Accessibility links

The Guardian: Гуантанамо тұтқыны Қазақстанда қайтыс болған


АҚШ-тың Гуантанамо түрмесінің 6-кэмпінен көрініс. 5 наурыз 2013 жыл.
АҚШ-тың Гуантанамо түрмесінің 6-кэмпінен көрініс. 5 наурыз 2013 жыл.

Қазақстанда АҚШ-тың Гуантанамо базасындағы әскери түрмесінен босап келген Йемен азаматы Әсім Табит Абдалла әл-Халаки мамырдың 7-і күні қайтыс болған. Бұл туралы Ұлыбританияның The Guardian («Гардиан») басылымы хабарлады.

Газеттің жазуынша, Гуантанамоның бұрынғы тұтқыны сириялық Әбу Уайел Дхиаб өзінің досы әл-Халакидің өліміне бүйрек дерті себеп болғанын хабарлаған.

Әл-Халакидің қайтыс болғаны туралы ақпаратты АҚШ қорғаныс министрлігі мен мемлекеттік департаменті жұма күні растады деп жазады The Guardian.

Былтыр желтоқсан айында АҚШ билігі Гуантанамодағы әскери түрмеден босатып Қазақстанға жіберген бес тұтқынның бірі Әсім Табит Абдалла әл-Халаки 2001 жылы әл-Қайда ұйымына қарасты әскери жасақпен байланысы болуы мүмкін деген күдікпен Пәкістанда ұсталған. 2002 жылдың қаңтарынан бастап Гуантанамо базасындағы әскери түрмеде қамауда болған.

Әл-Халакимен бірге былтыр желтоқсанда Гуантанамодан Қазақстанға жіберілген төрт адамның екеуі – Йемен, екеуі – Тунис азаматы екені хабарланған.

XS
SM
MD
LG