Accessibility links

Израильде бөгелгендер арасында қазақстандықтар бар


Палестиналық шерушілер Израиль полициясын таспен атқылап жатыр. Израиль, Иерусалимнің шығыс жағы, 2 шілде 2014 жыл. (Көрнекі сурет)
Палестиналық шерушілер Израиль полициясын таспен атқылап жатыр. Израиль, Иерусалимнің шығыс жағы, 2 шілде 2014 жыл. (Көрнекі сурет)

Түркиядан Израильге барған қазақстандық турист қақтығыс кесірінен Иерусалимнен шыға алмай қалғанын хабарлады. Ал Тель-Авивте жүрген маман іссапар мерзімі біткен соң ғана Қазақстанға қайтарын айтады.

Түркияға демалуға барып, одан әрі Израильге саяхаттаған қазақстандық Диана Назарова енді қайта алмай отырғанын шілденің 23-іне қараған түні Instagram желісі арқылы хабарлады.

«Мұнда соғыс басталды, палестиналық зымыран құлап, әуежай жабылды. Бізді Иерусалимнің шығыс бөлігіндегі қонақ үйге орналастырды» дейді ол.

Instagram желісіндегі тағы бір қолданушы Рахат Смағұлова да Жұмағали Хамитов есімді танысының Түркиядан Иерусалимге барған туристердің арасында екенін жариялады.

«ОЛАРҒА ТҮРІК ТУРИСТІК КОМПАНИЯСЫ КӨМЕКТЕСЕДІ»

Азаттық тілшісі әлеуметтік желілердегі осы тәріздес жазбалардан соң Израильде қалған қазақстандықтар туралы мәліметтің анығын білмекке Қазақстан сыртқы істер министрлігіне хабарласты. Министрліктің баспасөз қызметінің өкілі Нұржан Айтмаханов Түркиядан Израильге барған туристік топтың ішінде қанша қазақстандық бар екенін анықтап жатқандарын айтты.

– Израильде қалып қойған Диана Назарова мен басқа да туристер 23 шілде күні кешке Түркияға оралады. Израильге саяхатқа апарған түрік

Иерусалимде жүрген турист. (Көрнекі сурет)
Иерусалимде жүрген турист. (Көрнекі сурет)

туристік компаниясы көмектеседі. Олар Түркиядан Қазақстанға демалыс уақыттары біткен кезде келеді, – деді Нұржан Айтмаханов.

Ол сыртқы істер министрлігі туристердің есебін жүргізбейтінін айтады. Нұржан Айтмаханов «Израильде Қазақстанға қайтқысы келген қазақстандықтар болса, Тель-Авивтегі елшілігімізге барып тіркеуге тұру керек» деген кеңес берді.

Израильдегі қазіргі жағдай қандай екенін Азаттыққа сол елде оқу тәжірибесінен өтіп жүрген дәрігер Нұрбек Сәулен сипаттап берді.

– Тель-Авив қаласында жағдай орташа. Атыс, бомба дауысын күнде естиміз. Бастысы, аманбыз. Израильге Қазақстаннан екі дәрігер келгенбіз. Екеумізде елге қыркүйекте, тәжірибеден өту мерзімі аяқталған соң қайтамыз. Қазір елшілікке тіркеуге тұрып қойдық, – дейді Нұрбек Сәулен.

Бұған дейін Қазақстанның индустрия және жаңа технологиялар министрлігіне қарасты туризм индустриясы комитеті Израиль мен Палестина аумағында қарулы қақтығыс жүріп жатқанын ескертіп, туристерге ол жаққа бармауға кеңес берген.

Постсоветтік елдердің бірінен келген туристер Израильдегі Өлі теңізге түсіп жүр. (Көрнекі сурет)
Постсоветтік елдердің бірінен келген туристер Израильдегі Өлі теңізге түсіп жүр. (Көрнекі сурет)

Израильге көбінесе археологиялық және архитектуралық ескерткіштерді тамашалауға, емделуге баратын қазақстандықтар ол елде 90 күнге дейін визасыз жүре алады.

Израиль күштері мен ХАМАС қарулы тобының Газа секторында соғысып жатқанына біраз уақыт болды. Палестина билігінің мәліметінше, қарулы қақтығыстар басталғалы екі аптаның ішінде 500-ден аса палестиналық қаза тапқан. Израиль тарапынан қаза болған бейбіт тұрғындар мен әскерилердің жалпы саны 27 адамға жеткен.

Екі тарап арасындағы соғысты тоқтату мақсатымен Таяу Шығысқа барған БҰҰ бас хатшысы Пан Ги Мун қарулы жанжалға қатысып отырғандарды «атысты ешқандай шартсыз доғарып, диалогқа оралуға» шақырды.

XS
SM
MD
LG