Accessibility links

Қазақстанның ДСҰ мен ЕАЭО-ға бірдей мүше болу жоспары


Барахолкада мата сатып тұрғандар. Алматы, 4 сәуір 2014 жыл. (Көрнекі сурет)
Барахолкада мата сатып тұрғандар. Алматы, 4 сәуір 2014 жыл. (Көрнекі сурет)

​​Осы аптада ДСҰ бас директоры Роберто Азеведо келер жылдың басында Қазақстанды ұйымға қабылдау туралы шешім жариялануы тиіс деп мәлімдеді. Сарапшылар ол кезде Қазақстанның ЕАЭО-ға да мүше боларын айтып қауіптенеді.

Қазақстан, Ресей және Беларусьтің ортақ келісімімен бекітілген Еуразия экономикалық одағы (ЕАЭО) келесі жылдан бастап іске қосылады. Бұл Қазақстанның Ресей мен Беларусьтен бөлек, өзге де импортер елдердің құқығын сақтауға міндеттейтін Дүниежүзілік сауда ұйымына (ДСҰ) мүшелікке өтуіне қайшы келмей ме?

Петр Своик, оппозициялық саясаткер, экономист

– Халықаралық құқық тұрғысынан алғанда Қазақстанның ЕАЭО мен ДСҰ-ға қатар мүшелік етуіне байланысты ешқандай проблема тумайды. Экономикалық тұрғыдан да әлдебір қиындықтар жоқ.

Оппозициялық саясаткер және экономист Петр Своик. Алматы, 5 мамыр 2014 жыл.
Оппозициялық саясаткер және экономист Петр Своик. Алматы, 5 мамыр 2014 жыл.

Басқа саяси емес мәселелердің бәрі Қазақстанның ДСҰ-ға кіруіне байланысты саяси мәселенің құрамдас бөліктері. Әзірше экономика саласында да ғана жүзеге асып жатқанымен, Кеден Одағы да, ЕАЭО да – саяси мақсатпен құрылған бірлестіктер.

Шын мәнінде ДСҰ – әлемдік сауда министрлігі деп атауға болатын саяси бірлестік. Әлемдік қаржы министрлігі рөлін атқаратын халықаралық валюта қоры сияқты.

Марат Қайырленов, қаржыгер

– Қазақстанның ДСҰ мен ЕАЭО-ға қатар мүше болуында қайшылық жоқ. Бірақ Батыс елдері тауарларына қарымта санкция салған Ресейдің Кеден Одағына мүше басқа елдердің бұл тауарларды қазіргі Кеден Одағы, яғни ертеңгі ЕАЭО аясында реэкспорттауына қатысты мәлімдемесіне байланысты соңғы кезде үлкен проблемалар туып отыр.

Қаржыгер Марат Қайырленов.
Қаржыгер Марат Қайырленов.

Қазір Кеден Одағы әрі-сәрі күйде қалып отыр. Бір жағынан, одаққа мүше елдер арасында шекара болмауы тиіс. Екінші жағынан, Ресей Батыс елдерінің тауарларына қарымта санкция салды, ал Қазақстан мен Беларусь мұны қолдамады. Қазіргі Кеден Одағы пен ертеңгі ЕАЭО-ның тиімді жұмыс істеуіне бұл қайшылық жайсыз әсер етері сөзсіз.

Бөріхан Нұрмұхамедов, саясаттанушы

– Халықаралық құқық тұрғысынан алғанда, Қазақстанның ДСҰ мен ЕАЭО-ға қатар мүшелік етуінде қайшылық жоқ. Оның үстіне Қазақстан көпвекторлы сыртқы саясат ұстанғанымен, Батыс елдеріне бағдар ұстау мүмкіндігінен айрылып қалды.

ДСҰ-ға мүшелікке өту Қазақстанның технологиялық тұрғыдан ғана емес, қоғамдық-саяси және экономикалық тұрғыдан да қарқынды дамуына мүмкіндік береді. Бұл оның әлемдегі бәсекеге қабілеттілік деңгейін арттыруы тиіс.

Саясаттанушы Бөріхан Нұрмұхамедов.
Саясаттанушы Бөріхан Нұрмұхамедов.

Кеден Одағы пен ЕАЭО-ға мүшелік етуіне байланысты туындайтын қатерлер Қазақстанның экономикалық әлеуетін толығырақ ашылуына мүмкіндік бермей отыр әрі келешекте де мүмкіндік бермейді. Ал ДСҰ-ға кіру және Қазақстан үшін сыртқы саудадағы кедергілердің азаюы, керісінше оның экономикалық әлеуетін дамыту үшін жаңа мүмкіндіктер ашады.

Марат Толыбаев, бұрынғы ауыл шаруашылығы вице-министрі

– Қазақстанды ДСҰ-ға мүшелікке қабылдауға қатысты келіссөздерге тікелей қатысқан адаммын. Батыстағы әріптестеріміздің пікірінше, ұйымға мүшелікке өтудегі ең үлкен кедергі – Қазақстанның импорт тауарларға кедендік кедергі қоюы.

Қазақстан екі оттың ортасында қалып отыр.

Қазақстан екі оттың ортасында қалып отыр. ДСҰ-ға кіру үшін Қазақстан көптеген талаптарға көнуі керек, әсіресе өзі үшін аса маңызды саналмайтын тауарлар бойынша ымыраға келуі тиіс. Ал екінші жағынан, Ресей мен Беларусьтің келісімінсіз Қазақстан Кеден Одағы аясында баж салығын азайта алмайды. Ал Ресей бұл мәселеде ұстанған позициясынан таймайды.

ДСҰ-ның бас директорының «Қазақстан көп ұзамай ұйымға мүшелікке өтуі мүмкін» деген мәлімдемесі күтпеген жаңалық болды. Егер ДСҰ Қазақстанды Ресей мен Беларусьтің келісімінсіз кедендік баж салығын азайтуға көндірсе, Кеден Одағы пен ЕАЭО-ның басты негіздерінің тіршілік етуінің өзі сенімсіздік тудырады.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

XS
SM
MD
LG