Accessibility links

ЕҚЫҰ Украинада дауға қалды


Украина әскері мен ресейшіл сепаратистердің тұтқын алмасуын бақылап тұрған ЕҚЫҰ миссиясы қызметкерлері. Донецк, 20 қыркүйек 2014 жыл.
Украина әскері мен ресейшіл сепаратистердің тұтқын алмасуын бақылап тұрған ЕҚЫҰ миссиясы қызметкерлері. Донецк, 20 қыркүйек 2014 жыл.

Биыл наурызда Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы Украинада арнайы бақылау миссиясын ашқан еді. Украиналықтар «миссия Ресейдің сөзін сөйлеп отыр» деп, ЕҚЫҰ-ға ашулана бастады.

Украинада ЕҚЫҰ арнайы миссиясын Ресейдің ығына жығыла береді деп кінәлайтындар көбейді. ЕҚЫҰ соған жауап ретінде қарымта «шабуылға» шығып, Украинаның бақылаусыз қалған Ресеймен арадағы шекарасы күзетін күшейтуге, онда баруға жол ашуға шақырды.

Қарашаның 13-і күні Венада ЕҚЫҰ-ның Украинадағы арнайы миссиясын басқаратын Финляндия депутаты Илкка Канерва «ашылған күннен бастап миссия мүмкіндіктері өте шектеулі болғанын, жұмыс атқаруға кедергі көп екенін» айтты.

- Сөздің шыны керек, біздің мүмкіндігіміз Ресей-Украина шекарасы маңындағы баруымызға рұқсат етілген кішкене ғана аймақтың аясында шектелген. Егер біздің лайықты жұмыс істеуімізге мүмкіндік жасалмаса, онда «мұның бәрі қажет пе өзі?» деген заңды сұрақ туады, - дейді ол.

«ҚАРУ КІРІП ЖАТЫР»

Украинаның шығысында бейбітшілікті нығайту жүктелген жалғыз халықаралық ұйым – ЕҚЫҰ сепаратистердің ауыр артиллерия қаруларын иемденуіне кедергі жасай алмады. Канерваның жоғарыдағы сөзі ЕҚЫҰ-ның өз міндетін атқара алмай жатқанын аңғартқандай. Сондықтан, кейінгі кездері бұл ұйымды сынайтын украиналықтар көбейіп кеткен.

Украиналықтардың дені сепаратистердің қарудың неше түрін қолданып жатқанына қарап, сегіз ай бойы жүріп жатқан қақтығыс кезінде бүлікшілерге Ресей астыртын көмек көрсетіп отырды деп санайды. ЕҚЫҰ-ның Ресей әрекеттеріне тоқсауыл қоя алмауы «бұл халықаралық ұйым Ресейдің мүддесіне жұмыс істеп жатыр» деген күдік туғызған.

ЕҚЫҰ-ның Украинадағы бақылаушыларына көлік тапсыру рәсімі. Киев, 13 қараша 2014 жыл.
ЕҚЫҰ-ның Украинадағы бақылаушыларына көлік тапсыру рәсімі. Киев, 13 қараша 2014 жыл.

НАТО-ның мәліметтері бойынша, қарашаның 10-ынан бері Ресей жақтан Украинадағы қақтығыс аймағына «танкілер, зениттік артиллерия бөлімшелері лек-легімен кірген».

ЕҚЫҰ мұндай қару түрлерінің келіп жатқанын растағанымен, оның «қайдан келгенін нақты айта алмаймыз» деп мәлімдеді. Қақтығыстың күшеюі және пилотсыз басқарылатын құралдарға шабуылдың жиілеуі кесірінен олар «Ресей шекарасына жақындай алмағандықтан, толық мәлімет жинауға мүмкіндіктері болмағанын» айтты.

