Accessibility links

Канадада атыстан екі адам қаза тапты


Қарулы шабуыл болған маңда жүрген полицейлер. Оттава, 22 қазан 2014 жыл.
Қарулы шабуыл болған маңда жүрген полицейлер. Оттава, 22 қазан 2014 жыл.

Канаданың астанасы Оттава қаласында бүгін жасалған шабуылдан жараланған сарбаз ауруханада қаза тапты.

22 қазанда Оттавада белгісіз қарулы адамдар әскери мемориалда және парламент ғимаратының бірінде оқ атқан еді. Полицияның дерегінше, мылтық 30 шақты рет атылған. Оқиғадан тағы үш адам жараланған.

"Шабуылдаушылар бірнеше адам болған" деген болжам бар. Ол адамдардың бірі оққа ұшқан.

Ақпарат құралдарының куәгерлерге сілтеме жасап хабарлауынша, шабуыл жасаған адам парламенттік ғимараттардың біріне жүгіріп кірген соң ол маңнан да мылтық даусы естілген. Арнайы жасақ ол аумақты қоршауға алған.

Парламент ғимараты жабылып, елдің премьер-министрі Стивен Харпердің қауіпсіз жаққа әкетілгені хабарланды.

Сәрсенбі күні таңертең Канада үкіметі елдегі террористік қауіп артып, орташа деңгейге жеткенін мәлімдеген. Қоғамдық қауіпсіздік министрлігі өкілі мұны "арнайы жасақ өкілдерінің нақты бір адамнан не топтан теракт жасауға дайындалды деп күдіктенуі" деп түсіндірген.

Дүйсенбі күні Сен-Жан-сюр-Ришелье қаласында (Квебек) әлдекім екі сарбазды көлігімен қағып, біреуін мерт еткен. Шабуыл жасаған адамды полиция атып тастаған.

Канада осы айда Батыс елдерінің Ирак пен Сириядағы "Ислам мемлекеті" радикалды тобына қарсы әуе шабуылдарын қолдайтынын мәлімдеген.

XS
SM
MD
LG