Accessibility links

Атыста өлген «Кавказ әмірі» кім?


«Кавказ әмірлігі» экстремистік ұйымының жетекшісі Алиасхаб Кебеков.
«Кавказ әмірлігі» экстремистік ұйымының жетекшісі Алиасхаб Кебеков.

Солтүстік Кавказдағы террорлық ұйым сәуірдің 19-ы күні Дағыстанның Буйнакск қаласы маңында болған антитеррор операциясы кезінде «көсемдері» -«Әмір Әли Әбу-Мұхаммед» деген атпен белгілі Алиасхаб Кебековтің «шейіт» болғанын хабарлады.

Атышулы Доку Омаров 2007 жылы құрған, террорлық ұйым ретінде тыйым салынған «Кавказ әмірлігі» («Имарат Кавказ») ұйымын 2014 жылдың басынан бері авар ұлтынан шыққан Кебеков басқарып келген.

Ресейдің террорға қарсы ұлттық комитеті таратқан ақпаратқа қарағанда, арнайы жасақ жауынгерлері содырлар жасырынған үйге басып кіріп, ондағы бес терроршыны атып өлтірген. Оққа ұшқандардың арасында Шамиль Гасанов (Балаханский) та бар. Ол «Кавказ әмірлігінің» Дағыстандағы бөлімінде қызмет еткен. Кейбір ақпараттарға қарағанда, атылған терроршылардың екеуі әйел адам болған.

КЕБЕКОВТІҢ «ЖИҺАДЫ»

43 жастағы Кебеков Дағыстанның орталығындағы Шамиль ауданында дүниеге келген. Алдымен жергілікті молдалардан араб тілін үйреніп, діни сауатын ашқан ол кейіннен Сирияға барып оқыған. 2005 жылы Дағыстанға қайтып оралған Кебеков біраз уақыт медреседе тәлім береді, 2010 жылдан бастап террорлық ұйым қатарына қосылады.

«Кавказ әмірлігі» ұйымының содырлары. 2013 жылдың сәуірі.
«Кавказ әмірлігі» ұйымының содырлары. 2013 жылдың сәуірі.

Жан-жақты білімі бар, шешен тілді, кейде түйреп сөйлетін мінезімен белгілі Кебеков - осы террорлық ұйымға басшылық еткен шешендерден емес, басқа ұлттан шыққан жалғыз адам. Мұның үстіне ол террорлық ұйымда соғысу тәжірибесі болмаса да, оған басшылық еткен. «Жиһадты» тек жабайы соғыс емес, қоғамдағы ауқымды идеологиялық соғыс ретінде түсіндірген ол «өз жүйемізді кәпірлердің саяси, экономикалық және ақпараттық іс-әрекеттеріне қарсы қоя білуіміз керек» деп үндеу тастаған.

Кебеков «Біз сіздерді жиһадқа шақырсақ, бұл жалма-жан қолға қару алу керек деген сөз емес. Керісінше, бұл - Алланың жолында қауыммен бірге сауатты түрде жұмылу, ешкімнің күдігін туғызбай, командирге бағыну деген сөз... Үйлеріңізді тастап, орманға кіріп кетіңіздер демейміз, оның қажеті жоқ, себебі жиһад әр мұсылманның есігін келіп қағады» деген еді.

ЖАРЫЛЫСТАР АЗАЙҒАН

Көбіне саяси және идеологиялық күреске үндеу арқылы Кебеков өзінің жақтастарын, әсіресе әйелдерді өзін жарып жіберуден тыйып келген. Соның арқасында ма, әлде басқа факторлар әсер етті ме - әйтеуір өткен жылы жанкештілердің қолынан қаза тапқан полицейлер анағұрлым азайған. 2013 жылы осындай жарылыстардан 88 сарбаз қаза тапса, былтыр 21 кісі опат болған. Дегенмен, оққа ұшқан терроршылар саны көп азайған жоқ. 2013 жылы 171 терроршы өлтірілсе, 2014 жылы 163 содыр ұққа ұшқан.

«Кавказ әмірлігінің» командирлері әу баста Кебековке адалдықтарын айтып, ант берген. Алайда былтыр Дағыстандағы екі дала командирі «Ислам мемлекеті» (ИМ) террорлық ұйымының басшысы Әбу Бакр әл-Бағдадиге бағынатындарын мәлімдеген. Кейін шешендердің командирі Махран Саидов пен оның орынбасары Усам да ИМ жағына өтіп кеткен. Дағыстандағы содырлар сайты осы жайттарды сараптай келе «Дағыстандағы жиһадшылардың тәуір бөлігі ИМ қатарына өтті» деп жазған.

Иракта жүрген ИМ содыры. 2014 жылдың маусымы. (Көрнекі сурет)
Иракта жүрген ИМ содыры. 2014 жылдың маусымы. (Көрнекі сурет)

Кебеков оққа ұшқанға дейін-ақ содырлар ИМ қатарына жаппай ауысып жатқан. Сол кезде «Кавказ әмірлігінің» идеологиялық құрал және әскериленген құрылым ретіндегі ықпалы азайып кеткен еді. Дәл осы сияқты антитеррор операциясы іргелес жатқан Кабардин-Балқарда да жүргізілді. Онда украиналық содыр мен оның азаматтық некедегі әйелі қаза тапқан болатын.

ОРНЫН КІМ БАСАДЫ?

«Кавказ әмірлігі» террорлық ұйымын енді шешеннің әккі командирі Асламбек Вадалов басқаруы мүмкін. Жақтастары Вадаловты «қалың орманда жау қоршауын бұзып шығар ешқандай мүмкіндік қалмаған кезде де сабырын жоғалтпайтын ұстамды адам» деп сипаттайды.

1994-96 жылдардағы соғыс кезінде шешендердің қарулы топтарына келіп қосылған ол Шешенстан басшысы Рамзан Кадыровтың туған ауылы Центаройға 2010 жылы жасалған террорлық шабуылды ұйымдастырғандардың бірі саналады.

Шешен террорлық топтарының арасында ұйымдасқан әскери операцияларды жүзеге асыруға қауқарлы бірден-бір ұйым – осы. Олардың 2014 жылғы желтоқсанда Грозныйда ұйымдастырған шабуылы кезінде 14 қауіпсіздік қызметі өкілі қаза тауып, 36 адам жараланды.

Лиз Фуллердің материалын ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей.

XS
SM
MD
LG