ҚАҚТЫҒЫС ҰЗАҚҚА СОЗЫЛУЫ МҮМКІН

Шекараның Ресей жағында ЕҚЫҰ-ның шағын ғана бөлімшесі жұмыс істейді. Олар жүздеген километрге созылып жатқан шекараның тек кішкене ғана бөлігін – сепаратистердің бақылауындағы аймақта орналасқан екі бақылау-өткізу пунктін ғана қадағалай алады.

Канерваның айтуынша, шекараны бақылаушылар санының тым шектеулі болуының бір себебі ЕҚЫҰ-ның құрылымында және шешім қабылдау механизмдерінде болып тұр. Бұл ұйымға мүше 57 мемлекет арасындағы консенсустық шешім осындай болған. Ол мемлекеттер арасында Украина мен Ресей де бар.

Әскери көліктер мен қару-жарақтың көп келе бастауы қыркүйекте қол қойылған Минск бітім шартын бұзады әрі қақтығыс кең ауқымды соғысқа ұласып кете ме деген үрей тудырып отыр. Осыған дейін Украинаның шығысында болып жатқан бұл соғыстан 4 мыңға жуық кісі опат болған.

Қарашаның 12-сі күні БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі Украина бойынша шұғыл отырыс өткізді. Сол жиында Украинадағы қақтығыс бірнеше айға созылып кетуі, тіпті оның ондаған жылдарға ұласқан «шешілмейтін» қақтығысқа айналуы мүмкін деген қауіп айтылды.

Ресейдің БҰҰ-дағы елшісі Виталий Чуркин «Мәскеу Донбасқа қару жеткізіп жатыр» деген сөздің бәрін теріске шығарып, керісінше «Донецкідегі бейбіт адамдар тұратын аудандарға шабуыл жасады» деп Украинаны айыптады.

РЕСЕЙГЕ «ДЕМ БЕРГЕН» ЕҚЫҰ

Кейінгі кездері Ресей «аймақтағы қантөгістің көбі Украина әскерінің озбырлығынан болып жатыр» дегенді ЕҚЫҰ мәліметтеріне сүйеніп дәлелдеп келеді.

Қарашаның 5-сі күні Донецкідегі бір мектепті әлдекімдер атқылап, екі бала опат болған. ЕҚЫҰ бұл жолы ешқандай тарапқа айып тақпай, тек шабуылдың «солтүстік-батыстан жасалғанын» мәлімдеумен шектелді.

Донецкідегі шабуылдан қаза тапқан екі баланың жерлеуі.
Донецкідегі шабуылдан қаза тапқан екі баланың жерлеуі.

Ертеңіне Ресейдің ЕҚЫҰ-дағы елшісі Андрей Келин «ЕҚЫҰ мәліметтері негізінде шабуылды Украина әскері жасағаны дәлелденді» деп мәлімдеді.

ЕҚЫҰ-дағы ресми тұлғаның мұндай мәлімдеме жасауы украиналықтардың ашуына тиді, олардың көбі «арнайы миссия Ресейге ыңғай білдіру үшін сол Ресей тыңшылары берген мәліметтерді пайдаланады» деп санайды.

Ал ЕҚЫҰ-ның Украинадағы арнайы миссиясының баспасөз хатшысы Майкл Боцюркив «Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының мәліметін Келин бұрмалады» дейді.

- Күнделікті есептеріміздегі мәліметтерді әркімнің өз қалауынша бұрмалағанын құптамаймыз. Біз қолдан келгенше шынайы әрі нақты есеп беруге тырысамыз... Бірақ оқты қай жақ атқанын анықтау өте қиын шаруа, - дейді Боцюркив.

УКРАИНАЛЫҚТАР ЕҚЫҰ-ҒА НЕГЕ СЕНБЕЙДІ?

Қазір Украинада ЕҚЫҰ-ға деген сенімсіздік пен ашу-ыза тарқамай тұр. Украина қорғаныс министрінің кеңесшісі Василий Будик осы аптада журналистерге сұхбат беріп, «ЕҚЫҰ-ның Мариуполь қаласындағы өкілдігі қызметкерлерінің 80 пайызы орыстар екенін, олардың барлық стратегиялық маңызы бар ақпаратты сепаратистерге әлдеқашан беріп қойғанын» айтты.

