Accessibility links

Жәбірленуші полицей екі айыпталушыны тергеген


Жаңаөзен сотындағы адвокаттар. Ақтау, 13 сәуір 2012 жыл. (Тәуелсіз блогер Андрей Цукановтың сурет).
Жаңаөзен сотындағы адвокаттар. Ақтау, 13 сәуір 2012 жыл. (Тәуелсіз блогер Андрей Цукановтың сурет).

Сотта «әрі тергеуші, әрі жәбірленуші» атанған полицей Нұржан Жандарбековтің тағы бір айыпталушыны тергегені белгілі болды. Ал судья ол айыпталушыны қамау туралы шешімді заңсыз деп тапқанымен, босатпады


Жаңаөзен оқиғасы бойынша өтіп жатқан соттың 13 сәуірдегі отырысы түске дейін ғана болып, бірнеше айыпталушы тыңдалды.

Кешегі сотта сұралып бітпеген айыпталушы Мұратбай Жұмағалиев бүгінгі процесте «өзінің де алдын-ала тергеу кезінде қысымға ұшырағанын» айтқан.

– Сотта Жұмағалиевке қатысты шағын бейнематериал көрсетілді. Онда Жұмағалиевтің «Заң қайда! Әділдік қайда!» деп, эмоцияға беріліп айқайлаған көріністері ғана болды. Бірақ оның полицияға қарсылық көрсеткені, қандай да бір заңсыз әрекеттерге барғаны туралы ешқандай видео болмады, – дейді «Жаңаөзен-2011» комитетінің өкілі Ерлан Қалиев.

Ерлан Қалиевтің айтуынша, айыпталушы Мұратбай Жұмағалиевке «осы кадр бойынша ғана тәртіпсіздіктің белсенді қатысушыларының бірі деген айып тағылып отыр».

ЖӘБІРЛЕНУШІ-ТЕРГЕУШІ

Жаңаөзен қалалық ішкі істер басқармасының қызметкері, жәбірленуші Нұржан Жандарбековтің осы іс бойынша айыпталушы Талғат Сақтағановты тергегенін бұған дейін жазған едік.

Ерлан Қалиевтің айтуынша, бүгінгі сотта Нұржан Жандарбековтің тағы бір
Соттың басталуын күтіп тұрған адамдар. Ақтау, 13 сәуір 2012 жыл. (Блогер Андрей Цукановтың суреті)
Соттың басталуын күтіп тұрған адамдар. Ақтау, 13 сәуір 2012 жыл. (Блогер Андрей Цукановтың суреті)
айыпталушыны – Мақсат Досмағамбетовті де тергегені анықталған.

– Желтоқсанның 17-сі күні Жандарбеков жәбірленушілер қатарына енген екен. Соған қарамастан ол желтоқсанның 23-і күні тергеуші ретінде айыпталушы Досмағамбетовты екі айға қамауға алу туралы сотқа өтініш түсірген. Яғни ол жәбірленуші болғанына бір апта болса да, тергеу міндетін атқара берген. Ал Жаңаөзен қалалық соты оның өтінішін орындап, Досмағамбетовтың қамау мерзімін ұзартқан, – дейді Ерлан Қалиев.

Мақсат Досмағамбетов кешегі сотта өзін азаптаған полицейлердің арасында Нұржан Жандарбековтің де бар екенін айтқан.

Адвокаттар әрі жәбірленуші, әрі тергеуші болған Жандарбеков жүргізген тергеулерді жарамсыз деп тану туралы судьяға бірнеше мәрте өтініш берген – бірақ ол талаптары қабылданбаған.

«ҚАМАЛУЫ – ЗАҢСЫЗ, БІРАҚ БОСАТЫЛМАЙДЫ»

Ерлан Қалиевтің айтуынша, бүгінгі сотта Мақсат Досмағамбетовтың адвокаты Гүлнар Жуаспаева өзі қорғап отырған азаматтың заңсыз қамалғанын айтып, оны босату туралы судьяға тағы да өтініш түсірген. Мақсат Досмағамбетов те өзін босатса, «қашып кетпейтінін, сотқа уақытында келетінін» айтқан.

Прокурорлар Досмағамбетовтің ауыр баппен айыпталып отырғанын айтып, оны босатуға қарсы болған.

– Прокурорлар пікірлерін айтқаннан кейін судья Мақсат Досмағамбетовті қамау туралы шешімді заңсыз деп тапқанмен, оны қамаудан босатпады, – дейді Ерлан Қалиев.

«ҰРҒАН ПОЛИЦЕЙ» НЕМЕСЕ «ҚОРҒАЛҒАН КУӘГЕР»

Жаңаөзен оқиғасына байланысты істегі 188 жәбірленушінің 30-ға жуығы – полицейлер. Тәуелсіз блогшы Андрей Цукановтың айтуынша, айыпталушылар «бізді қинады, ұрып-соқты» деп көрсеткен кейбір полицейлер істе куәгер ретінде де сұралып отыр.

– Айыпталушы Мұратбай Жұмағалиевтен жауап алған кезде ол өзін Өтешов деген
Айыпталушылардың туыстары сот арасындағы үзілісте тамақтанып отыр. Ақтау, 12 сәуір 2012 жыл. (Блогер Андрей Цукановтың сурет)
Айыпталушылардың туыстары сот арасындағы үзілісте тамақтанып отыр. Ақтау, 12 сәуір 2012 жыл. (Блогер Андрей Цукановтың сурет)
полицейдің ұрғанын айтты. Адвокаттар Өтешовті сотқа шақыртуды сұраған кезде судья оның «қорғалған куәгер» екенін, сондықтан одан сотта ашық түрде жауап алынбайтынын айтты, – дейді Андрей Цуканов.

Жаңаөзен оқиғасына байланысты наурыздың 27-сі күні басталған сот отырыстары Ақтау қаласындағы «Арман» орталығында өтіп жатыр.

Сотқа 37 айыпталушы, 100-ден аса жәбірленуші, 45 куәгер мен 6 мемлекеттік айыптаушы, оннан астам қорғаушы қатысып отыр.

Бүгін – соттың он төртінші күні. Сот басталғаннан бері 188 жәбірленушінің шамамен 150-ден астамы сұралып, олардың басым бөлігі арыздарынан бас тартты.

Осы аптада айыпталушылар сұрала бастады. Олардың барлығы алдын-ала тергеу кезінде қысым көргендерін айтады.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG