Accessibility links

Saule540 видеосының кейіпкері: «Полицияға сенбеймін, әлі де қорқамын»


Қақтығыста жараланған Жанболат Жаманқараев
please wait

No media source currently available

0:00 0:10:54 0:00

Жаңөзен оқиғасы кезінде аяғынан оқ тиіп жараланған Жанболат Жаманқараев. Жаңаөзен, 1 мамыр 2012 жыл.

Жаңаөзен оқиғасы кезінде түсірілген видео YouTube-ке Saule540 деген қолданушының атынан жүктелген еді. Сол видеоның кейіпкері, аяғынан оқ тиіп, полицейлер сойылы астында қалған 20 жастағы Жанболат Жамақараев Астанаға барып емделетін қаржы таппай отырғанын айтты.

Мамырдың 1-і күні Қазақстан халқы бірлігі мен ынтымағы мерекесін тойлап жатқанда Жаңаөзен қаласындағы Тәуелсіздік алаңы бос тұрды. Жергілікті тұрғындардың айтуына қарағанда, Жаңаөзенде бір жылға дейін ресми мерекелер салтанатты түрде атап өтілмейтін болған.

Жаңаөзен оқиғасын жұртшылыққа жеткізген Saule540 видеосы осы алаңның жанындағы 33-үйдің үшінші қабатынан түсірілген. Осы уақытқа дейін бар-жоғы белгісіз болып келген видео авторының да пәтерін тауып, екі күнде бірнеше рет есігін қағып, ашқыза алмадық.

– Видео түсірген үйдің отағасы мен мұнайшы баласын органның адамдары әкетіп, екі-үш күн қамап, ұрып-соғып, қыспаққа алған – содан бері бейтаныс адаммен сөйлеспейді. Өздері аман-есен, – дейді аты-жөнін айтқысы келмеген көршілері.

Осы видео туралы Азаттық сайтында жарық көрген мақалалар мен оқырмандардың алғыстарын қағаз бетіне түсіріп, көршісіне табыстап, дұғай сәлемімізді айттық та Saule540 видеосының кейіпкері Жанболат Жаманқараевтың үйіне бардық. Ол да осы 33-үйде тұрады екен. Ортақ таныстар арқылы алдын-ала келісілгеннен кейін ғана Жанболаттың әке-шешесі баласымен жолығуға ықтиярлығын берді.

«ӨЛЕЙІН ДЕП ЖАТҚАНЫМДА ҰРЫП, ҮСТІМНЕН АТТАП ӨТІП КЕТТІ»

Жанболат Жаманқараевтың сөзін алғаш биыл сәуірдің 27-сі күні Ақтау қаласында басталған полицейлер сотында естіген едік. Жәбірленушілер арасынан
Жаңөзен оқиғасы кезінде аяғынан оқ тиіп жараланған Жанболат Жаманқараев. Жаңаөзен, 1 мамыр 2012 жыл.
Жаңөзен оқиғасы кезінде аяғынан оқ тиіп жараланған Жанболат Жаманқараев. Жаңаөзен, 1 мамыр 2012 жыл.
алғашқылардың қатарында сөйлеп, сот алдына қос балдақпен шыққан Жанболат ​Жаманқараев соттың аяғына дейін шыдай алмай кетіп қалған.

Ол адвокаттардың бірі «Сәуле деген әйелдің видеожазбасына түсіп қалған сен екенсің ғой» дегенде «иә» деп жауап берген.

Жанболаттың оң аяғындағы операциядан кейінгі темір құрсау әлі алынбаған екен. Жаңаөзен оқиғасынан бері бес айға жуық уақыт өткендікі болуы керек, біраз ширағаны байқалады. Бірақ ол оқиғаны айтуға құлықсыздау болған соң әуелі жөн сұрастық.

1992 жылы Жаңаөзен қаласында дүниеге келген Жанболат биыл 30 мамырда 20 жасқа толады. 2007 жылы 9-сыныпты бітіріп, Ақтаудағы колледжге түскен. 2011 жылы оны да аяқтап, қараша айынан бастап жеке кәсіпкер болып, қаладағы мұнай компанияларының басшыларын жеке көлігімен таси бастаған. Алайда арада ай өтпей оқ тиіп, бүгінгі халге түседі.

