Accessibility links

Шетелдегі блогер қазақ отбасы


Блогер Жанарбек Ақыби. Сурет жеке мұрағатынан алынды.
Блогер Жанарбек Ақыби. Сурет жеке мұрағатынан алынды.

Монғолиялық әуесқой альпинист Жанарбек Ақыбиұлы отбасымен блог жүргізу арқылы балаларына ана тілін үйретуді мақсат тұтқан.

Лашын Жанарбекқызы – Баян-Өлгий аймағының орталығында орналасқан Ікей батыр атындағы №1 мектептің тоғызыншы сыныбында оқиды. Ол үшінші сыныпта оқып жүргенде блог жүргізе бастаған.

«Маған алғаш блог жүргізуді әкем үйретті. Ол кезде қазақ тілді сайттар жоқ десе де болатын еді ғой. Тіпті әлеуметтік желіні де көп ешкім біле бермейтін. Өз жазғанымды өзім оқып мәз болатынмын» деді Лашын Азаттыққа.

Кішкентай блогер wordpress блог-платформасындағы жазбаларынан бөлек қазақ тілді қолданушылардың арасында соңғы жылдары кең тарап бара жатқан Facebook әлеуметтік желісінің интерфейсін қазақ тіліне ерікті аударушы болып жүр.

«Әлеуметтік желідегі әрбір ағылшын тіліндегі термин сөздерді қазақшалап жүрмін. Жақында Facebook желісі қолданатын тілдер бөліміне қазақ тілі қосылды. Қазір 100-ден аса белсенді фейсбукшілер жабылып жүріп 94 %-ын аудардық» дейді ол.

Блогер Жанарбек Ақыби.
Блогер Жанарбек Ақыби.

Лашынға блог жазуды үйреткен әкесі 40 жастағы Жанарбек Ақыбиұлы – Баян-Өлгийдің Сақсай ауылында туған Монғолияға танымал альпинпист. Негізгі мамандығы – дене шынықтыру пәнінің мұғалімі. Жары Ділдә – Монғолия қазақтары арасынан шыққан жазушы Кәкей Жаңжұңұлының қызы.

Жанарбек Ақыбиұлы Азаттық тілшісіне отбасымен бірге блог жүргізуді қалай бастағанын әңгімелеп берді.

ТІЛ ДАМЫТУ ҚҰРАЛЫ

«1990 жылдары Қазақстан өз тәуелсіздігін жариялаған соң екі ел арасындағы мәдени байланыстар тоқырады. Оған дейін «Қазақ әдебиеті», «Жұлдыз» секілді әдеби газет-журналдарды тапсырыспен алып тұратын едік. Енді олар көзден бұлбұл боп ұшты. Балалар өсіп келе жатты. Сосын газет-журнал оқымаса да өз ойларын ана тілінде еркін жеткізе алатын деңгейде болсыншы деген мақсатпен алғаш рет жеке блог жүргізе бастадым. Балаларымды блог жазуға машықтандырдым. Кейін үлкен қызым Сұңқар, одан кейін екінші ұлым Нұрбек, сосын қара танып, хат жаза алатын деңгейге жеткен кезде үшінші балам Лашын да өзінің жеке блогын жүргізе бастады» дейді Жанарбек.

Жанарбек өзін отбасына ғана емес, Монғолиядағы қазақ жастарының осы саламен айналысуына да ықпал тигіздім деп есептейді.

«Өзімізше қазақ тілді блог жазып, блогерлер қатарынан табылуға отбасымызбен талпыныс жасадық. Тіпті өсіп келе жатқан жастарға блог ашып бердік, жөн сілтедік, интернет байланысы бар ауылдарға арнайы семинарлар жасадық» дейді ол Азаттық тілшісіне.

Қазір Ұланбатырда оқитын Сұңқар мен Нұрбек тек жазғы каникул күндерінде ғана блог жазумен айналысады екен.

Сұңқардың бастауыш мектепте оқып жүріп жазған блогтарынан дүниетанымдық пайымдаулары байқалады. Ойын ана тілінде барынша анық жеткізуге тырысқан шеттегі қазақ диаспорасының жас өкілі жазған блогтар уақыт өте келе тіл қолданысы жағынан жақсарып, күрделене түскен. Балалық жазбаларында Сұңқар өрмекшіден қорқатынын, тіс дәрігеріне қалай барғанын, інісінен шахмат ойнаған сайын неге жеңіле беретінін баяндайды. Ал бокспен шұғылданатын Нұрбек wordpress блогында ара-кідік спорттағы жетістіктері мен жақсы көретін қазақ әндерін жариялап отырады.

ҚАЗАҚСТАН АЛЬПИНИСТЕРІН ІЗДЕУ

Балаларын ана тілін үйрету үшін блогқа үйір еткен Жанарбектің өзі блогтары мен әлеуметтік желілердегі постылары арқылы қазақстандық альпинистермен байланыс орнатуға талаптанып келеді. Кавказ, Тянь-Шань мен Алтай тауларындағы бірнеше шыңға шыққан халықаралық дәрежедегі кәсіби тау спортшысы екенін айтқан Жанарбек қазір Монғолияға келетін шетелдік туристерге жолбасшы болып жаз бойы тау-тас аралайды.

Блогер Жанарбек Ақыби. Сурет жеке мұрағатынан алынған.
Блогер Жанарбек Ақыби. Сурет жеке мұрағатынан алынған.

«Жан-тәніммен қазақ елінің таушыларымен (альпинистерімен – ред.) байланысқым келді. 2003 жылы Азия таушылар ұйымы 2-құрылтайында Қазақстанның 6 мың 400 метрлік «Мәрмар қабырғасына» өрлеуді жоспарлады. Міне, қазақ елімен байланыс жасаудың мүмкіндігі осы екенін түсіндім, өз қаржыммен бардым. 6 мың 400 метр биік мұздаққа ізімді қалдырдым» дейді ол.

Моңғолиялық қазақ әуесқой альпинистің тарихи атажұртындағы өзі сияқты спортшылармен хабарласуына көп жағдайда тілдік кедергі бар екені байқалады. Өйткені қазақстандық кәсіпқой және әуесқой альпинистердің ортасы дәстүрлі түрде орыстілді болып келеді. Өз блогтарында Жанарбек альпинизм хикаяларынан бөлек, Моңғолия қазақтарының өмірі мен этнографиялық ерекшеліктерін, Баян-Өлгийдің сұлу табиғатын сипаттайды. «Біздің өлкедегі ең ұзын өзен – Қобда. Жағасын Алтайдың жалаңаш таулары басып жатыр. Бір қызығы осы тауларға табиғат өңді аямай-ақ шашқан. Қане, өздеріңіз көріп жіберіңіздер!» деп жазады ол бір блогында Ховд өзені туралы.

Моңғолияда жарты миллион шамасында интернет қолданушы бар. Үш миллионға жуық халқының басым көпшілігі мал шаруашылығымен күн көретін және шашыраңқы тұратын елде интернет таралымы әлі баяу. Елдің батыс аймағындағы Баян-Өлгий ауданын мекендейтін жалпы саны 100 мыңнан асатын қазақ диаспорасы соңғы жылдары интернетті белсенді түрде игеріп, бірнеше танымал ақпараттық-танымдық вебсайт ашты.

XS
SM
MD
LG