Бұған қоса, ол ЕҚЫҰ миссиясын «бейресми сленг сөздерді қолданып, украиндардың намысына тиеді» деп айыптады. Бақылаушылар бір сөзінде Киевтегі үкіметті қолдайтындарды «укроп» («аскөк») деп атаған-мыс.

Миссия құрамында Ресейдің 18 азаматы қызмет етеді. Қазір миссияда 270 қызметкер бар, жыл соңына қарай олардың саны 500-ге жетеді, сонда ресейліктер тағы көбеюі мүмкін.

Facebook желісіндегі парақшасында әсери қақтығыстар туралы жан-жақты ақпарат беріп отыратын украиналық сарапшы Дмитрий Тимчук «ЕҚЫҰ Украинаға қарсы күресте Ресейдің қалқаны болды. Мұндай ұйыммен жұмыс істеу мүмкін емес» деп жазды.

Майкл Боцюркив «арнайы миссия құрамында Ресейдің 18 азаматы қызмет етеді» деген мәлімет берді. «Қазір миссияда 270 қызметкер бар, жыл соңына қарай олардың саны 500-ге жетеді, сонда ресейліктер тағы көбеюі мүмкін» дейді ол.

ЕҚЫҰ-ға мүше 57 елдің әрқайсысы арнайы миссиядағы жұмыс орындарының 10 пайызына өз адамдарын жібере алады.

«КАФЕ-БАРДАН ШЫҚПАЙТЫН БЮРОКРАТТАР»

Боцюркивтің айтуынша, «Украинадағы миссияға орыс тілді азаматтарды жұмысқа алу қажет болған. Дегенмен барлық қызметкерлер, соның ішінде мүше мемлекеттердің өздері ұсынған кандидаттар жұмысқа кіріспес бұрын қатаң тексеруден өтеді, олар ЕҚЫҰ-ның бейтараптығын мойындап, арнайы этика кодексін сақтауға міндеттеме алады».

Азаттық радиосы ЕҚЫҰ-ның осы этика кодексімен таныспақ болып, оның бір данасын сұратқан еді, алайда мақала шыққанға дейін құжат келмеді.

Кремльдің қатысы байқалатын мұндай конфликтілер кезінде бақылаушылар арасында ресейліктердің де болуы қарапайым украиналықтардың күмән-күдігін қоюлатып отыр.

Олардың көбі әлеуметтік желіде #mercenaryOSCE хештэгі арқылы пікір білдіріп жатыр. Украиналықтар ЕҚЫҰ-ны «уыс-уыс ақша табатын, соғыс аймағынан гөрі кафе-барларды көп айналсоқтайтын ресейшіл бюрократтар» деп айыптайды.

Бір қызығы, арнайы миссия жіберуді сұрап ЕҚЫҰ-ға қолқа салған Украина бақылаушылар құрамына өз азаматтарын қоса алмайды. Ал қақтығысқа қатысып жатыр деген күдікке ілінген Ресейдің бақылаушылар жіберуіне шек қойылмаған.

ЕҚЫҰ-ның Донбастағы бақылау миссиясымен жұмыс істеген дипломат Богдан Яременконың айтуынша, «Украина ресми түрде соғыс жарияламағандықтан, Ресей бақылаушылары жұмысқа алына береді». Ол «бақылау жасасын-жасамасын, арнайы миссия бәрібір Ресейдің ықпалында тұр» деп санайды.

- Егер Ресей конфликтіге қатысты тарап деп танылғанда, миссияға украиналықтар сияқты ресейліктер шақырылмас еді. Бірақ олардың бақылаушы болып жүргені көп нәрсені өзгерте қоймайды, - дейді Яременко.

(Дейзи Синделардың мақаласын ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей)

XS
SM
MD
LG