Мұнайшы әкесі еңбек дауында жүрген Жанболат Жаманқараев әрі қарай Saule540 видеосындағы көріністерді айтып берді.

– Үйде ұйықтап жатқанымда анам келіп, «далада айқай-шу болып жатыр, машинаңа біреу тиіп кетер» деді. Машинам үйдің қапталында тұрған. Шықсам, ескерткіштің дәл артында айқай болып жатыр екен. Барып қалсам, түк түсінбедім – халық қашып, полиция атып келе жатыр.
Сол кезде полицейлердің бірі маңдайыма тапаншасын тақап: «Үніңді шығарма, әйтпесе өлтіріп кетемін» деді.
Жанболат Жаманқараев.

Сөйтіп тұрғанда қапталымдағы біреу ұшып түсті. Аспанға атып жатқа шығар деп ойлап, қашпақ болғанымда аяғымның сүйектері күтірлеп сынып, құладым. Қарасам полицейлер жүгіріп келе жатыр екен. Сосын еңбектеп қаштым. Үлкендеу бір кісі көмектеспекші болған еді, өзіне дубинка тигенде ол да қашты. Бір кезде полицейлер жабыла таяқтады. «Ағалар, ұрмаңдаршы, қойыңдаршы» деп жан дауысым шықты. Өлдім деп ойладым. Сол кезде полицейлердің бірі маңдайыма тапаншасын тақап: «Үніңді шығарма, әйтпесе өлтіріп кетемін» деді.

Полиция қызметкерлеріне ұқсамайды олар, жауыз адамдар сияқты. Осылай атады деген ой үш ұйықтасам да түсіме кірмеген. Қазір оларға сенбеймін, әлі де қорқамын. Өлейін деп жатқанымда бәрі қайта-қайта ұрып, үстімнен аттап өтіп жатты ғой. Басым екі жерден жарылды. Бет-аузым адам көргісіз болды, – дейді 20 жастағы Жанболат Жаманқараев.

Жаңаөзен оқиғасы жайлы Saule540-тың видеосы:
Жаңаөзен оқиғасы туралы видео
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:49 0:00
Жүктеп алу
«ЖЕДЕЛ ЖӘРДЕМГЕ» БЕНЗИН ТАБЫЛМАДЫ»

Жанболат Жаманқараев есі кіресілі-шығасылы жатқанда өзін ұрғандардың шенін де, түр-түсін де байқамағанын, сол күні түн жарымында Ақтаудың ауруханасына жеткізілгеннен кейін ғана есін жия бастағанын айтады.

Оның сөзіне қарағанда, алғашқы операциядан кейін 12 күн өткен соң оқтың әлі алынбағаны белгілі болып, қайта операция жасап, автоматтың оғын алады. Аяғының шашылған сүйектері төрт ай өтсе де бітпеген. Қисық біте ме деп те қауіптенеді.

– Ауруханада жатқанда оқ тиген адам емес, біреуді атып, қылмыс жасаған адам сияқтандық. Полиция бізді қашып кететін адамдай қарауылдады. Мені де, қасымдағыларды да бірнеше рет тергеді. «Қайда бардың, не істедің» деп, жығылғанға жұдырық болды, өздері той жасап алып, – дейді Жанболат Жаманқараев.

Осы тұста сөзге араласқан Жанболаттың анасы Ақерке алаңда болып жатқан
Жанболат Жаманқараевтың анасы Ақерке. Жаңаөзен, 1 мамыр 2012 жыл.
Жанболат Жаманқараевтың анасы Ақерке. Жаңаөзен, 1 мамыр 2012 жыл.
жайттарды өзі де терезенің тасасында тұрып көргенін, бірақ «адамдарды атып жатыр» деп ойламағанын айтады.

– Бір кезде баламның шығып кеткені есіме түсіп, жүгіріп шықтым. Машина тұр, балам жоқ. Күйеуім, кіші балам үшеуміз жанұшырып ауруханаға бардық. Адам ығы-жығы. Әркім өз баласын, әкесін, тумасын іздеп жүр. Адамдар жерде жатқан жаралылардың үстінен аттап өтіп жатыр.

