Accessibility links

Қазақстаннан демократия іздеген мақала мысқылға ілікті


Кезектен тыс президент сайлауында Нұрсұлтан Назарбаевқа дауыс беруге шақырған баннердің жанынан өтіп бара жатқан жас жігіт. Алматы, 21 сәуір 2015 жыл.
Кезектен тыс президент сайлауында Нұрсұлтан Назарбаевқа дауыс беруге шақырған баннердің жанынан өтіп бара жатқан жас жігіт. Алматы, 21 сәуір 2015 жыл.

АҚШ-та Salon сайты жариялаған «Қазақстандағы сайлаудың ұтымды тұстарынан АҚШ үлгі алғаны жөн» деген сарындағы мақала өзге басылымдардың сынына қалды.

Сәуірдің 27-сі күні Американың Salon жаңалықтар сайты «Біздің әлжуаз демократиямыз Қазақстаннан үйренгені жөн: қалған әлемге тағы бір Буш-Клинтон додасы сайлау еркіндігінің үлгісі бола алмайды» деген мақала жариялады. Оның авторы – Пенсильвания мемлекеттік университетінің халықаралық қатынастар және салыстырмалы әдебиет профессоры София МакКленненнің мәлімдеуінше, жалпақ жұртқа жария болған көптеген кемшіліктерге қарамастан, Қазақстанда өткен сайлаудың Америкаға «үлгі болатын» ұтымды тұстары да бар.

«Батыс баспасөзі бұл сайлауды қазақстандық жүйенің бүкіл кемшілігін көрсету мүмкіндігі ретінде пайдаланды. Бірақ, батыс баспасөзі Орталық Азиядағы бұл елді «Борат» фильміндегі сияқты тағы кемсітіп жатқан жоқ па?» деп жазады София МакКленнен.

SALON МАҚАЛАСЫ

АҚШ-тың Salon сайтындағы мақалада «мемлекет басшысы басымдықпен жеңетін елдердегі сайлауларды нағыз демократиялық сайлау деп айтуға келмейтіні» айтылып, Нұрсұлтан Назарбаевтың билікте ұзақ отырғаны және президенттікке шектеусіз мәрте сайлану құқығына ие болу үшін конституцияны өзгерткені көрсетілген. Бұған қоса, «елдегі БАҚ-тың көбі елбасы ретінде оған көбірек назар аударады да, өзге кез келген кандидаттың қоғамнан үлкен қолдау табуы өте-мөте қиын» екендігі жазылған.

Нұрсұлтан Назарбаев кезектен тыс президент сайлауындағы жеңіске жету құрметіне арналған концертте. Оның арғы жағында үлкен қызы, парламент мәжілісінің вице-спикері Дариға Назарбаева тұр. Астана, 27 сәуір 2015 жыл.
Нұрсұлтан Назарбаев кезектен тыс президент сайлауындағы жеңіске жету құрметіне арналған концертте. Оның арғы жағында үлкен қызы, парламент мәжілісінің вице-спикері Дариға Назарбаева тұр. Астана, 27 сәуір 2015 жыл.

«Сондықтан бұл демократияға онша қатты ұқсамайды» деген София МакКленнен әйткенмен Қазақстандағы сайлау жүйесінің «ұтымды тұстары» барын жазған. Автор оған мысал ретінде президент сайлауына түсетін кандидаттардың қазақ тілінен сынақ тапсыруын, сайлауалды үгіт-насихат науқанын 30 күнмен шектеуді, оған көп қаржы жұмсауға жол бермеуді және кандидаттарды мемлекет есебінен қаржыландыруды атаған.

МакКленненнің пікірінше, сайлау науқанының соңғы күні үгіт-насихат жүргізуге тыйым салу сайлаушылардың ойланып, дұрыс шешім қабылдауына мүмкіндік береді, ал жұмыс күні емес, демалыс күні өткізілген сайлауға жұрт көбірек қатысады. Баспасөз еркіндігі жайлы ол «АҚШ баспасөзі қанша еркін болғанымен, бәрібір бақыланатыны анық» деп көрсетеді.

Автордың сөзінше, Қазақстан – Орталық Азиядағы экономикасы ең ірі әрі ең дамыған ел. Ол «2013 жылы АҚШ халқының 14,5 пайызы, ал Қазақстан халқының 5,3 пайызы ғана кедейлік шегінде өмір сүрген» деп жазады. Оның айтуынша, «соңғы жылдары АҚШ-тағы президенттікке талас көбінесе Джордж Буш пен Билл Клинтон әулетінің арасында жүріп жатқанын ескерсек, екі әулеттің биліктегі мерзімі тиісінше 20 немесе 16 жылға жсетуі мүмкін».

«ДЕМОКРАТИЯҒА ҮЙРЕТПЕЙ-АҚ ҚОЙСЫН»

Salon сайтының мақаласы бірден реакция тудырды. Сәуірдің 28-і күні New York Magazine журналында «Ақыры Salon сайтында Қазақстанның сайлау жүйесін қорғаштаған мақала шықты әрі бізді қатты қайран қалдырды» деген мақала жарияланды. Оның авторы – Джонатан Чейт Human Rights Watch құқық қорғау ұйымы есебінен адам құқын бұзу фактілерін келтіріп, Софии МакКленненнің уәж-дәйектерін жоққа шығарған.

Әлеуметтік қызметкер (сол жақта) қарттар үйіндегі егде адамға кезектен тыс президент сайлауында дауыс беруге көмектесіп тұр. Азаттық тілшісінің суреті. Алматы, 26 сәуір 2015 жыл.
Әлеуметтік қызметкер (сол жақта) қарттар үйіндегі егде адамға кезектен тыс президент сайлауында дауыс беруге көмектесіп тұр. Азаттық тілшісінің суреті. Алматы, 26 сәуір 2015 жыл.

Джонатан Чейт «Біз олардың сайлауын жаппай репрессиялық алаяқтық деп санаймыз, бірақ Батыс өкілдеріне ашық пікір білдіруге батылы жететін қазақстандықтар біздің сайлауларды да солай бағалайды. Мұнда кімнің дұрыс, кімнің бұрыс екенін кім шешеді?» деп жазған.

Сәуірдің 29-ы күні Forbes журналы сайтында Ресей экономикасы мен демографиясы жөніндегі сарапшы Марк Адоманистің «Ғафу ет, Salon, бірақ Қазақстан бізді демократияға үйретпей-ақ қойсын» деген мақаласы жарияланды. Софии МакКленненнің мақаласын «нағыз ақылға қонбайтын публикация» деп атаған автор Қазақстан мен АҚШ-тағы еркін сайлау өткізу, билік ауысу кестесін салыстырып, екі елдегі президенттердің билікте қанша жыл отыратынын көрсеткен.

«Бір қызығы, Қазақстан – адам құқығы ахуалы Ресейден де нашар, салыстырмалы саясаттану тілімен айтқанда, сұлтандық диктатура орнаған ел екенін мақала авторы [Софии МакКленнен] ұмытып кеткен. Қысқасын айтқанда, бұрын-соңды демократияның жұрнағы да болмаған Қазақстан бізді демократияға үйретпей-ақ қойсын» деп жазған Марк Адоманис.

XS
SM
MD
LG