Жұма, 25 мамыр 2012, Алматы 04:22

ӘЛЕУМЕТ

БҰҰ-ның қазақ еріктісі «Кот-д'Ивуарда бар демократия Қазақстанда жоқ» дейді

1986 жылы БҰҰ-ның халықаралық еріктісі ретінде Совет одағынан аттанған 17 дәрігердің бірі болып Бурундиге барған хирург-травматолог Телжан Жүнісбеков Африка елдерінде 25 жыл жұмыс істеді. Оның сол сапары енді ғана аяқталып, БҰҰ зейнеткері мәртебесінде туған жұртына келді.

Дәрігер Телжан Жүнісбеков Кот-д'Ивуардағы күндердің бірінде.
Мәтін көлемі - +

Телжан Жүнісбеков Бурундиде бес жылдай хирург-травматолог ретінде еңбек етеді. Сол кезде-ақ БҰҰ еріктілері қатарына өтуге өтініш жібергенімен, Мәскеуден құжаттары қайтып келіпті. Телжан бұл мақсатына Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін ғана жеткен.

Ол 1995 жылы БҰҰ еріктілері қатарына алынған соң да сол елдегі миссиясын жалғастыра береді. «Шекарасыз дәрігерлер» ұйымының бағдарламасымен Голландияда да төрт ай жұмыс істеді.

1998 жылы Руанда ұлттық университетіне дәріс оқуға шақырылады.
Дәрігер Телжан Жүнісбеков пен әріптесі Пьер.

Медицина факультетінде сабақ бере жүріп, 4 жыл бойы хирург міндетін де атқарды.

Бұдан кейін Конго, Шығыс Тимор елдерінде жергілікті тұрғындарға дәрігерлік көмек көрсетіп, одан соң қайтадан Руандаға барып жұмыс істеді.

Соңғы бес жыл бойы Телжан Жүнісбековтің БҰҰ халықаралық еріктісі ретіндегі дәрігерлік қызметі Кот-д'Ивуарда жалғасты.

ҰШҚЫШ БОЛУДЫ АРМАНДАҒАН ДӘРІГЕР

Телжан да бала күнінде өз қатарластары тәрізді ұшқыш болуды армандаған екен. Бірақ он жастан аса бере әкеден айрылғаны бұл ойынан айнытады. Өрісте мал жайып жүргенінде әлдекімдердің қолынан қаза тапқан әкесінің мәйітін тексерген дәрігерлер «өз ажалынан қайтыс болған» деп «негізсіз қорытынды» шығарыпты.

Бір жылдан кейін облыстан келген дәрігерлер мәйітке эксгумация жасағанда марқұмның мойын омыртқасы үзіліп қайтыс болғандығы анықталды. Телжан осы оқиғадан кейін дәрігер мамандығын таңдады.

Қазақ мектебінің 4-сыныбында оқып жүрген баласын жетектеп апарып, орыс мектептің 2-сыныбына отырғызған әкесі екен. Сөйтіп мектепті қатарластарынан үш жыл кейін бітірген Телжан Алматы медцина институтына оқуға түсіп, 3-курстан бастап жұмыс істейді.

Ол қолына диплом алғанда-ақ тәжірибе жинақтаған дәрігер дәрежесіне жетіп қалған еді. Алматыдағы әскери госпиталда хирург, кейін бөлім
Дәрігер Телжан Жүнісбеков Кот-д'Ивуардағы күндердің бірінде.

меңгерушісі болды, қалалық денсаулық сақтау бөлімінде қызмет атқарды.

1986 жылы Совет одағынан жинақталған дәрігерлік топ құрамында Мәскеуде француз тілі мен тропикалық медицина негіздерін алты ай оқығаннан кейін Бурундиге алғашқы хирургтың бірі болып барған қазақ дәрігері Телжан Жүнісбеков осында бес жыл бойына қызмет етті. Мемлекетаралық ынтымақтастық келісімінің мерзімі аяқталып, әріптестері елге қайтқанда Телжанды Бурундидің әскери госпиталы жұмысқа шақырды.

ОН БІР МЫҢ ТЕҢГЕ ЖАЛАҚЫ

2005 жылдың соңында Қазақстанға оралған Телжан біраз уақыт Алматыда дәрігер болды.

