Accessibility links

Украина Женева конвенциясын бұзды ма?


Украина журналистері мен әскери қызметкері баспасөз мәслихаты алдында «сепаратистер жағында соғысып, қолға түскен Ресей солдаттарының» видеосын көріп тұр. Киев, 18 мамыр 2014 жыл.
Украина журналистері мен әскери қызметкері баспасөз мәслихаты алдында «сепаратистер жағында соғысып, қолға түскен Ресей солдаттарының» видеосын көріп тұр. Киев, 18 мамыр 2014 жыл.

Украинада «сепаратистер жағында соғысып, қолға түскен Ресей солдаттарын» тергеген видеоны интернетке жариялаған Киев Женева конвенциясын бұзды ма? Әскери тұтқындардың видеосын жариялау алаңдаушылық туғызып отыр.

Әскери тұтқындарға қатігездік көрсету мәселесі Украина дағдарысы басталғалы бірнеше мәрте қоғам назарын аударды.

Украинаның шығысындағы ресейшіл сепаратистер ашулы бұқараның ортасынан «тұтқындар шеруін» өткізді. Украина да тұтқынға түскен Ресей сарбаздарының және мәжбүрлі түрде жауап беріп отырған Ресей десантшыларының видеосын жариялады.

Ал YouTube желісіне осы апта шыққан бірнеше видеодан Украина солдаттарының қолға түскен сепаратист тұтқындарды аямайтынын байқауға болады.

РЕСЕЙЛІК САРБАЗ «СҰХБАТЫ»

Осы аптада Украина ресейлік әскери қызметкерлер саналатын екі адамды қолға түсірді. YouTube-ке шыққан видеода олардың біреуі мойнына дейін көрпесін жауып алып, сұхбат беріп жатыр.

Өзін ресейлік әскери қызметкер Александр Александров деп атаған тұтқын Тольятти қаласындағы арнайы жасақ өкілі екенін айтады. «Бізді байқап қалды. Мен қашпақ болғанымда аяғымнан жараландым... Бұнда төрт күннен бері жатырмыз» дейді ол тергеушілерге.

Оның түрінен қорқып жатқаны байқалады, дауысы зорға шығады, ал сұхбат алушы оның қатты сөйлеуін талап етеді. Бұл сұхбатты мамырдың 18-і күні Украина ішкі істер министрінің кеңесшісі әрі депутат Антон Геращенко жариялады. Бұдан соң видеоны «Женева конвенциясына қайшы» деп сынаушылар көбейді.

Конвенция бойынша «әскери тұтқындарға бұқара назарын аударуға болмайды», бірақ бұл «әдейі өлтіру және азаптау, қатыгездік көрсету» тәрізді ауыр қылмыс саналмайды. Халықаралық стратегиялық зерттеу институты төрағасы Франсуа Хейсбург Twitter парақшасына «Бұл - әскери тұтқындарға қатысты Женева ережелерін бұзу» деп жазды. Оның пікірінше, «Украинада бұдан басқа да проблема жетіп артылады».

Осы мәселеге қатысты пікір жазғандар «видео халықаралық конвенцияға қайшы ма?» деген сауалды талқылайды, «Украина шын мәнінде Ресеймен соғысып жатыр ма?» деген сұраққа жауап іздейтіндер де бар.

Киев, НАТО және Батыс елдері Мәскеудің бүлікшілерді қолдап, қару-жарақ және әскермен қамтамасыз етіп отырғанына күмәнданбайды. Ал Кремль «оның бәрі - «еріктілер», сепаратистермен бірге соғысқан солдаттарды әскер қатарынан шығардық» дейді.

Ресейдің қорғаныс министрлігі мамырдың 18-і күні Александров пен екінші ресейлік тұтқын – Евгений Ерофеевтің шын мәнінде «Ресей әскері қатарында қызмет еткенін, бірақ тұтқынға түскен кезде бұл қызметте болмағандарын» мәлімдеді.

Женева конвенциясы әскери тұтқындарды «ар-намысын қорлау мен бұқара назарынан (әуестігінен)» қорғайды. Алайда конвенция мемлекеттер арасындағы қарулы қақтығыстарға қолданылады. Ал Ресей Украинадағы шиеленісті мемлекеттер арасындағы қақтығыс емес, «азамат соғысы» ретінде сипаттайды.

Мамырдың 18-і күні Нидерландтағы Украина елшісі Twitter-дегі пікірталас кезінде «Олар ресейлік әскерилер ретінде қолға түскен немесе шекараны бұзып заңсыз келген. Заңсыз келген жағдайда Женева конвенциясы оларға қолданылмайды. Ол жағын анықтай жатарсыздар. Қалай болғанда да, адамгершілік тұрғыда барлық ем-домын алып жатыр» деп жазды.

Женева конвенциясының орындалуын қадағалайтын Халықаралық Қызыл Крест комитеті Украинадағы соғысты «халықаралық емес қарулы қақтығыс» деп атады. Қақтығыстың мұндай «мәртебесі» әскери тұтқындарды ел назарына жариялауды әскери қылмыс ретінде санауды талап етеді, тіпті оны «адамды сорақы түрде кемсітуге» жатқызады.

Алайда, бұл жерде қайшылық бар. Киев Қызыл Крест пен халықаралық қауымдастық Украинаның Ресеймен соғыс жағдайында отырғанын мойындауы үшін Женева конвенциясын бұзбауды мойнына алған. Бірақ конвенцияның «тұтқынды ел назарына көрсету» термині халықаралық қақтығыстар кезінде ғана қолданылады да, азамат соғысына жүрмейді.

ХАЛЫҚАРАЛЫҚ СОҒЫС ЕКЕНІН ДӘЛЕЛДЕУ

Қолға түскен екі ресейлік тұтқынның видеосын жариялау арқылы Ресей Мәскеудің шын мәнінде соғысқа араласып жатқанын дәлелдеуге тырысады. AFP агенттігінің жазуынша, Украинаның әскери баспасөз хатшысы Владислав Селезнев «Біз үшін бүкіл әлемге жерімізде Ресей солдаттарының жүргенін көрсету маңызды» деген.

Бірақ әлем қауымдастығына және Қызыл Крест ұйымына ресейлік солдаттардың Украинада соғысып жүргенін дәлелдейміз деген Киев Женева конвенциясын бұзуға мәжбүр.

Азаттықтың «тұтқынға түскен Александр Александровтың видеосын жариялау Женева конвенциясын бұза ма?» деген сауалына сарапшылар әртүрлі жауап айтты. Вашингтондағы Джорджтаун университетінде әскери шиеленіс заңдарын оқытатын бұрынғы АҚШ әскери судьясы Гэри Солис «Қызыл Крест Украинадағы соғысты екі мемлекет арасындағы қақтығыс деп танымаса да, қалағаныңды істеуге болмайды ғой» дейді.

Оның пікірінше, видео Женева конвенциясын, әскери тұтқынды «жұрт назарынан қорғау» талабын бұзады.

- Жұрттың қызығушылығын қанағаттандыру үшін ешкімнің (әскери тұтқынды) аурухана төсегінде жатқанын немесе басқа жағдайда тұрғанын көрсетіп, жариялауға болмайды, - дейді Гэри Солис.

Ал АҚШ әскери-теңіз флоты офицері болған, қазір Лос-Анджелестегі заң мектебінде халықаралық құқық бойынша дәріс оқитын Дэвид Глэзьер бұл пікірмен келіспейді. Ол «Ресейдің соғысқа қатысып жатқанын дәлелдеу үшін мұндай видеороликтер қажет» дейді.

Оның пікірінше, «видеоролик Украинадағы қақтығысқа Ресейдің қатысып отырғанын дәлелдеу үшін сыпайы түрде және барынша жұмсақ түсірілген».

- Ресей Украинаны өзінің қақтығысқа араласып отырғанын терістеу арқылы осыған мәжбүрлеп отыр. Украинаға Ресей әскері шиеленіске тікелей араласып жатқанын дәлелдеу керек. Сондықтан, Украинаның әлемге дәлелдер ұсынуға құқығы болуы керек, - дейді Дэвид Глэзьер.

AFP агенттігінің жазуынша, Украина армиясы штабы бастығы Виктор Муженко екі тұтқынды халықаралық БАҚ назарына көрсетуге уәде берген. Дэвид Глэзьердің пікірінше, «бұл енді шектен шығу». Бірақ Виктор Муженко бұл уәдесін орындамағанға ұқсайды. Ал АҚШ мемлекеттік хатшысының көмекшісі Виктория Нуланд Киевтің «екі тұтқынға адамгершілікпен қарағанын және оларға Қызыл Крест қызметкерлерін кіргізгенін» мақтады.

Карл Шректің мақаласын ағылшын тілінен аударған – Динара Әлімжан.

XS
SM
MD
LG