Accessibility links

«Қырымды Украинаға қоғамдық ұйымдар қайтарады»


Қырым татарларының Ресейге қарсы шеруіне плакат ұстап шыққан бала.
Қырым татарларының Ресейге қарсы шеруіне плакат ұстап шыққан бала.

Қырымда тәуелсіз қоғамдық ұйымдардың жұмысына қауіп төндіретін Ресей заңдары күшіне енді. Ал түбектегі еуропашыл белсенділер бірігуге әзір екендерін айтады.

Біраз белгілі қоғамдық белсенділер Қырымнан, тіпті кейбірі Украинадан кетуге мәжбүр болды. Сарапшылар аймақта қоғамдық секторды «тазарту» әрекеті басталғанын айтып, Қырымдағы халықаралық бағдарламалар жабылады деп болжайды.

Бірақ бұған қарамастан, Қырымдағы қоғамдық белсенділер арасында «қалыптасқан жағдайды өзгерту үшін ұйымшылдық қажет» деген пікір орныққан.

«ЖАРТЫЛАЙ ЗАҢДЫ»

Сарапшылар Қырымдағы украинашыл және еуропашыл қоғамдық белсенділер жұмыстарын «жартылай заңды» жағдайда жалғастырады деп болжайды.

«Бахчисарайская стратегия» орталығының жетекшісі Айдер Муждаба «Крым.Реалии» сайтына берген сұхбатында: «Ресейде қоғамдық ұйымдарға қатысты «шетел агенттері» туралы заң бар. Бұл заң бойынша енді билік әрекеттеріне мониторинг жүргізетін еуропашыл құқық қорғау топтары мен ұйымдар жабылады немесе олардың жұмыс істеуіне мүмкіндік қалмайды» дейді.

Оның айтуынша, халықаралық қауымдастық Қырым оккупациясын мойындамады, енді Қырымға көмектесу үшін ашылған халықаралық бағдарламалар да жабылады.

Бірақ Муждаба «ресейлік» Қырымда қоғамдық ұйымдардың бірнеше тобы пайда болуы мүмкін деп болжайды.

Оның пікірінше, «Билік өзіне тиімді бірнеше маргинал қоғамдық ұйым құрады немесе сондай топтарды қолдайды. Бірақ олардың арасында билік жұмысына мониторинг (бақылау - ред.) жасайтындары болмайды».

Айдер Муждаба.
Айдер Муждаба.
​Муждаба Қырымнан Украинаның ішкері бөлігіне кетіп, ұйымдарын сонда қайта тіркейтін белсенділер бар екенін айтады. Муждаба оларды «жоғалған қайта өрлеу дәуірі» өкілдері санап, екінші топқа қосады.

«Мәдениет тарихында «жоғалған ұрпақ» деген ұғым бар. Бұл ұғым екі дүниежүзілік соғыстардың арасындағы кезеңде пайда болды. Бұған дейін Қырымды еуропалық құндылықтар негізінде қайта жаңартқан белсенділер Украинаның ішкері аймақтарына кетті. Олар кеткеннен соң Қырым еуропалық аймақ болу мүмкіндігінен айырылды» дейді белсенді.

Айдер Муждаба Қырымда қалып, «жарым-жартылай заңды жағдайда жұмыс істейтін» украинашыл және еуропашыл белсенділерді «үшінші топ» ретінде атайды.

«Үшінші топты» дамыту мүмкіндіктері жайлы айтқан сарапшы: «Бұл жағдайда Балтық елдерінде жұмыс істейтін беларусьтік азаматтық қоғамды дамыту бағдарламаларының тәжірибесін пайдалануымызға тура келетін сияқты. Украинадағы ұйымдар, әсіресе сараптамалық орталықтар Қырымға байланысты бағдарламаларын дамыта бергені жөн. Халықаралық қауымдастықтың жекелеген конкурстық бағдарламалар мен Украинадағы ұйымдар арқылы Қырым белсенділерін қолдау мүмкіндігі бар» дейді.

«УКРАИНА ЗАҢДАРЫ НЕГІЗІНДЕ ЖҰМЫС ІСТЕЙМІЗ»

«Кардашлык» қоғамдық ұйымының төрағасы Асан Эмирсалиевтің «Крым.Реалии» сайтына айтуынша, Украина заңдарына сәйкес тіркелген ұйымдардың Қырымда жұмыс істей беруіне болады. «Қырымдағы жұмысымыз жайлы есеп бермейтініміз болмаса, қалған жұмысымызды бұрынғысынша Украина заңына сәйкес жүргізе береміз» дейді ол.
Бұл кімнің адал немесе кімнің амбициясы басым екенін көрсететін тамаша индикатор болып тұр.
«Кардашлык» қоғамдық ұйымының төрағасы Асан Эмирсалиев.


«Бұл кімнің адал немесе кімнің амбициясы басым екенін көрсететін тамаша индикатор болып тұр. Сөзі мен ісін сәйкес келтіруге тырысатындар да, құбылмалы, сөзінде де, ісінде де тиянақ жоқ адамдар да бар. Кімнің нені басшылыққа алатыны енді анық көріне бастайды» дейді Эмирсалиев.

Ол оккупациялық биліктің қысымы туралы: «Егер мына жағдаймен келіскісі келмейтін ұйымдар біртұтас болып ұйысса, оларды мазалауға көп батылдары жете қоймайды» дейді.

ҚОҒАМДЫҚ СЕКТОРДЫҢ САПАСЫ АРТА МА?

Қырымдағы «Действие» құқық қорғау орталығының жетекшісі Александра Дворецкая «Крым.Реалии» сайтына берген сұхбатында «Қырымды қоғамдық ұйымдардан «тазарту» әрекеттері басталғаны байқалады» дейді.
Александра Дворецкая.
Александра Дворецкая.
Оның айтуынша, «билік қоғамдық ұйымдарды ғана емес, жалпы қарсылық қозғалыстары мен бастамаларын жоюды көздеп отыр».

Белсендінің пікірінше, Украинаның ішкері аймақтарына кеткен қоғамдық белсенділер ұйымдарының «қырымдық» мәртебесін сақтауы керек. Ал Қырымдағы азаматтық белсенділер бейресми топтарға бірігіп, Украинадан әріптестер іздеуі тиіс.

«Қоғамдық сектор сан жағынан біраз азайғанымен, сапасы артады. Қырымды Украинаға дәл осы қоғамдық ұйымдар қайтарады» дейді Александра Дворецкая.

(Лана Долленбергтің мақаласы орыс тілінен аударылды).
XS
SM
MD
LG