Accessibility links

Бас прокуратура "теңге бағамына" қатысты ескертті


Ақша айырбастау пункті алдында тұрған жұрт. Шымкент, 1 тамыз 2014 жыл.
Ақша айырбастау пункті алдында тұрған жұрт. Шымкент, 1 тамыз 2014 жыл.

Қазақстан бас прокуратурасы соңғы күндері ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде тараған "теңге құнсыздануы мүмкін" деген қауесетке байланысты мәлімдеме жасады.

"Аталған хабарлар халық арасында айтарлықтай шу шығарып, ішкі валюта нарығындағы жағдайдың тұрақсыздану қаупін туғызды. Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы 2014 жылғы 23 сәуірде еліміздің қылмыстық кодексіне көрінеу жалған ақпарат таратқаны үшін жауапкершілік белгілейтін норма (242-1 бап) енгізілгенін еске салады. Осыған байланысты уәкілетті мемлекеттік органдардың ресми деректеріне негізделмеген теңге бағамын түзету туралы ақпараттың одан әрі таратылуына жол бермеу туралы ресми түрде ескертеміз" дейді бас прокуратура.

Тамыздың 1-і күні «Қазақстан ұлттық банкі» де теңгенің долларға шаққандағы құны арзандауына негіз жоқ екенін мәлімдеп, «тексерілмеген ақпарат мен сыбыстар таратпауға» шақырған.

Елде валюта бағамына қатысты қауіп кеше, шілденің 31-інде әлеуметтік желілерде үдей бастаған. «Батыс санкцияларының күшеюі Қазақстанның негізгі сауда әріптестерінің бірі Ресейдің қаржылық ахуалына әсер етуі мүмкін» дескен жұрт биыл ақпанда Ресей рублі құлдыраған соң бірден девальвацияға ұшыраған теңге тағы да құнсыздануы мүмкін деп қауіптенген.

Тамыздың 1-і күні бірнеше ірі қаладағы ақша айырбастау орындарында доллар тапшылығы байқалған.

XS
SM
MD
LG