Accessibility links

«Щебсклад» саяжайында бірнеше үйді бұзды


«Щебсклад» саяжайы тұрғындары жолды жауып тұр. Астана, 24 мамыр 2015 жыл. Фото авторы – Алмас Мақсұт.
«Щебсклад» саяжайы тұрғындары жолды жауып тұр. Астана, 24 мамыр 2015 жыл. Фото авторы – Алмас Мақсұт.

Бүгін Астанадағы «Щебсклад» саяжайындағы құрылысы бітпеген бес үйді билік өкілдерімен келген техника бұзды деп хабарлады жергілікті тұрғындар. Олардың бірі Ғалия Мұхамбетованың айтуынша, үйлерді бұзу таңертеңгі сағат 11-лер шамасында басталған. Ол саяжайда полиция мен әкімдік өкілдері жүргенін айтты.

– Үйлерді бұзған кезде төрт адам зардап шекті. Мұнда ОМОН, полиция, әкімдік адамдары жүр. Үйді сүру туралы бізге ешқандай құжат көрсеткен жоқ, олар бізді ОМОН-мен қорқытпақшы, алты автобус әкеп қойды, - деді Ғалия Мұхамбетова.

Белсенді Болатбек Біләловтың сөзінше, бес үйді арнайы техниканың көмегімен бұзған.

– Ол үйлерге адамдар әлі қоныстанбаған, бірақ қабырғасы мен шатыры бар болатын. Әкімдік бұл үйлер заңсыз салынған дейді, бірақ ешқандай құжат көрсеткен жоқ. Мұнда тұратын адамдар үйлерді бұзуды тоқтату баррикада тұрғызды, - дейді Болатбек Біләлов.

«Щебсклад» саяжайы тұрғындары Азаттық тілшісіне жіберген видеода арнайы топтың бірнеше ондаған қызметкері жанында жиырма шақты адам тұрған үйлердің біріне бара жатқаны, кейін оларды әлгі жерден мәжбүрлеп алып кеткені бейнеленген.

Мамырдың 20-сы күні «Щебсклад» саяжайының ондаған тұрғыны Астана қалалық әкімдігі алдына жиналған. Қала әкімінің орынбасары Сергей Хорошунмен кездесіп шыққан соң олар билік өкілі өздеріне арнайы комиссия құрып, оның жұмысы бітпейінше, саябақтың сүрілуін тоқтатуға уәде бергенін айтқан.

Астана билігінің жоспары бойынша, «Щебсклад» саяжайындағы 160-тай үй «мемлекет қажеттілігі» үшін сүрілмек. Тұрғындар өздеріне ұсынылған өтемақыны азсынып отыр.

XS
SM
MD
LG