Accessibility links

Назарбаев облыс әкімін не үшін жұмыстан алғанын айтты


Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев биыл жазда Қарағанды облысының бұрынғы әкімі Бауыржан Әбдішевті «жерге қатысты заңсыз іс-әрекеттері» үшін қызметтен босатқанын мәлімдеген. Бұл туралы Назарбаев Қарағанды облысында жұртшылық өкілдерімен кездесуде айтқан деп хабарлайды жергілікті ақпарат құралдары.

Назарбаев биыл көктемде бір топ кәсіпкерден хат алғанын, тексеру нәтижесінде облыс басшылығына қатысы бар бір фирмаға «жалпы аумағы 49 гектар болатын жеті жер телімі бөлінгені анықталғанын» айтқан. Бұдан өзге Қарағандыда «11 жер телімін жеке тұрғын үй құрылысын салуға алып, ештеңе салмастан, қайта сатып жіберген» тағы бір фирма туралы сөз еткен.

«Жаңа қала» жобасын бекіту кезінде әкімдік жер телімдерін шағын және орта бизнес өкілдерінен тартып алу үшін түрлі схемалар ойлап тапқан» деген Назарбаев.

Президент өзі атаған заң бұзушылықтарды соңына дейін тексеруді міндеттеген.

«Осы үшін мен бұрынғы әкімді орнынан алып тастадым, осыны біліп жүріңдер. Мұндай бассыздық болып жатқанда, ол қалайша осында бұйрық беріп отыра береді?!» деген ол.

46 жастағы Бауыржан Әбдішевтің өз еркімен отставкаға кетуге берген өтініші бойынша 2014 жылы 20 маусым күні Қарағанды облысының әкімі қызметінен босатылғаны хабарланған еді. Ол бұл қызметке 2013 жылы қаңтарда президент жарлығымен тағайындалған болатын.

XS
SM
MD
LG