Accessibility links

Қырғызстан азаматтары не үшін Сирияда соғысып жүр?


Сирияда соғысып жүр деген Орталық Азиядан шыққан "жиһадшылар". Фотография Facebook әлеуметтік желісінен алынды. (Көрнекі сурет)
Сирияда соғысып жүр деген Орталық Азиядан шыққан "жиһадшылар". Фотография Facebook әлеуметтік желісінен алынды. (Көрнекі сурет)

Қырғызстан ішкі істер министрлігі өкілі Азаттыққа Сирияға кеткен азаматтар жайлы мекеме зерттеуі жөнінде айтып берді. Оның сөзінше, адамдар соғысқа радикалдық идеология ықпалымен кеткен.

Қырғызстан ішкі істер министрлігінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаменті басшысы Рафик Мамбеталиев «Сириядағы «Ислам мемлекеті» (ИМ) тәрізді террорлық ұйымдарға қосылуға аттанған Қырғызстан азаматтарына ақшалай сыйақыдан гөрі идеологиялық үгіт-насихат көбірек ықпал етеді» дейді.

Азаттықтың Қырғыз қызметіне сұхбат берген Мамбеталиев қырғызстандықтардың радикалдануы және олардың Сириядағы ИМ сияқты экстремистік ұйымдарға қосылуы себебін айтып, «Елге оралған азаматтар қауіпті ме?» деген сұраққа жауап беруге тырысты.

«Біріншіден, оларды Сирияға ақшамен қызықтырып, алдап апарды. Бірақ қазір Сирияға баратын Қырғызстан азаматтары қаржы табуды көздемейді, олар радикалдық идеология ықпалына түскен. Кейбіреулері тіпті әсіредіншілдер сөзіне имандай ұйып, бала-шағасын бірге ала кетеді» дейді Мамбеталиев.

Қырғызстан азаматтарының содырларға қосылуына қаржы табу мақсаты емес, идеология себеп болып тұр дегенімен, Мамбеталиев елдегі әлеуметтік-экономикалық жағдайдың да бұған түрткі болатынын ескертті. Ол «Шетелде жұмыс істеп жүрген көптеген азаматтарымыз әртүрлі діни ұйымдардың шырмауына түседі» дейді.

СИРИЯҒА КЕТКЕНДЕР КІМ?

Мәмбеталиевтің айтуынша, Қырғызстан үкіметі Сирияға кеткендердің ортақ сипаттарын анықтау мақсатында арнайы топ құрған. Топ сарапшылары Қырғызстанның қай аймағының тұрғындары Сирияға көбірек аттанғанын анықтап, сол жерлерге барған.

Қырғызстан ішкі істер министрлігінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаменті басшысы Рафик Мамбеталиев. Бішкек, 26 қаңтар 2015 жыл.
Қырғызстан ішкі істер министрлігінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаменті басшысы Рафик Мамбеталиев. Бішкек, 26 қаңтар 2015 жыл.

Ол «Талдау нәтижесінде Таяу Шығыстағы әскери шараларға қатысуға 200-ге жуық адамның аттанғанын анықтадық. Олардың 125-і өзбек, 23-і қырғыз, 15-і тәжік және басқа этникалық топ өкілдері» дейді. Маманның айтуынша, Сирияға кеткен азаматтардың ішінде 30 әйел бар.

​Мәмбеталиевтің дерегіне қарағанда, Сирияға көбіне Қырғызстанның оңтүстік аймақтары тұрғындары аттанады. Оған Ош облысындағы Қарасу, Араван, Үзген аудандары мен оңтүстік-батыстағы Баткен облысының Қызыл-Қия және Қадамжай қалалары кіреді. Осы өңірлерден аттанғандар Сирияға Түркия арқылы өткен. Бұлардан бөлек, елдің орталық-батысындағы Жалал-Абад облысы Созақ ауданы мен солтүстігіндегі Шу облысы Қара-Балта ауданынан да Таяу Шығыстағы қақтығыс аймағына аттанғандар бар.

Бірақ Сирияға сапарға шыққандардың барлығы Түркия арқылы кетпеген, Ресей, Украина және Грузия арқылы аттанғандар да кездеседі.

«​ЖИҺАДШЫЛАРДЫҢ» ОРАЛУ ҚАУПІ

Мамбеталиевтің айтуынша, Сирияға кеткен Қырғызстан азаматтарының көбі ондағы жағдай туралы нақты білмейді. «Олар жеткен соң өкіне бастайды. Барып алып өкінгеннен не пайда, дегенмен кейбіреулері қашып, Қырғызстанға оралуға тырысады. Қайтқысы келетіндер сот алдында жауап беретіндерін ұмытпауы тиіс. Жақында Сирияда соғысып келген бір азамат төрт жылға бас бостандығынан айрылды» дейді ол.

Бірақ Мәмбеталиевтің сөзіне қарағанда, Қырғызстан үкіметі Сирияда соғысқандардың елге қайтуына мүмкіндік береді. «Тіпті қылмыс жасаған күннің өзінде олар - Қырғызстан азаматтары» дейді ол.

Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің басшысы Бішкекте жаңа заң жобасы дайындалып жатқанын, ол бойынша шетелдегі соғыс қимылдарына қатысқан Қырғызстан азаматтарын жазалау күшейетінін мәлімдеді.

Сирияда соғысып жүрген "жиһадшылар".
Сирияда соғысып жүрген "жиһадшылар".

«Заңды күшейту жұмыстары Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан және Қазақстанда әлдеқашан басталған. Қырғызстанға келсек, біз әлі алдын алу мен түсіндіру жұмыстарын жасап жатырмыз. Экстремизммен күресуді мүлдем жаңа деңгейге көтеруге тиіспіз» дейді Мамбеталиев.

Осы айдың басында Халықаралық дағдарыс тобы жариялаған баяндама бойынша, Тәжікстан мен Қазақстан шетелде соғысуды қылмысқа теңестіретін заң қабылдаған, Өзбекстан 2014 жылдың қаңтарында содырлар жаттығуларына қатысқандарға жазаны күшейтті.

Ал Қырғызстанда терроризмге қарсы заңға ұсынылған түзетулерге әлі қол қойылған жоқ. Баяндама авторлары «Қазақстан мен Өзбекстан елге оралған азаматтарға аяушылық танытпайды, сондықтан Орталық Азияға қайтқысы келетін ИМ жауынгерлері Қырғызстанға оралуы мүмкін» дейді.

(Йоанна Паражчуктің мақаласын ағылшын тілінен аударған - Динара Әлімжан)

XS
SM
MD
LG