Accessibility links

"Укрэнерго": Қырымға электр тоғы әлі берілмейді


Қырымда білте шам жарығымен кешкі ас ішіп отырған адам. (Көрнекі сурет.)
Қырымда білте шам жарығымен кешкі ас ішіп отырған адам. (Көрнекі сурет.)

Украиналық белсенділер дүйсенбі, 30 қарашаға дейін Херсон облысындағы электр желісін қалпына келтіру жұмыстарын аяқтауға барған жұмысшыларды ол жерге жібермейтіндерін айтып отыр. Сондықтан, Ресей аннексиялап алған Қырым түбегіне Украинадан электр қуаты әлі екі күн бойы берілмейді деп хабарлады «Укрэнерго» компаниясы.

Украина аумағынан баратын электр қуатынан ажыраған Қырымда өткен жексенбіден бері төтенше жағдай жарияланып, жарық беру шектелген. Электр қуатының тапшылығынан мектептерде «кезектен тыс каникул» тағы бір аптаға ұзартылған. Керчте көптеген үйлерде электр жарығы тек бес тәуліктен соң пайда болғаны хабарланды.

Жұма күні Қырым басшысы Сергей Аксенов Ресейдің Краснодар өлкесін Қырыммен жалғайтын «электр қуаты көпірі» бұған дейін жоспарланғандай желтоқсанның соңында емес, осы айдың 5-6 күндері іске қосылып қалуы мүмкін деп мәлімдеген. Қырымның ресейшіл билігі «көпір» Украинадан келетін электр желісінен ажыратылғаннан соң түбекте пайда болған проблеманың көп бөлігін шешуге мүмкіндік береді деп санайды.

Қырым түбегіне электр қуатын беру қарашаның 22-іне қараған түні Украинаның Херсон облысындағы үлкен электр бағандарында болған жарылыс салдарынан тоқтап қалған. Электр желісін қалпына келтіру жұмыстарына бөгет қойған украиналық және қырым татарлары белсенділері Қырымдағы саяси тұтқындарға бостандық беруді талап етіп отыр.

XS
SM
MD
LG