Accessibility links

«Көше сыпырушы» сұлудың танымал болғысы жоқ


Душанбенің көгалдандыру бөлімі жұмысшысы Мунира Мирзоева. Тәжікстан, 18 тамыз 2015 жыл.
Душанбенің көгалдандыру бөлімі жұмысшысы Мунира Мирзоева. Тәжікстан, 18 тамыз 2015 жыл.

Румын фотографының арқасында «Сұлулық атласына» (Atlas of Beauty) кіріп, интернеттің Орталық Азия бөлігінде танымал болған 19 жастағы душанбелік бағбан қыз бұл оқиғаға самарқау қарайды.

Интернетте шыққан жалғыз суреттің арқасында Мунира Мирзоеваның аты әлемге танылды. Тәжікстан астанасы Душанбенің Шохмансур ауданы көгалдандыру бөлімі жұмысшысы бір ғана фотосымен орталықазиялық интернет-сенсацияға айналды.

Румын фотографы Михаэла Норок әлемді кезіп, жер шарының түкпір-түкпіріндегі жасандылығы жоқ табиғи сұлулықты фотоға түсіреді. Оның «Сұлулық атласы» (Atlas Of Beauty) – әйелдердің портреті арқылы біздің ғаламшардың келбетін, жер шарындағы адамдардың табиғи сұлулығын паш етететін» ерекше жоба.

Ұлттық нақыштағы көйлек, оның сыртынан көше сыпырушыларға арналған қызғылт-сары бешпент киген Мунираның әдемі суреті алғаш рет Нороктың Facebook парақшасында тамыздың 18-і күні жарияланған.

Суретке мыңдаған адам «лайк» басып, Facebook қолданатын ондаған адам Мунира Мирзоеваның табиғи сұлулығына, әдемі күлкісіне, нәзіктігіне тәнті болып, пікір қалдырған.

Мунира Мирзоева Азаттыққа сұхбат беріп отыр. Душанбе, 24 тамыз 2015 жыл.
Мунира Мирзоева Азаттыққа сұхбат беріп отыр. Душанбе, 24 тамыз 2015 жыл.

Қарапайым жұмыс істейтін сұлу қыздың бейнесі алыс-жақын ақпарат құралдарының назарына ілікті. Соның арқасында Мунира Мирзоеваның фотосы Cosmopolitan журналының орыс тіліндегі нұсқасына, Орталық Азиядағы CA-News жаңалықтар қызметінің сайтына, қазақстандық ақпарат құралдарында, Азаттықтың интернет парақшаларында жарияланды.

«СҰЛУЛЫҚ БАЙҚАУЫНА АТА-АНАМ ЖІБЕРЕ ҚОЙМАС»

Фотографтың өзі «Душанбедегі сұлу көше сыпырушы» атаған Мунира - шын мәнінде гүлдерді күтіп-баптаушы бағбан, Тәжікстан астанасы Душанбенің көгалдандыру бөлімі жұмысшысы. Суретке жазылған «көше сыпырушы» деген қате сипаттама оны алаңдатпайтын сияқты. Осыған дейін көп ішінде қоңыр тіршілік кешіп келген ол әп-сәтте танымал болып шыға келгенін сезінбейтін де сыңайлы. Азаттықтың Тәжік қызметіне сұхбат берген Мунира Мирзоева:

- Отбасым, үйім, жұмысым деп өмір сүремін. Үйде де кетпен-күрегім қолымнан түспейді. Оған қоса, үй шаруасы да жетіп-артылады. Ең жақын достарым – өзіммен бірге жұмыс істейтін бағбандар, - дейді.

Мунира – сүттей ұйыған жұмысшы отбасындағы жеті баланың тұңғышы. Айына 110 доллар жалақы алатын ол – отбасының негізгі асыраушысы. Жақсы жұмыс істеген кездері анда-санда айлығына үстеме сыйақы да алып тұрады.

Тәжікстанда Мирзоева сияқты мемлекеттік секторда жұмыс істейтін адамдардың жалақысы өте төмен. Мәселен, мектеп мұғалімдері айына орта есеппен 200 доллардай жалақы алады.

Мунира Душанбенің базары көп, ығы-жығы кісі толып жүретін кедей ауданы – Шохмансурда туып-өскен.

Мунира Мирзоева - үйдегі жеті баланың үлкені.
Мунира Мирзоева - үйдегі жеті баланың үлкені.

- Бала күнімде дәрігер болуды армандадым. Бірақ кейін көрпеге қарай көсілу керек екенін түсіндім, - дейді Мунира Мирзоева. Оқу ақысын төлеуге шамасы келмегендіктен, ол гүл баптаушы болып жұмысқа тұрған.

Бір суретімен танымал болған Мирзоева бұдан былайғы өмірі өзгере қояды деп үміттенбейді. Комментарий жазған кейбір кісілер оған сұлулар байқауына қатысуға кеңес берген, ал Мунира жақындары үшін алаңдайды.

- Ата-анам мені ешқайда жібере қоймас. Әке-шешем мені тіпті жақын жерге жіберуден қорқады. Олар «Қызымыз қашан келеді? Келе жатыр ма екен?» деп елеңдеп тосып отырады. Дегенмен, маған салса, шетелде болатын сұлулық бәйгелеріне қатысар едім, - дейді Мунира Мирзоева.

ЖҰРТ МУНИРАНЫҢ ОҚУЫНА АҚША ЖИНАП ЖАТЫР

Ал Тәжікстандағы Facebook қолданушылары Мунираның бала күнгі арманын жүзеге асыру мақсатында оның дәрігер мамандығын оқуы үшін ақша жинауға кірісті.

Азаттық тілшісімен сөйлескенде ол бұл бастамадан хабары жоқ екенін айтты. «Сұлулық атласына» шыққалы бері оның телефонын сұрап, хабарласушы жігіттер де көбейіп кеткен. Мунираның бұған да берер жауабы бар.

- Жақында тұрмысқа шыққалы жатырмын, - деді ол сөз соңында.

Фарангиз Наджибулла мен Зарангез Наврузшохтың мақаласы ағылшын тілінен аударылды.

XS
SM
MD
LG