Accessibility links

Назарбаев: Украина ішкі проблемасын өзі шешуі тиіс


Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев.
Бүгін Астанада Қазақстан халықтары ассамблеясының 21 сессиясында сөйлеген ел президенті Нұрсұлтан Назарбаев "Украина халқы тап болған ішкі мәселелерін өзгелердің араласуынсыз, барлық мүдделі тараптардың бейбіт келіссөздер жүргізуі арқылы өздері шешуі тиіс" деп мәлімдеді.

Назарбаев Қазақстан бұл бағытта "белсенді қимылдап" жатқанын айтып, Украинадағы жағдай "әркімді ойландыруы керек" деген.

"Бүгін Украина туралы ақпараттарды жанымыз ауырмай қабылдай алмаймыз. Украина - біздің ТМД-дағы ең жақын серіктеріміздің бірі. Бізді Украинамен ондаған жылдар бойғы өзара ынтымақтастық қатынастыр ғана байланыстырмайды. Екі ел тарихының бір-бірімен ұқсас тұстары да бар" деген Назарбаев.

Украина парламенті 22 ақпанда президент Виктор Януковичті биліктен кетіріп, конституцияға өзгерістер енгізіп, 25 мамырға президент сайлауын белгілеген.

АҚШ және өзге де батыс елдері қолдау білдірген Киевтегі жаңа билікті заңды деп танудан Ресей бас тартты. Украина автономиясында 6 наурызда өткен даулы референдумнен соң түбекті Ресей өзіне қосып алды.

БҰҰ бас ассамблеясы Қырымды Ресейдің аннексиялап алуын айыптайтын қарарды көпшілік дауыспен қабылдады.
XS
SM
MD
LG