БҰҰ 2006 жылдың басында Иракқа шақырған екен, бірақ бала-шағасы онда барғанын жөн көрмеген соң бұл сапардан бас тартыпты. «Үлкен балам «өзім сізді бағамын» деп, мені ол сапардан алып қалса да, үйде бекер отыра алмадым да, мамандығыма орай жұмыс істейін деп шештім» дейді  Телжан Жүнісбеков.
Қалай жаның ауырмайды өз елің білімің мен тәжірибеңді бағаламаса.

– Сол уақытта 33 жылдық хирургтік тәжірибем болды. Содан баяғы бірге оқыған, бірге жұмыс істеген әріптестеріме бардым. «Сені алмай кімді аламыз» деп бетіме мақтап, жедел жәрдем бөліміне жұмысқа алды. Бір айдан кейін қолыма 11 мың 500 теңге жалақымды алғанда, қара жер болғаным-ай. Қалай жаның ауырмайды өз елің білімің мен тәжірибеңді бағаламаса. Кейіннен бірнеше ай дәрігерлердің білімін жетілдіру институтында сабақ беріп, онда 33 мың теңге жалақы алдым, – дейді Телжан Жүнісбеков.

Сөйтіп жүргенде БҰҰ Кот-д'Ивуарға ерікті ретінде шақырды 2006 жылдың мамыр айында Кот-д'Ивуарға барған Телжан Жүнісбеков БҰҰ-ның зейнеткерлік жасынан үш жыл асқанша жұмыс істеді. 

«ӨЗІҢДІ ТАНЫТҚАНЫҢ – ҰЛТЫҢДЫ ТАНЫТҚАНЫҢ»

БҰҰ еріктілердің еңбек шартын әр алты ай сайын ғана ұзартып отырады екен. Ал Телжанның келісім-шартын зейнет жасына жеткеннен кейін де жыл сайын созып, тағы бірнеше жыл қызмет етуін өтінген. Қазақстандық хирург Кот-д'Ивуардағы БҰҰ қызметкерлеріне дәрігерлік қызмет көрсетумен қатар, жергілікті халыққа да жәрдем берді, осы елде хирургия саласының дамуына үлес қосты.

«Осы жылдар ішінде Жапония мен Оңтүстік Америкаға ғана табаным тиген жоқ» деген Телжан Жүнісбеков әңгімесін былайша сабақтайды.

– Шалғайда, шет жұртта жалғыз-жарым жүргеннен кейін көп нәрсені көресің, үйренесің, ой түйесің, салыстырасың. Міне, осының бәрі бастан өтті. Ең керегі, бірінші – білім, екінші – тіл байлығың. БҰҰ-ның барлық миссиясына қатыстым десем болады. Қазақстанның БҰҰ мүшесі екендігі де әрдайым есте тұрады. «Өзіңді танытқаның – ұлтыңды танытқаның» деген қағида басты ұстанымым болды, – дейді ол.

КОТ-Д'ИВУАРДАҒЫ КІШКЕНТАЙ ТЕЛЖАН

«Аяқ астынан гинеколог та болып кеттім. Кейінге жылдарда осы тәжірибем көп көмек болды» дегенді айтады хирург-травматолог.

– Биыл көктемде естен кетпес бір жайт болды. Кот-д'Ивуарға соғыс болып жатқан күндері БҰҰ ауруханасына да жараланғандар түсіп жатты. Ауруханада аяқ басатын жер жоқ, Жараланғандардың бірінің аяғын, енді бірінің қолын оқ жұлып кеткен. Ішек-қарындары ақтарылған жап-жас адамдарды үздіксіз әкеліп жатыр, үлгергенімізше операция жасаймыз, – дейді Телжан Жүнісбеков.

– Бір күні түн жарымында соңғы операцияны бітіріп, көз шырымымды алайын деп креслома қисайғаным сол еді, медбике жүгіріп келді. Бір әйел толғатып қалған, бірақ баланың басы жоғары, төмен түспеген. Анасы қатты қиналып жатыр. Қажетті дәрі-дәрмек беріп, «тағы күтейік» деп кетіп қалсам, таңғы төртте медбике «қимыл-қозғалыс байқалмайды, әйел
Кот-д'Ивуардағы Телжан Диоманде Исмаил.

