Accessibility links

Рудныйда азаптау жайлы шағым иесі қайтыс болғаны хабарланды


Расим Байрамов (ортада), оның адвокаты Снежанна Ким (сол жақта) Қазақстан адам құқығы бюросының Қостанай облыстық филиалының жетекшісі Анастасия Миллер. Қостанай. 12 ақпан, 2015 жыл.
Расим Байрамов (ортада), оның адвокаты Снежанна Ким (сол жақта) Қазақстан адам құқығы бюросының Қостанай облыстық филиалының жетекшісі Анастасия Миллер. Қостанай. 12 ақпан, 2015 жыл.

Қостанай облысы Рудный қаласында тұратын Расим Байрамов бүгін қайтыс болған. Бұл туралы қостанайлық адвокат Снежанна Ким Facebook әлеуметтік желісіндегі парағында хабарлады. Байрамовтың неден және қандай жағдайда қайтыс болғаны туралы әзірше толыққанды ақпарат жоқ.

Бұдан бірнеше жыл бұрын түрмеден босап шыққан Расим Байрамов 2014 жылы желтоқсанда БҰҰ-ның азаптауға қарсы комитетінің қаулысы негізінде облыстық ішкі істер департаментінен моральдық өтемақы өндіру ісіне қатысты сотта жеңіп шыққан еді. Сол жолы Қостанай қалалық соты талапкердің арызын ішінара қанағаттандырып, оған өтемақы ретінде жүз мың теңге төлеу туралы шешім шығарған. Қостанайлық құқыққорғаушылар прокуратурадан Байрамовты азаптау туралы іс бойынша кінәлілерді жауапқа тартуды сұрап, әлі күнге дейін әділетке қол жеткізе алмай жүргендерін айтады.

2014 жылы мамырда БҰҰ-ның азаптауға қарсы комитеті Расим Байрамовтың шағымына қатысты шығарған қаулысында сот оны тергеу кезінде азаптау арқылы алынған «мойындауы» негізінде соттағандықтан, тартқан азабы үшін жәбірленуші тиісті өтемақы алуға және ақталуға құқылы екенін атап көрсеткен. Расим Байрамов 2008 жылы дүкеннен ақша мен үш бөтелке сыра ұрлады деген айыппен бес жылға сотталған. Үш жылдан кейін шартты түрде мерзімінен бұрын босап шыққан ол өзін полицейлер азаптап, «қылмысын мойындатқанын» айтып, шағым түсірген.

XS
SM
MD
LG