Accessibility links

Ресей Украинаға газ бағасын 40 долларға арзандатпақ


Ресей премьер-министрі Дмитрий Медведев.
Ресей премьер-министрі Дмитрий Медведев.

Ресей премьер-министрі Дмитрий Медведев Украинаға сататын газ бағасын 1 мың текше метрі үшін 247 АҚШ долларына дейін арзандатуды ұсынды.

Медведев 29 маусымда Мәскеуде "Газпром" басшысы Алексей Миллермен және Ресей энергетика министрі Александр Новиковпен кездесуінде әлемде энергетикалық шикізат бағасының арзандауына байланысты шілде-қыркүйек айларында Украинаға сататын газ бағасы 40 АҚШ долларына арзандайтынын айтты. Бірақ ол газдың бұдан кейінгі бағасы әлемдік көмірсутегі шикізаты бағасының құбылуына тәуелді болатынын ескертті. Оның сөзінше, Украинаға сататын газ бағасы Польша сияқты көршілес елдерге сататын бағамен бірдей.

Дмитрий Медведев газ бағасының Киевтің өтініші бойынша арзандатылғанын баса айтты. "Қарым-қатынасымыздың күрделілігіне қарамастан, біз серіктерімізге көмектесуге даярмыз" деді Ресей премьері.

Ресей мен Украина 30 маусымда Брюссельде Еуропа Одағының арағайындығымен газға қатысты келіссөз өткізеді. Медведев Мәскеу газ бағасының арзандауына қатысты Киев пен Брюссельден "тиісті жауап" күтетінін айтты.

XS
SM
MD
LG