әлсіреп барады» деп тағы келді. Барсам, шынында да ешқандай тіршілік білінбейді, дереу операция столына жеткіздік. Кесерово жасадым, балпанақтай ұл бала екен. Әлгі шарананың кіндігін кесіп, анасының құшағына бердім.

Мен үшін баланың дүниеге келгені, өз қолыңнан біреуге тіршілік сыйлау деген – бір ерекше жағдай, адамға бақыт сыйлайтын, толқытатын сәт.

Содан әке-шешесі әлгі балаға менің атымды беріпті. Фамилиясы – Диоманде Исмаил, атын Телжан деп қойыпты. «Жарайды, ең нашар болғанда мен сияқты бір хирург болсын» дедім. Осылайша алыстағы Кот-д'Ивуарда бір кішкентай Телжан өсіп келеді, – дейді Телжан Жүнісбеков.

«ҚАЗАҚСТАН АФРИКАДАҒЫДАЙ ӘДІЛЕТТІ САЙЛАУ ӨТКІЗЕ АЛМАЙДЫ»

Өткен жылы Кот-д'Ивуарда өткен президенттік сайлаудан кейін билік пен оппозиция арасындағы азаматтық соғысқа ұласқан текетірес жайлы Телжан Жүнісбеков былай дейді:

– Негізінде, оппозиция жетекшісі Алассан Уаттара сайлауда жеңіске жеткені рас. Сайлау бюллетеньдерін санауға біздер – БҰҰ өкілдері тікелей қатыстық. Барлық бюллетеньді санап, түпнұсқаларын өздеріне беріп, көшірмелерін қалдырып отырдық. Берілген дауыс бойынша, оппозиция жетекшісінің жеңіске жеткені анық. Ол жерде бұрмалаушылық деген мүлде болған жоқ.

«Қазақстанда дәл сондай сайлау өткізетіндей мүмкіндік бар ма?» деген сауалға:

– Қазақстан ондай деңгейге жеткен жоқ. Бізде тек демократия деп айтамыз, шын мәнінде оған жақындаған да жоқпыз. Елге келгенде менің
Қазақстанның ең жаман жері: кедейі – кедей, байы – бай. Орта тап деген жоқ.

жылағым келеді. Неге десеңіз – әділеттілік жоқ. Енді осылай жалғаса берсе, халық көтеріледі. Уақытысында жалақысын алмаса, тойып тамақ ішпесе, қарны ашса, бір күні ел көтеріледі. Мен саясаткер емеспін, бірақ өз ойым, Қазақстанның ең жаман жері: кедейі – кедей, байы – бай. Орта тап деген жоқ. Міне, осыған ішің ашиды, – деп жауап берді Телжан Жүнісбеков.

Кот-д'Ивуардың әлеуметтік жағдайы, әдет-ғұрпы жайлы сауалымызға:

– Барлық Африка елдерінің жағдайы бірдей ғой, дегенмен Кот-д'Ивуарды тақыр кедей деуге соншалықты келмейді. Бірақ мұнда да жұмыссыздық бар, жемқорлық та аз емес. Үлкенді сыйлау, ізет, ілтипат көрсету жағынан олар да кенде емес. Кот-д'Ивуар өзінше бір бөлек, басқа Африка мемлекеттерінен көш ілгері деуге келеді. Ал Бурунди туралы айтсам, олар ақ нәсілді адамдарға кәдімгі бірдеңе сұрайтын сияқты табынып қарайды. Жергілікті жұрт «ақ адамның бәрі бай, көмектеседі» деп үміттенеді, – деп жауап берді БҰҰ еріктісі.

МӘРТЕБЕ

БҰҰ-ның тұңғыш қазақ еріктісі Телжан Жүнісбеков қазақ, орыс тілдеріне қоса осы ұйымдағы алты жұмыс тілінің екеуін – француз бен ағылшыншаны да, африкалық тілдердің бірнешеуін де жетік меңгерген.

– Ке-рунди, кини-руанда сияқты жергілікті африкалық тілдерді білмесең, онда жұмыс істеу мүмкін емес, –  дейді Телжан Жүнісбеков.
Менің мәртебем БҰҰ-ның халықаралық еріктісі деп аталады. Маған дейін бұл атаққа жеткен қазақ болған жоқ.