Баламды үшінші қабаттан, травматология бөлімінен тауып алдым. Түрі адам шошырлық. Тек ойбайлай бердім. Сынған аяғы бұралып, қаны жерге сорғалап, кереуетте екі бүктетіліп жатыр. Дәрігерлік көмек көрсетілмеген. Дәрі іздеп жүрген біреу, жанталас. Ертіп келген дәрігерім ақыры аяғын да, басын да тігіп берген болды, – дейді Жанболаттың анасы Ақерке.

Жаңаөзен ауруханасында болған қарбаласты баяндап берген Ақерке баласының аяғы күп болып ісіп, қан қысымы 64-ке дейін түскен соң ауыр жаралылармен бірге Ақтауға жөнелтілгенін айтады.

– Комиссияға «ойбай, мені жаз, мен кетемін» деп жүрген бір адам. Ақыр соңында, «Жедел жәрдем» көлігіне құятын бензин табылмай біраз жүрдік. «Адамдарыңды бірінші қабатқа түсіре беріңдер хабар жеткенде» деген соң халық тағы да сеңдей соғылысып, баламызды далаға сүйрелеп шығарғандай болдық. Астына түскеннен кейін де балам қалтырап жатыр. «Жолда өлтіріп аламын ба» деп қорықтым. Жүргізушіге «айда, айда» дей беремін тек. Көзімнен жас та шықпай қалды. Жолда бір-екі рет тұрды. «Бір жаралылар өліп кетті» деді, енді «біреулері қиналып жатыр» деді. «Жедел жәрдемнің» сегіз көлігімен ауыр жаралылар түнгі 12-лер шамасында Ақтаудың ауруханасына жеткізілді, – дейді Жанболат Жаманқараевтың анасы Ақерке.

«БОКСҚА ОРАЛА АЛАМЫН БА, ЖОҚ ПА...»

Ақерке апайдың айтуына қарағанда, биыл 17 қаңтарда ауыр жаралы үш адамның қатарында Жанболатты да Астанаға жіберген. Қарызданып, қауғаланып аттанған Жаманқараевтардың соңынан 100 мың теңге ақша жеткен. Жаңаөзенге оралғаннан кейін мемлекет тарапынан 500 мың теңге берілген. Одан басқа көмек алмаған.

– Астанадағы дәрігерлер «балаңды үш айдан кейін әкелесің» деген. 11 мамырда 3 ай болды. Әлі квотамызды күтіп жүрміз. 500 мың теңгемізді қарызымызға бердік. Енді тағы да қаржы жетпей кідіріп отырмыз, – дейді Жанболат Жаманқараевтың анасы.

Жанболат жеті жылдай боксқа қатысқанын, спорт шеберіне кандидат екенін айтты. Былтыр және 2010 жылы (Жаңаөзен мұнайының өндіріле бастағанына 110
Жанболат Жаманқараев аяғындағы темір құрсауды ұстап отыр. Жаңаөзен, 1 мамыр 2012 жыл.
Жанболат Жаманқараев аяғындағы темір құрсауды ұстап отыр. Жаңаөзен, 1 мамыр 2012 жыл.
жылдығына орай өткен жарыста) бірінші орын алыпты.

– Әзербайжан, Түркіменстан, Өзбекстан елдерімен қатар өзіміздің Ақтөбе, Батыс Қазақстан секілді тағы да басқа облыстардан боксшылар келді. 91 килограмм салмақта әзербайжан боксшысын финалдың алғашқы раундында техникалық нокаутпен жеңген едім.

Облыстық турнирлерден бірінші орын алып, Қазақстан чемпионаттарына, республикалық спартакиадаға қатысып жүрдім. Оралда өткен Қазақстан чемпионатында қола жүлде алдым. Қазір, шыны керек, жаттығуды сағындым. Көп жүгіріп, қимылдап қалған адамға қиын екен. Енді боксқа қайта орала алам ба, жоқ па, білмеймін, – дейді Жаңаөзен оқиғасынан кейін балдақ ұстап қалған Жанболат Жаманқараев аяғын көрсетіп.
XS
SM
MD
LG