Accessibility links

«Мемориал»: Екатерина Харебава - саяси тұтқын


«Мемориал» құқыққорғау орталығының белгісі.
«Мемориал» құқыққорғау орталығының белгісі.

«Мемориал» құқыққорғау орталығы Ресей түрмесінде сот жазасын өтеп жатқан Екатерина Харебаваны саяси тұтқын деп таныды.

Краснодар аймақтық сотының 2014 жылғы қарашадағы үкімімен «тыңшылық» айыбы бойынша алты жылға қамау жазасына кесілген Екатерина Харебаваның апелляциялық шағымын биыл наурыз айында Ресей жоғарғы соты қанағаттандырмай тастаған.

Сочи базарында сатушы болып істеген Екатерина Харебава 2008 жылы тамызда ресейлік әскерилердің қозғалысы жөнінде Грузия әскери өкіліне хабарлап, «мемлекеттік құпия деректі беріп, Ресей мүддесіне нұқсан келтірген» деп айыпталған.

Құқыққорғаушылар мәлімдемесінде, Харебава берген деректердің мемлекеттік құпия болып табылатыны жайлы қылмыстық іс материалдары мен әскери сарапшылардың қорытындыларында әскери техниканың жұрт көзінше ашық түрде кетіп бара жатқаны қалайша мемлекеттік құпия болып табылатындығына түсініктеме берілмегені айтылған.

Құқыққорғаушылардың пікірінше, Харебаваның үстінен қылмыстық істің арада төрт жыл өткенде қозғалуы бұл істің саяси сипаты барын көрсетеді. «Харебава ісі» – 2014-2015 жылдары Ресейде қылмыстық заңнаманың «мемлекетке опасыздық жасау» және «тыңшылық» баптары бойынша қозғалған тізбекті істердің алғашқысы. Айыпталғандар арасында Светлана Давыдова, Владимир Голубев, Евгений Петрин, Сергей Минаков және басқалардың Ресейді сыртқы елдерден оқшаулап, басқа мемлекеттерге қыр көрсетіп отырған қазіргі биліктің қудалау саясатының құрбаны екенін айқын аңғартады делінген «Мемориал» мәлімдемесінде.

Құқыққорғау орталығы түрмеде отырған Екатерина Харебаваның ісін дереу қайта қарап, оны тұтқыннан босатуды талап еткен.

XS
SM
MD
LG