Телжан Жүнісбеков өзінің БҰҰ-дағы тұңғыш халықаралық қазақ еріктісі екенін Астананың ұмыта бастағанына қынжылады. Ол Қазақстанға оралғаннан кейін тиісті құжаттарды реттеп, Астанаға барып, бұл мәселені қайта қозғайтынын, шенеуніктердің есіне салғысы келетінін айтады.

– БҰҰ-ның тұңғыш ұлттық еріктісі Берік Баймырзаев деген азамат бар. Ал менің мәртебем БҰҰ-ның халықаралық еріктісі деп аталады. Маған дейін бұл атаққа жеткен қазақ болған жоқ, – дейді Телжан Жүнісбеков.

«Алматыға жетіп біраз аунап-қунап, туған-туысты аралап болған соң да қарап отыра алмайтын шығармын. БҰҰ тағайындаған зейнетақыны алып қарап жата алмаймын. Жинақтаған шетелдік тәжірибе мен білік-білімімді әлі де елге бергім келеді» дейді бес баланың әкесі, бірнеше немеренің атасы Телжан Жүнісбеков.

Телжан Жүнісбековтің сұқбаты



CАЙТЫМЫЗҒА ТІРКЕЛІҢІЗ!

Құрметті оқырман!

Комментіңізді неғұрлым жылдам шығарып, Азаттық журналистеріне тікелей сын-ескертпе немесе ұсыныс айтып, өзге оқырмандармен ашық пікір алмасқыңыз келсе, сайтымызға тіркеліңіз.

Тіркелу үшін мына жерді басыңыз

Тіркелген соң сайттың оң жақ шекесіндегі «Кіріңіз» деген терезе арқылы еніп, пікір жаза аласыз.

Құрметпен,
Азаттығыңыз
Бұл форум жабық. Бірақ, Азаттықтың Facebook-тағы парақшасында жалғастыра аласыз: www.facebook.com/azattyq
Пікірлерді іріктеу
Пікір
     
Кімнен: Жәй адам
24.08.2011 09:28
+0 / -0
Тәкеңнің тірлігі - өнеге алатын өмір. Алайда бүгінгі Қазақстанға сенің елде аса дәріптелетін бір адамнан асқаның онша жақпайды. Сондықтан "бетегеден биік, жусаннан аласа" болып жүргенің жөн.

Кімнен: Ауылдың қазағы Қайдан: Алматы
24.08.2011 10:16
+0 / -0
Жарайсың, Телжан! Азаматсың!

Кімнен: ссс Қайдан: атырау
24.08.2011 10:30
+0 / -0
Жарайсыз!!! Қазақ елінің атын шетелдерге жақсы жағынан танытып жүргендер осындай азаматтар ғана. Тек НӘН-нің осылардың атынан менменсіп атағын пайдаланып кететіні өкінішті!

Кімнен: Арыс Қайдан: Шымкент
24.08.2011 11:59
+0 / -0
Рахмет Тәке, қазақтың туын әрқашан жоғары ұстап жүргеніңізге!
33 жылдық еңбек өтіліңіз бар екен. Ол да анау мынау емес, хирург-оташы. Астанаға барамын деп отырсыз. Алда-жалда сол бас қалада біреуге "срочно" ота жасау керек болып қалған жағдайда (ол адам елде біреу-ақ өзі) оның құлындағы шыңғырған дауысын осы "Азаттыққа" жететіндей жағдай жасаңызшы...Күйдіріп бітті халықты. Елде ешкімнен қорқу дегенді де білмей отыр соңғы кез. Тек оташының пышағынан ғана қорқып, көзі алаңдап кетеді деп есітиміз... Тек сонан кейін ғана ана өзіңіз болған Кот-д'Ивуар мен Қазақ елінің демократиясын салыстырып көрейік...

Кімнен: Жәмила Қайдан: Алматы
24.08.2011 18:15
+0 / -0
Қазақтың сіздей азаматы көп болса ғой, шіркін. Жасай беріңіз, Телжан ағай.

