Accessibility links

Савченконың кінәсі жоғына жаңа айғақтар ұсынылды


Ресейдің Ростов облысы Донецк қалалық соты ғимараты.
Ресейдің Ростов облысы Донецк қалалық соты ғимараты.

Украиналық ұшқыш Надежда Савченконың қорғаушылары оның кінәсіздігін дәлелдейтін жаңа айғақтарды жария етті. Савченконың адвокаты Илья Новиков Facebook парақшасындағы жазбасында, украиналық ұшқышты ұстаған кезде сепаратистер арасында болған Лутугино қаласының «халық губернаторы» Егор Русский түсірген видеода көрсетілген уақыт шындыққа сай еместігін дәлелдейтін сараптама қорытындысы Киевтен жеткені туралы айтады. Сараптама қорытындысы ресейлік журналистер қаза тапқан сәтте Савченконың украиналық артиллерияға нысана орнын сілтеп, хабар бермегенін дәлелдейді деп жазады адвокат.

Сонымен бірге, Новиков екі мобильдік байланыс операторлары мамандарына жіберген сауалына да жауаптар алғанын, олар бойынша журналистер қаза тапқан кезде Савченконың тергеу құжаттарында көрсетілген тұста емес, нақты қай жерде болғанын анықтауға болатынын айтады.

Шілденің 30-ы күні Ресейдің Ростов облысы Донецк қалалық соты Савченкоға қатысты сот өтетін орынды анықтау үшін сот материалдарын облыстық сот қарауына жіберу туралы оның адвокатының өтінішін қанағаттандырған. Қорғаушылар «Донецк қаласында әділетті сот тыңдауын өткізуге жағдай жасалмаған» деп, сот отырысын Мәскеуде өткізуді сұраған.

Ресей тергеу орындары Надежда Савченкоға Украинаның Донецк облысында ресейлік екі журналистің қазасына қатысы бар және шекарадан заңсыз өткен деген айыптар таққан. Надежда Савченко журналистер қазасына қатысы жоғын мәлімдеп, өзін сепаратистер ұстап, Ресейге заңсыз әкелгенін айтады.

XS
SM
MD
LG