Accessibility links

«Басқыншының» ролигі Ресей империализмін мадақтайды


«Мен - орыс басқыншымын» аталатын видеороликтен алынған скриншот.
«Мен - орыс басқыншымын» аталатын видеороликтен алынған скриншот.

«Мен - орыс басқыншымын» аталатын жаңа видеоролик Ресейдің көрші елдерге жасаған басқыншылығын ақтайды және әлемге [Ресейдің ісіне] «араласпа» деген ескерту жасайды.

Интернетте Ресейдің көрші елдерге жасаған басқыншылығын мадақтайтын соғысқұмар ролик пайда болды. Онда Ресейдің көрші елдерді басып алуын «өркениет орнату» деп сипаттап, әлемге [Мәскеудің ісіне] «араласпауды» ескерткен.

«Мен - орыс басқыншымын» деп аталатын роликті ақпанның 27-сінен бері үш миллионнан астам адам қараған.

Роликті әлеуметтік желіге алғаш салған – «Евгений Журов» атты Новосибирск тұрғыны. Бірақ бұл ролик бұқара назарын Ресей премьер-министрінің орынбасары, Ресейдің НАТО-дағы бұрынғы елшісі, Батысқа қарсы пікірлерімен танылған Дмитрий Рогозин Twitter парақшасына жариялаған соң аударды.

«АРАЛАСПА!»

Екі жарым минуттық ролик компьютерлік анимация мен сызбаларды қолдана отырып жасалған. Онда Ресейдің Совет Одағы кезінен бері көрші елдерге жасаған басқыншылықтарын ақтайды. Видео сол кезде гүлденген елдердің қазір жағдайы нашар дегенді тұспалдайды.

Роликті жасаған адам «Балтық елдерінің тұрғындары қазір «Еуропада әжетхана жуып жүр», ал Орталық Азия елдері азаматтары АҚШ берген несиеге өмір сүріп, марихуана сатады» дейді.

Автор Украинаны «ресейліктер салған өндірістерді қиратты, диктаторлық режим орнатты» деп айыптайды. Солайша, бұрынғы ресейшіл президент Виктор Януковичті биліктен кетірген Киевтің қазіргі батысшыл үкіметін мұқатқан.

«Иә, мен басқыншымын, ол үшін кешірім сұраудан жалықтым. Туғаннан сондай құқыққа иемін» дейді ролик авторы. Батыс демократиясы мен құндылықтарын терістеп, гейлер құқығын мансұқтаған видеода Ресейді сынаушыларға ескерту жасалған.

Ролик «Соңғы рет сыпайы түрде ескертемін. Ісіме араласпа! Мен бейбітшілік орнатамын, бейбітшілікті сүйемін, бірақ соғысқан кезде маған ешкім төтеп бере алмайды» деп аяқталады.

Роликтің соңында АҚШ президенті Барак Обамаға хабарлама «жіберіледі».

(Клэр Биггтің мақаласын ағылшын тілінен аударған – Динара Әлімжан)

XS
SM
MD
LG