Accessibility links

Ұшақ сынықтары тиелген пойыз Харьковке бет алды


Малайзиялық жолаушылар ұшағының сынықтарын жинау жұмыстары. Грабове ауылы маңы, Украина. 16 қараша 2014 жыл.
Малайзиялық жолаушылар ұшағының сынықтарын жинау жұмыстары. Грабове ауылы маңы, Украина. 16 қараша 2014 жыл.

Украинаның шығысындағы ресейшіл сепаратистер бақылауындағы аймақтан малайзиялық Boeing 777 жолаушылар ұшағының сынықтары тиелген пойыз Харьков қаласына жолға шыққаны хабарланды. Нидерланд мамандары есігіне пломб салып бекіткен 12 жүк вагоны мен бір жолаушылар вагоны тіркелген пойыз Донецк түбіндегі Пелагеевка елдімекенінен аттанған.

Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының өкілдері мен голландиялық мамандар осы пойызбен бірге жүр. ТАСС агенттігінің хабарлауынша, өзін өзі жариялаған «Донецк халық республикасының» өкілдері пойызды Ясиноватая темір жол станциясына дейін шығарып салмақ.

Харьковке жеткен соң ұшақ сынықтарын Нидерландқа жөнелтіледі. Ол жақта жүргізіліп жатқан тергеу аясында Украинада табылған сынықтардан ұшақ бөлігін құрастырып көрмекші. Бұған дейін ЕҚЫҰ-ның Украинадағы миссиясының өкілі Майкл Боцюркив Twitter әлеуметтік желісінде «ұшақ бөлшектері Торезден Харьковке жөнелтіледі» деп жазған еді.

Бортында 298 адамы бар, Амстердамнан Куала-Лумпур қаласына бара жатқан малайзиялық Boeing 777 жолаушылар ұшағы шілденің 17-і күні Украинаның шығысына құлап, ұшақта болғандардың барлығы қаза тапқан. Ұшақ апатының себебін тексеру жұмыстары украиналық әскери күштер мен ресейшіл сепаратистер арасындағы ұрыстар салдарынан бірнеше рет бөгелген. Құлаған ұшақта отырған жолаушылардың көпшілігі Нидерланд азаматтары еді.

XS
SM
MD
LG