Келесі бағдарлама





Мультимедиа


 

Аймақ хабарлары

Қарағандыдағы «Дарын» мектебінің екі оқушысы ашқан екі жаңалық ел құлағын елең еткізді

Қарағандылық оқушы Зәбира Омарова (оң жақта) қазақ әріптері негізінде ойлап тапқан шифр тілін достарына көрсетіп тұр. Қарағанды, наурыз, 2009 жыл.

26.03.2009
Саят СЕРİК

Бірі қазақ әліпбиінің негізінде ақпаратты жасырын жеткізетін шифрлау әдісін ойлап тапса, екіншісі ғарыш операцияларының шығынын 2 есе үнемдейтін спутниктік байланыс торының жобасын жасап шығарды. Ғылымға қосқан еңбектері үшін Дарын Тельман мен Зәбира Омароваға Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің арнайы гранттары табыс етілді.

Қарағандының орталығындағы Дарын мектебінің 11 сынып оқушысы Забира Омарова құпия ақпаратты қалай жеткізудің сырын әбден зерттеп, терең меңгерген. Ол қазақ кирилл әліпбиінің негізінде шифрлау әдісін ойлап тапқан. Әдістің сыры қарапайым, оны зейін қойып, зерделеген кез келген адам бірден игеріп алуына болады, сөйтіп қажет кезінде құпия тілмен хат жазысу қиын емес дейді Зәбира.
Қазақ әліпбиі негізіндегі шифрдың диаграмма тақтасы. Қарағанды, наурыз, 2009 жыл.


Полибия квадраты мен Виженер кестесі арқылы әріптер өзара қиылысатын 6 және 7 баған бойына орналастырылып, қиылысқан нүктесіндегі 2 сан алынады. Яғни бір әріп 2 санмен шифрланады. Осылайша кез-келген ақпаратты жасыруға болады. Ақпарат алмасушылар бұл тәсілді меңгерсе жеткілікті.

"Осы әдіс арқылы хат жазысуға болады. Арнайы қызметтер,мысалы Ұлттық қауіпсіздік комитеті өз жұмысына қолдана алады, шифрлау әдісін құрбыларым да үйреніп алды. Оқушылар оны СМС хат жазуда қолданып жүр",-дейді Забира Омарова.

Тарихқа жүгінсек, мұндай тәсілді ежелгі жауынгерлер кеңінен қолданған.Мәселен, гректер Александр Македонский жорығының кезінде тұтқиылдан шабуыл жасайтын орындарын бір-біріне дәл осы жолмен білдіріп отырған. Бірақ қазақ әлібиіндегі 42 әріпті  шифрлау әдісін әлемде бірінші болып қарағандылық оқушының ашуы әрине, үлкен жаңалық.

"Жұмыстың ғылыми құндылығы жоғары. Қазақ тілі өркендеп келе жатқан тұста неге қазақ әліпбиі арқылы шифрлау әдісін ойлап таппасқа деп шәкіртіміз екеуміз осындай шешімге келдік. Алғашқы нәтиже жаман алдамаған сияқты,- дейді ғылыми жоба жетекшісі Сәулебек Мақашев.

Қарағандылық тағы бір жас дарын "Дарын" мектебінің оқушысы Дарын Тельман спутниктік байланыстың корпоративті торын құру жобасын жасап шығуға екі жыл уақыт жұмсаған. Корпоративті тор «ҚазСат» ұлттық спутнигі арқылы жұмыс істейді. Әрі ғарыш саласындағы ұйымдардың интернет қызметіне кететін шығынын 2 есеге дейін үнемдейді. Мұның сыртында ақпаратты өте жедел жеткізе алады.
 Ал ең бастысы, тордағы қорғаныс коды өте мықты ойластырылған, ол өзгелердің ішкі жүйеге еніп кетуіне жол бермейді. Жоба құны 10 млн теңге. Бірақ іске қосылса, жоба 3 жылдан кейін нақты жемісін береді дейді өнертапқыш оқушы.

Дарынның жобасын Қазақстандағы ғарыштық саланың  ұйымдары мен өкілдері жоғары бағалап үлгеріпті.

"Үлкен ғалымдар да біздің жобаларымызбен танысты. Олар өздерінің оң бағасын беріп, ақыл-кеңес айтты",- дейді Қарағанды облыстық дарынды балаларға арналған «Дарын» мамандандырылған мектеп-интернатының 11 сынып оқушысы Дарын Тельман.

Сөйтіп қазыналы өңірдің екі оқушысы Зәбира Омарова мен Дарын Тельман ізденгіш, өнертапқыш қабілеттері арқасында ұлттық ғылымға өзіндік үлсе қосумен қатар, жоғарғы оқу ордасына түсіп, білім алу гранттарына ие болды. Бұл гранттар оларға жақында өткен Республикалық оқушылар бәйгесінде берілді.
Бұл форум жабық
Пікірлерді іріктеу
     
Пікірлер
Кімнен: Сансызбай Қайдан: Алматы қаласы
27.03.2009 10:12
Осындай ерекше дарынды балаларды қолдап, қамқорлыққа алу қажет. Ұлтты алға сүйреп, мемлекетті дамыту нақ осындай санаулы дарындардың-ақ қолынан келуі мүмкін.Бірақ біздің қоғамда ондай көзқарас әлі қалыптаспағаны өкінішті.

Кімнен: Ақсұлу Қайдан: Тараз
02.04.2009 14:47
Ой мен қабілеттің жемісі осындай ұлы жаңалықтарды шығаруға көмек көрсетеді.Егер әрбір Қазақстан азаматы, яғни біз ерінбесек, осындай дарындармен теңесер едік.Ал ол біздің еліміздің көркейіп, өсуіне аз септік болмас еді.

Кімнен: АРЕКЕН Қайдан: ЖУМАК МЕКЕН1
02.04.2009 22:54
ДАРЫНДЫ БАЛАЛАР ЕРТЕН АК ЕЛД! САТЫП КЕТЕД! ОДАН ДА АКЫМАК БАЛАЛАР ЖАКСЫ АЙТКАНМЕН ЖУРЕД! БИЛ!ККЕ ТАЛАСПАЙДЫ ЖЕЙТ!Н НАНЫ БОЛСА БОЛДЫ
     
Мәтін көлемі - +