Accessibility links

Хиллари Клинтон Астананы азаматтық қоғамды дамытуға шақырды


Хиллари Клинтон үкіметтік емес ұйымдар өкілдерімен кездесуде. Астана, 30 қараша 2010 жыл.
Хиллари Клинтон үкіметтік емес ұйымдар өкілдерімен кездесуде. Астана, 30 қараша 2010 жыл.

Қарашаның 30-ы күні кешке қарай АҚШ мемлекеттік хатшысы Хиллари Клинтон Астанада қазақстандық және шет елдік азаматтық қоғам өкілдерімен кездесті. Онда ЕҚЫҰ-на төрағалық еткен елдегі азаматтық қоғамды дамыту, «Уикиликс» сайтында жарық көрген құпия мәліметтер төңірегінде де сөз болды.



АДАМ ЕРКІНДІГІ – АЗАМАТТЫҚ ҚОҒАМ ТІРЕГІ

АҚШ мемлекеттік хатшысымен азаматтық қоғам белсенділерінің Астанадағы кездесуі «Орталық Азияның болашақ игілігі үшін азаматтық қоғамды нығайту» деген тақырыпта өтті.

Сөз басында «Қазақстан ғана емес, бүкіл Орталық Азия бойынша демократия мен адам құқтары саласындағы белсенділермен жолыққаныма қуаныштымын. Қоғам азаматтық еркіндік, бостандық болған жерде ғана дамып, гүлдене түседі» дей келе, Хиллари ханым азаматтық қоғам құрудың маңыздылығына тоқталды.

«Қазақстанның ертең ЕҚЫҰ-ның Орталық Азиядағы ең бірінші саммитін өткізуі – назар аударуға тұратын елеулі жайт деуге болады.

ЕҚЫҰ-ның жұмысы мен Хельсинки принциптері белгілі бір адамдардың тобы немесе жекелеген ұлттар үшін ғана емес. Ол барша әлемге бірдей. Мен көптеген үкімет жетекшілерімен кездесіп, осы мәселелер турасында сөйлесетін боламын», – деп атап өтті Хиллари Клинтон.

«Менің келгендегі басты мақсатым – алдымен сіздермен кездесу, өйткені нағыз демократияны құру, экономиканы дамыту мен тұрақты қоғам орнатуды үкімет бір өзі жасай алмайды. Мұнда сіздермен әріптестік болуы қажет. Мен үкімет басшыларының осыған назар аударуын сұраймын», – деді Хиллари Клинтон кездесуге қатысып отырған халықаралық азаматтық қоғам өкілдері мен студент жастарға қарата.

Сонымен қатар «Қазақстан үкіметі туралы да айта кеткенді жөн көріп тұрмын, өйткені Қазақстан билігі аймақтағы басқа үкіметтерге қарағанда көп алға жылжушылық жасады» деген АҚШ мемлекеттік хатшысы бірақ та үкіметтер әрдайым да жауапкершілікті болуға тиісті дегенге назар аударды.

Азаматтық қоғам белсенділері, әсіресе, әйелдер ұйымдарының өкілдері қоғамдағы әйелдердің рөлі жөнінде көптеген мәселелер көтеріп, Хиллари ханыммен емін-еркін пікір алмасты.

«Менің атым – Аспан Дастан, «Болашақ» қауымдастығы кеңесінің мүшесімін» деп өзін ана тілінде таныстырып, сөзін ағылшынша жалғаған жігіт: «Мен сұрақ қояйын дегенімде маған орыс немесе ағылшын тілінде ғана қоя аласыз деп айтылды. Сіздің еліңізде тілдің жағдайы қалай?» деген сауал қойды.

Бұл сұраққа жауап берген Хиллари Клинтон «үш тілде сөйлейтін сіз бақытты екенсіз» дей келе, тіл мәселесінің Америкада да бар екенін атап өтті.


«УИКИЛИКСТІҢ» ЖАУАПСЫЗДЫҒЫ ҚАУІПТІ»

Кездесу барысында қойылған сұраққа орай Хиллари Клинтон «Уикиликс» сайтында жарияланған дипломатиялық құжаттар жөнінде наразылығын білдірді.

– Менің пікірімше, бұл жазбаларды жариялау сайт өкілдерінің жауапсыздығы. Соның кесірінен жазбаларда аты–жөндері көрсетілген адамдардың өміріне қауіп төніп тұр. Бұл жариялым, жазбаларда көрсетілген адамдардың тағдыры жөнінде ойланбастан жасалған әрекет, – деді АҚШ мемлекеттік хатшысы Хиллари Клинтон.

«Уикиликс» сайты қарашаның 29-ы күні Америкалық дипломаттардың 250-ден астам қызметтік құпия құжаттарын интернет кеңістігіне жариялап жіберген еді. АҚШ елшілері мен консулдарының дипломатиялық жазбаларында әлемдік саясат туралы айтылған.

Қарашаның 30-ы күні «Уикиликс» сайты көптеген қазақстандық шенеуніктердің де әрекеттерін әшкерелеген болатын.


РАУШАН ХИЛЛАРИДЕН КӨМЕК СҰРАДЫ

Хиллари Клинтонмен болған кездесуге қатысқан түрмедегі журналист Рамазан Есіргеповтің зайыбы Раушан АҚШ мемлекеттік қатшысынан жәрдем сұрады. Ол АҚШ-тың құзырлы өкілі абақтыдағы күйеуінің бостандыққа шығуына тікелей көмек көрсете алады деген үмітте.

– Өкінішке қарай, ЕҚЫҰ–ын басқарып отырған менің елім, күйеуімді қамауда ұстап отыр. Оны босататын уақыт келгеніне қарамастан, нәтиже көрінбейді. Мен тіпті президент Назарбаевқа да хат жолдағам. Еш әрекет жоқ. Сіз осы жағдайға қалай қарайсыз, оны босатуға сіздің тікелей көмегіңіз бола ма? – деді Раушан Есіргепова.

АҚШ мемлекеттік хатшысы қамаудағы журналист төңірегіндегі оқиғаға қынжылыс білдірді.

– Мен мыналарды айтқым келеді – біріншіден, біз заңға бағынамыз. Әр тұтқынның адвокаты болуы керек. Бұл адам құқығының түп негізі болып табылады. Екіншіден, барлық елдерде журналистің өміріне қауіп төндіреді, оларды қамауға алады. Бұл әсіресе, Хельсинки ережесіне қол қойған ЕҚЫҰ елдерінде бар. Журналистер бірлесіп қорғануы қажет, – деді АҚШ мемлекеттік хатшысы Хиллари Клинтон.

Әйтсе де құрама штаттардың мемлекеттік хатшысы ел басшыларымен болған кездесулерде тұтқындардың, әсіресе қамаудағы журналистер туралы мәселені өзінің үнемі көтеріп жүретінін айтты.

Хиллари Клинтон Астанада өтетін ЕҚЫҰ саммитіне қатысатын АҚШ ресми делегациясын бастап келген болатын. Сапар аясында АҚШ мемлекеттік хатшысы Хиллари Клинтонның Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен және сыртқы істер министрі Қанат Саудабаевпен кездесулері жоспарланған.
XS
SM
MD
LG