Кімнен: Нұрбек Қайдан: Қызылорда
25.08.2011 15:27
+0 / -0
Текең қаншама жыл сыртта жүрсе де қазақшаны ұмытпапты, майын тамызып сөйлейді екен. Көп тіл біле тұра, ана тілінде жетік білген бұл кісінің өнегесін бүгінгі орысша мен ағылшынша білсе туған тілін ұмытатын қазақ жастарына үлгі болса керек.

Кімнен: Нұржан Қайдан: Алматы
27.08.2011 10:47
+0 / -0
Қазақтың мұндай азаматтары көп емес қой. Аман болыңыз, аға. Білміңізді ынтасы бар жастарға иүйн\ретіңіз, егер оған еліңіздің билігі мүмкіндік берсе.

Кімнен: Елжан Қайдан: Ресей
28.08.2011 10:51
+0 / -0
Қазақстанда ешқашан демократия болмайды. Жалпы халықта саяси сана, саяси түсінік немесе тіпті саяси еркіндік жоқ. Сосын халықта бір адамға табыну бар. Осыған қоса биліктің басында отырғандар халықты қойдай ұстауға бар күштерін жұмсайды, сәл қарсы шыққан адамдарды құртып жіберуге әзір.
Пікір алмасу

Кімнен: sawegey Қайдан: Yeren-khabirgha
28.08.2011 22:28
+0 / -0
қазақстан "қазақ"стан болғанда...... ата заңін қайта орнатқанда...... сенің бул созіңді қайтарібаласің......деп, қумалағім айтті.

Кімнен: Нұрлан Қайдан: Прага
29.08.2011 01:12
+0 / -0
Мен шетелде жүрген талай білімді, оқымысты, ғалым қазақ жігіттерін білемін. Олардың көбі уақытында Қазақстанда жұмыс таба алмай, Америкаға, Жапонияға, Англияға, Франция мен Германияға кетуге мәжбүр болды. Кейбіреулері 10 - 20 жылдан бері шетелдің ғылыми мекемелерінде жұмыс істеп жатыр. Олардың ешқайсысы Қазақстанға қайтқысы келмейді, өйткені өздерінің елге керек емесін немесе елде тамақ асырай алмайтынын біледі. Қазақстанда ғылымның жоқ екені немесе бағаланбайтыны әлемге әйгілі. Елде қалған ақылды жігіттер миын тек жанқалтасын толтыруға немесе елді тонауға ашық пайдаланады. Ел үшін жұмыс істейтін билік басында қазақ жігіттері мен қыздары жоққа жақын. Болған күнде олар не түрмеде отыр немесе биліктің көрсеткен зорлық-зомбылықтарына орай тамақтары мен отбастарын әрең асырап жүр. Сонда саясат жайына қалады деген сөз.
Пікір алмасу

Кімнен: sawegey Қайдан: Yeren-khabirgha
29.08.2011 18:42
+0 / -0
Ммм... сілтау...
расінда онерлі болса, "сақіна" нің кейпі, онер корсетуіне тәсір қілмайд. керісінше, онершіміздің сапасі, сол сақанаміздің сапасі, десек. Сол шетелде жургендер, мен ойлаймін, білімінің шаласі және қазақшіліғінің шаласі. осі екеуінің біреуі болді, осі жігіт далада турмайді, мамандіғін суйеніп, амалін тауіп, жоқдан біреу тудірад, аздан копқіп береді қазаққа. егер екеу тугел болса, тәңір жаратқан, міна жігіт қазақді далаға қалтірмайді.
қісқасі, озің істемесең, кім қіпбереді емес, кім қілаладіда ғой...
Пікір алмасу

Кімнен: Нұрлан Қайдан: Прага
29.08.2011 23:46
+0 / -0
Мынау неғылған қазақша? Түкте түсінбедім.

Кімнен: sawegey Қайдан: Yeren-khabirgha
30.08.2011 01:06
+0 / -0
"елге керек емессің" осіні есіңнен шіғарібалмасаң болді, басқасіна "бос орнің" жоқ уқсайді. сілтауші жігітім

Кімнен: Bolat Қайдан: Astana
30.08.2011 23:59
+0 / -0
Қай жердің қазағысыңыз? Қазақша жазуыңызды (орфографияңызды) түземесеңіз, Сіздің айтайын деген ойыңызды ешкім түсінбей отыр. Жақсы енді, оңай емес шығар! Аман болыңыз!