сом (80 мың теңге) көлемінде айыппұл салатынын айтып, ересектерді тек соттан кейін босататынын ескерткен еді.

Марс Садықовтың айтуынша, халықаралық келісім шарттарын өрескел түрде бұзған өзбек полициясы істі жедел түрде жауып, айыппұлды алып тастаған.

«ШЫНЫМЕН ДЕ АДАСЫП КЕТІППІЗ»

Осы уақытқа дейін кейбір сарапшылар тәжірибелі жол бастаушысы бар қазақстандық туристердің жолдан өздігінен адасып кеткеніне күмәнданып, «өзбек шекарашылары Қазақстан жағына өздері өтіп кетуі ықтимал» деп болжап еді.

Марс Садықовтың айтуынша, 12 адамы бар қазақстандық саяхатшылар тобы ауа-райының қолайсыздығынан жыл сайын келіп жүретін маңнан көз жазып, шыныменен де Өзбекстан территориясына өтіп кеткен.

- Мен бұл аумақты білмеймін. Бірақ бұл жаққа саяхаттап келіп жүрген жол бастаушымыздың өзі қателесіп, басқа сайға кетіп қалған. Сөйтіп, Өзбекстан территориясында жүрген болып шықтық, - дейді Марс Садықов.

Екі апта бойы өзге де ересектермен қамауда болған туристердің ішінде ең кішісі Артур Садықовтың жасы – тоғызда. Оның анасы Оксана Соломатинаның айтуынша, Ташкентте болған кезде полиция онымен кездесуге тек 20 минут қана уақыт берген.

- Барлығы да жарады. Денсаулықтары қалыпты. Әрине, шамалы жүдеген, - дейді ол.

Ал туристердің елге қалай оралғаны жайында айтып берген Ербол Оразалиннің әйелі Гаухар Сәрсембаева ересектердің балалар сияқты елге түн ортасында жеткенін айтты. Оның айтуынша, балалар сенбі күні түнде жетсе, ал қалғаны жексенбінің түнінде келген.

- Алдындағыдай бізді «Қапланбекке» (бақылау-тексеру посты) келіңдер» деп шақырды. «Қапланбекке» жеткен кезде бізге консул хабарласып, оларды өткізбей жатқанын айтып, «Жібек жолына» барыңдар деді. «Жібек жолына» келген кезде консул бізге хабарласып «олар сіздер жақта» деді. Ал біздің жақта оларды (ересек туристерді шекарашыларымыз) бөгеп, әңгімелесті, - дейді Гаухар Сәрсембаева.

Оның айтуынша, шамамен бес сағаттық «әңгімеден» кейін оларды босатқан.

Оңтүстік Қазақстан облысындағы табиғаты әсем аймақтардың бірі - Майданталға шығамыз деп жоспарлаған 12 адамнан құралған қазақстандық саяхатшылар тобы шілденің 10-ы күні тауға шығып, шілденің 20-сы күні етекке түсуі тиіс болатын.

Бірақ шілденің 14-і күні олар өзбек шекарашыларының қолына түсіп қалады. 12 туристің сегізі - кәмелетке толмаған жасөспірім, төртеуі – ересек азаматтар.

Екі апта бойы Ташкентте қамауда болған туристердің осында екенін Қазақстан жағы тек шілденің 27-і күні ғана білген еді.
Өзбек жағы оларды «шекараны заңсыз кесті» және «елге қару кіргізді» деп айыптаған еді.

Кейіннен Қазақстанның сыртқы істер министрлігі Өзбекстан билігіне екі ел азаматтарына қатысты халықаралық келісім-шарт ережелерін орындамағаны турасында вербальды нота жолдап, арнайы түсініктеме талап еткен болатын.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG