Accessibility links

Жәкішевтің қайын атасы әлі реанимацияда жатыр


Қырғыз кәсіпкері Райхан Алханов.
Қырғыз кәсіпкері Райхан Алханов.

Қырғызстан денсаулық министрлігі «Қазатомпром» компаниясының бұрынғы басшысы Мұхтар Жәкішевтің қайын атасы Райхан Алхановтың жағдайы «ауыр, бірақ бірқалыпты» екенін айтты.

Қазанның 28-і күні Қырғызстан ішкі істер министрлігі Райхан Алхановқа жасалған шабуылға байланысты 16 жасар бойжеткен ұсталғанын хабарлады. Дерекке қарағанда, ұсталған адам - Талас облысының тұрғыны қазір тергеліп жатыр.

Министрлік қылмысқа басқа адамдардың да қатысы болуы мүмкін екенін айтты.

79 жастағы қырғыз бизнесмені Райхан Алхановты белгісіз біреулер қазанның 26-сына қараған түні Таластағы үйінде пышақтап кеткен еді.

Қырғызстан денсаулық министрлігінің хабарлауынша, Алхановқа 18 жерден пышақ салған. Министрліктің баспасөз хатшысы Елена Баялинованың айтуынша, облыстық ауруханада оған шұғыл операция жасалған.

– Кәсіпкер Алханов қазір реанимация бөлімінде жатыр. Шабуылдан Алхановтың асқазаны, көкбауыры, ішек, бауыры және басқа органдары зақымданған. Жергілікті дәрігерлер шұғыл операция жасады. Оны әзірше қалаға ауыстыруға болмайды. Халі тұрақты болғанымен ауыр, сондықтан оны бір жаққа апару өте қауіпті, – дейді Елена Баялинова.

Бұл оқиғаға байланысты жергілікті милиция жедел тергеу тобын құрған. Облыстық ішкі істер басқармасының баспасөз хатшысы Мақсат Әбдісейітов:

- Күдіктіні анықтау мақсатында тексеру жүріп жатыр. Тергеу мүддесіне байланысты әзірше басқа мәлімет бере алмаймыз. Анықталса, дереу хабарлаймыз, - деген қазанның 27-сі күні.

Райхан Алханов Талас облысының 70 жылдығын мерекелеуге байланысты қазанның 25-і күні Талас қаласына келген. Мерекелік іс-шаралардан кейін жүргізушісі Алхановты қаладағы үйіне жеткізіп тастаған. Ал таңертең көлік жүргізушісі пышақталған бизнесменді ауруханаға апарған. Қазір қылмысқа байланысты бірнеше болжам тексеріліп жатыр.

Қырғызстанның бай адамдарының бірі Райхан Алханов «Алханов және компания» фирмасын басқарады. Оның Бішкектегі «Дордой» базарының жанында орналасқан жергілікті тігіншілер тіккен киім-кешекті ғана сататын «Алханов» базары да бар. Жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары қауымдастығының атқарушы директоры Фархад Тологоновтың айтуынша, Алхановтың бизнесін көбінесе баласы Шыңғыс басқарады.

– Талай жылдан бері Алхановтар әулетімен бірлесіп жәрмеңке, көрмелер өткізіп жүрміз. «Алханов» базарында тігіншілеріміздің контейнерлері бар, олардың тауарлары шетелге шығарылады. Ол базарға баратын жолды жөндетіп, базардағы саудагерлерге жағдай жасап, жолға ұсақ тас төсетіп, бастырма жасатып берген. Ол жеңіл өнеркәсіп саласы кәсіпорындарына көп көмектеседі, – дейді Фархад Тологонов.

Райхан Алхановтың серіктесі әрі белгілі бизнесмен Асқар Салымбековтің пікірінше, бұл қастандыққа оның бизнесіне көзі түскен біреулердің қатысы болуы мүмкін.

– Ол мәдениет пен спорт саласына қолдау көрсетеді. Ешкімге қарызы жоқ шығар. Саяси оппоненттері де жоқ. Бұл қылмыс оның байлығына қызыққан біреулердің қастандығы деп ойлаймын. Денсаулығын мұқият күтетін, Германияға барып емделетін. Халыққа көмектесуді ғана білетін. Оны талай жылдан бері танимын. Халық үшін, отаны үшін ештеңесін аямайтын жан, – дейді ол.

Райхан Алханов 2010 жылы «Бүтін Қырғызстан» партиясынан парламентке сайлауға түскен. Партия тізімінде бесінші болған.

Алханов – бокстан спорт шебері, бокс және каратэ федерацияларының құрметті президенті, көкпар федерациясының вице-президенті әрі ұлттық олимпиада комитетінің мүшесі.

Азаттықтың Қырғыз қызметінің тілшісі Элеонора Бейшенбекқызының мақаласын аударған – Айжан Оралғазы.

XS
SM
MD
LG