Accessibility links

Қабарда-Балқарда «жиһадшыны» соттамақ


Азаматтарды бақылап тұрған ресейлік полиция.(Көрнекі сурет)
Азаматтарды бақылап тұрған ресейлік полиция.(Көрнекі сурет)

Ресейдің Солтүстік Кавказдағы республикасы Қабарда-Балқарда қарашаның 24-і күні «Сириядағы содырларға қосылып, соғысқа қатысты» деп айыпталған 22 жастағы жігіттің соты басталды.

Мұрат Нагоев есімді жігіт болжам бойынша, 2012 жылдың қазанында Сирия үкіметіне қарсы соғысу үшін сол жаққа аттанған. Қабарда-Балқар билігінің мәлімдеуінше, Нагоев алдымен Египетке барған, одан әрі Түркияға өтіп, Сириядағы шайқасқа қатысу үшін 3 мың АҚШ доллары мөлшерінде ақша алған.

Нагоев расымен қақтығысқа 2012 жылдың қазанында барып қатысса, Солтүстік Кавказдан Сирияға аттанған содырлардың алғашқы легімен бірге кеткен болып шығады. Сирияда жүрген «шешен» сарбаздар (Солтүстік Кавказдың кез-келген бөлігінен барған содырларды көбіне осылай атайды) туралы ақпарат 2012 жылдың жазында тарай бастады. «Ислам мемлекеті» (ИМ) террорлық ұйымының командирлерінің бірі Умар Шишани туралы тұңғыш дерек 2012 жылдың қыркүйегінде жарияланды.

Нагоев та басқа солтүстіккавказдықтармен бірге Сирияның Алеппо провинциясындағы Умар Шишанидің «Катаиб әл-Мухаджирин» тобында болуы мүмкін. Ресейлік ақпарат құралдары Нагоевтің Қабарда-Балқардағы үйіне қашан оралғанын жазбайды.

СИРИЯДАҒЫ ЧЕРКЕСТЕР

Нагоевтің сотына дейін Қабарда-Балқар азаматтарының Сирияда соғысқаны, кем дегенде біреуінің елге оралып, Солтүстік Кавказдағы қарулы топтарға қосылғаны туралы дерек тараған. Ол топтардың ИМ-ге қатысы болуы да ғажап емес.

Маусым айында шешен сарапшысы Майрбек Ватчагаев Ресейдің федералдық қауіпсіздік қызметі (ФСБ) Қабарда-Балқарда терроршыларға қарсы операция жүргізіп, бірнеше сарбазды өлтіргенін хабарлады. Олардың бірі этникалық қабарда (черкес), «Әмір Адам» деген лақап атпен танылған Адам Хабижевич Шигалугов еді. «Әмір Адам» Шешенстанда да, Сирияда да соғысқан. ФСБ оны «Сириядағы соғысқа қатысуы мүмкін» деп іздеуге кіріскен.

«Бұл - биліктің Сириядағы соғысқа қатысушылардың елге оралуына кедергі жасай алмағанын көрсетеді. ФСБ үшін жаман нышан. Егер Ресейге бір адам қайтып келсе, соғысқа қатысып, тәжірибе жинаған тағы ондаған содыр да келеді деген сөз» деп жазады Майрбек Ватчагаев.

Қабарда-Балқар картасы.
Қабарда-Балқар картасы.

Маусым айынан бері Қабарда-Балқардың Сириядағы соғысқа қатысып жүрген басқа да тұрғындары туралы дерек тарап жатыр. Олардың ішінде ислам дінін жаңадан қабылдағандар да бар.

Осы республиканың 31 жастағы тұрғыны Нагоев болжам бойынша, Сирияға Египет пен Түркия арқылы барған. Оның Сирияда соғысып жүргені анасының соңынан барып, елге алып келмек болған әрекетінен соң жария болды. Кейін оның шын аты – Роман, бұрын христиан дінінде болған, ислам дінін қабылдаған соң атын «Рамазан» деп өзгерткен деген мәлімет тарады.

Сирия мен Қабарда-Балқар арасында тарихи байланыс та бар. 1860 жылдардың басында Сирияға бір қауым черкес ауып барған. Олар 1864 жылғы орыс-черкес соғысынан соң, туған мекендерін тастап, Сирияға көшкен.

Сирияда азамат соғысы басталғанда (2011 жылы көктемде – ред.) этникалық черкестердің көбі Сириядан қашып шығуға тырысты. Қабарда-Балқардағы черкестердің тарихи отанына оралуын қолдаумен айналысатын ұйымының дерегіне қарағанда, осы уақыт ішінде Сириядан елге мыңнан аса черкес оралған. Бірақ «Қабарда-Балқар билігі сириялық черкестерді дұрыс қабылдамады» деген шағымдар да айтылды.

Сириядағы этникалық черкестердің біразы азамат соғысына қатысты. Жақында Латакия провинциясында «Жамағат Жунуд әл-Гаугаз» (бірнеше этникалық Кавказ топтары біріккен «Кавказ сарбаздары» жасағы - ред.) тобы құрылды.

(Йоанна Паражчуктың мақаласын ағылшын тілінен аударған – Динара Әлімжан).

XS
SM
MD
LG