Accessibility links

Внуковода бомба туралы әзілдеген тәжік ұсталды


Мәскеудегі Внуково әуежайының кіре берісі. Көрнекі сурет
Мәскеудегі Внуково әуежайының кіре берісі. Көрнекі сурет

Мәскеудегі Внуково әуежайының аэровокзал кешеніндегі күзетшілерге "қалтамда бомба бар" деп қалжыңдаған тәжік жігіті қамауға алынды.

Мәскеудегі Тәжікстан елшілігі ресейлік құқық қорғау органдары қызметкерлері тұтқындаған 20 жастағы тәжік азаматына қатысты істі бақылауға алғанын хабарлады. Дипломатиялық өкілдіктің мәліметінше, Тәжікстанның оңтүстігіндегі Чиликул ауданының тұрғыны Внуково әуежайының аэровокзалы кешенініне кіреберістегі қауіпсіздік қызметінің бақылауынан өтерде бомба туралы әзілдеген.

Ұсталған азамат әуежайға өзінің отандасын шығарып салуға келген. Ол аэровокзал кешеніне кіреберісте жүктері мен қол жүгін тексеріп жатқан қауіпсіздік қызметі өкіліне қалтасында бомба барын айтқан.​

«Екінші қайтара сұрағанда ол тағы да дәл солай жауап берген. Сол себепті әуежай қызметкерлері нұсқаулық бойынша әрекет етіп, жас жігітті ұстаған» дейді Тәжікстан елшілігінің өкілі Мухаммад ​Эгамзод. Ол жас жігіттің ісіне қатты өкініп отырғанын да айтты.

Әзілкеш жігітке қарсы қылмыстық іс қозғалып, оны алдын ала тергеу камерасына жапқан. Қамаудағы жігіттің бұлай істеуіне не себеп болғаны анықталып жатыр. Тергеушілердің жас жігіттің әркетін «жай әзіл» деп бағалайтынына үміттенген оның отбасы адвокат та жалдады.

Ресей заңдары бойынша қоғамға қауіп төндіретін әзіл немесе жалған ақпарат таратқан адамдар қылмыстық жауапқа тартылады. Ресей қылмыстық кодексінің 207-бабына сәйкес, Тәжікстанның ұсталған азаматына не 200 мың рубль әлде 18 айға дейінгі айлық жалақысы көлемінде айыппұл, не 480 сағатқа дейінгі міндетті жұмыс, не бір жылдан үш жылға дейінгі түзеу жұмыстары, не үш жылға дейін міндетті еңбекке тарту, не үш айдан алты айға дейін немесе үш жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қолданылуы мүмкін.

«Бұл жағдай Ресейде жүрген Тәжікстанның барлық азаматтарына, әсіресе заңдық білімі жеткіліксіз жас жігіттер үшін сабақ болуы тиіс» дейді Эгамзод.

Бұл Ресейде тәжік азаматтарының мұндай әзілдері үшін алғашқы ұсталуы емес. 2013 жылы Санкт-Петербургте жас тәжік азаматы "Пулково әуежайында бомба бар" деп телефон арқылы хабарлаған. Полиция жолаушыларды аэровокзал кешенінен эвакуациялап, ақыры ол хабардың жалған екенін анықтаған. Ұсталған жігіт Душанбеге баратын ұшаққа кешіккендіктен рейсті осылай тоқтатпақ болғанын айтқан.

Былтыр Екатеринбургте сауда орталықтарының бірінде жарылғыш зат барлығы туралы ақпарат таратқан тәжік азаматы ұсталған. Қолға түскен жас жігіт әрекетін өзін бұрын ұстаған полицейлерден кек алуым деп түсіндірген.

XS
SM
MD
LG