Accessibility links

Сот ADAM bol-ға қарсы шағымды қанағаттандырды


Adam bol журналының 2014 жылғы қарашаның 20-сында тәркіленген санының мұқабасы. 21 қараша 2014 жыл.
Adam bol журналының 2014 жылғы қарашаның 20-сында тәркіленген санының мұқабасы. 21 қараша 2014 жыл.

Бүгін Алматы қалалық сотының кассациялық алқасы ADAM bol журналының иесі ADAMDAR компаниясын Алматы орталық мешітінің наиб имамы Ерсін Әміреге моральдық шығын өндіру жөніндегі шағымы бойынша бес миллион теңге төлеуге міндеттеді.

Алматы қаласы Медеу аудандық соты қыркүйектің басында Ерсін Әміренің ADAM bol журналындағы материалға қатысты ADAMDAR компаниясының үстінен берген талап-арызын қанағаттандырып, компанияны моральдық шығын ретінде талап етілген бес миллион теңгенің жартысы – 2,5 миллион теңге өндіріп беруге міндеттеген.

Ал қазан айының 27-сінде Алматы қалалық сотының апелляциялық алқасы ADAMDAR компаниясының Медеу аудандық сотының шешіміне берген шағымын қарап, өтемақы көлемін 2,5 миллион теңгеден 500 мың теңгеге дейін азайтқан еді.

ADAMDAR компаниясының өкілі Аян Шәріпбаев Азаттыққа кассациялық соттың бұл шешіміне қатысты шағым беру туралы әлі шешім қабылдамағанын айтты. Ол сот міндеттеген бес миллион теңге «компанияға ауыр тиеді» дейді.

Әміре Ерсін редакцияны журналдың биылғы ақпанның 21-інде шыққан 21-санындағы «Сирия соғысындағы қазақстандық майдан» («Казахстанский фронт сирийской войны») атты мақаласында «жалған мәліметтер жариялады» деп айыптаған еді. Ондағы мәліметтер сотта анықталмады.

ADAM bol журналы басқа іс бойынша да сотқа тартылып жатыр. Өткен аптада Алматы қаласының ішкі саясат басқармасы журнал үстінен «соғысты насихаттады» деп айыптап, шағым түсірген. Басқарма шағымында журналды жауып, оны тіркеуге алу туралы куәлігінің күшін жоюды талап етеді.

Медеу аудандық соты шағым бойынша журнал қызметін тоқтатуға шешім шығарды.

XS
SM
MD
LG