Accessibility links

Қамаудағы редактор сотына журналистер кіргізілмейді


Павлодарда «Версия» газетінің журналистері басылымның қамаудағы бас редакторына қатысты соттың жабық өтетіндігіне наразы. Бүгін, 22 мамырда Павлодар қаласындағы облыстық сотта «Версия» газетінің бас редакторы Ярослав Голышкинді қамауға алу туралы шешім қайта қаралады. 38 жастағы бас редактор 16 мамыр күнгі Павлодар қаласының №2 сотының өзін 2 айға қамау туралы үкіміне қатысты аппеляциялық шағым түсірген.

Бас редактор әріптестерінің Азаттыққа хабарлауынша, облыстық соттың баспасөз хатшысы өздеріне хабарласып, «сот отырысы жабық жағдайда өтетінін, журналистер кіргізілмейтіндігін» айтқан.

- Менің білуімше, сот басталып, судья журналистерге неліктен соттың жабық өтетіндігін айтып, шығарып жіберуі керек қой. Ал бізге түсте болатын сотқа келмеңдер деп осы бастан ескертіп отыр, - дейді «Версия» журналисі Альфия Ташимова.

Оның сөзінше, бұл отырысқа өзге де журналистер баруға ниет білдірген, алайда барлығына баспасөз хатшысы процесстің жабық өтетінін айтқан.
Павлодар облыстық сотының баспасөз хатшысы Рауан Бейілхожин бұл ақпаратты растап отыр.

- Материал Ұлттық қауіпісздік комитетінің материалы. Сондықтан да сот мәжілісі жабық түрде болады. Журналистерді кіргізбейді. Өйткені тергеу амалдарына қатысты ішінде кейбір құпия деректер айтылады. Сондықтан осындай шешім қабылданып отыр, - деді баспасөз хатшысы.

38 жастағы Ярослав Голышкин «Павлодар облысының әкімі Қанат Бозымбаевтан ақша талап ету ісі» бойынша тергеліп жатыр. Әріптестерінің сөзінше, ақпан айынан бері Павлодарда «облыс әкімі Қанат Бозымбаевтың ұлы қыз зорлады» деген сыбыс шыққан. Бұл ақпарат ресми түрде расталмаған соң, Голышкин журналистік зерттеу жасаған. Журналист зорлық оқиғасына қатысты бір қызбен сұхбаттасып, оны видеоға түсірген. Голышкинге мәлімет жинауға көмектескен адамдар кейін Қанат Бозымбаевтан ақша талап еткен. Бопсалауға қатысты қылмыстық іс қозғалып, әуелі журналист бұл істе куәгер болып танылған. Енді ол күдікті ретінде қамауға алынды.

XS
SM
MD
LG