Accessibility links

Ішкі Моңғолияда халық наразылығы басталғалы бір апта болды


Қытай қауіпсіздік қызметі өкілдері Шилийн хот қаласындағы шерушілерді ұстап жатыр. Қытай, 23 мамыр 2011 жыл.
Қытай қауіпсіздік қызметі өкілдері Шилийн хот қаласындағы шерушілерді ұстап жатыр. Қытай, 23 мамыр 2011 жыл.

Қытайдың Ішкі Моңғолия автономиялы ауданында бір апта бұрын басталған наразылық шеруі әлі толастаған жоқ. Ел билігі бұл аймақта төтенше жағдай жариялап, шеруді тарату үшін әскер кіргізді.


Бұл наразылыққа түрткі болған – қытайлық көлік жүргізушілерінің моңғол ұлтынан шыққан Мерген деген малшыны жүк көлігімен басып кеткені. Оқиға 10 мамыр күні (Моңғолиялық ақпарат құралдарының хабарлауынша, 21-інде) Ішкі Моңғолияның Шилийн гол аймағында болған.

БІР АДАМ НЕМЕСЕ ҚЫРЫҚ МЫҢ ЮАНЬ

Жергілікті халық пен көмір өндіретін қытайлық компаниялар арасында келіспеушілік жиі болады. Сол жолы да тұрғындар кен өндіру компаниясының жайылымды бүлдіргеніне қарсылық танытып, жүк көліктерінің жолын бөгеп тұрып алған. Жолдан қалса, компаниялары 40 мың юань айыппұл төлейтінін айтқан көлік жүргізушілері «Моңғолдың бір қойшысы 40 мың юаньға татыр деймісің! Бас!» деп, жолда тұрған малшылардың бірі, 35 жастағы Мергенді басып өте шықты деп хабарлайды Моңғолияның Sonin.mn сайты. Дерек көздерінің айтуынша, жүк көлігі оны 150 метрдей жерге сүйреп кеткен. Артта келе жатқан көліктер де басып өткен.

Көмір компаниясы бұл оқиғаны ың-шыңсыз бітіру үшін қайтыс болған азаматтың отбасына 560 мың юань (86 мың АҚШ доллары шамасында) бермек болған дейді The Epoch Times басылымы. Қытай билігі екі жүргізушінің қамалғанын хабарлады.

Бірақ 35 жастағы Мергеннің көлікке басылып өлгеннен кейінгі суретін интернеттен көрген халық бұл оқиғаға наразылық білдірді. 23-24 мамыр күндері жүздеген адам Шилийн хот қалалық әкімшілігінің алдына барып, айыптыларды заң бойынша жазалауды талап етті. Билік орындары олармен сөйлесуден бас тартып, Мергеннің ісі осымен біткенін айтқан. Полицейлер наразылық танытқан жұртты күшпен таратып, қарсылық көрсеткен сегіз адамды тұтқындаған. Көршілес үш ауданнан жиналып, наразылық шеруін өткізу үшін Ішкі Моңғолияның орталығы Көк қаласына бара жатқан жұрттың жолын тәртіп сақшылары бөгеген.

25 мамырда Шилийн хотта билікке қарсы шерушілерге жоғарғы оқу орындарының 2 мыңдай студенті, мектеп оқушылары қосылды. Олар Мергеннің өлімін заң бойынша тергеуді, кен өндіру компаниясы мен моңғол малшылары арасындағы дауды шешіп, ақпарат құралдары арқылы хабарлауды талап етті. Полиция бұл күні төрт адамды тұтқындапты, олардың қайда екені әлі беймәлім деп жазады Mongolnews.mn сайты.

26 мамыр күні Хүвеет шар, Үжүмшин қалаларында да моңғол малшылары мен студенттерінің шеруі өтті. Наразылық танытқан жұрт моңғол
Жергілікті әкімшілік ғимараты алдындағы шерушілер мен әскерилер қақтығысы. Шулуунхөх қаласы, 27 мамыр 2011 жыл.

малшыларының өз жерінде құқықтарының қорғалуын, дәстүрлі тұрмыс салтының сақталуын талап етті.

27 мамырда көршілес Шулуунхөх қаласының студенттері мен сол маңдағы малшылар жиналып, автономиялық аудан орталығына беттеген. Шығыстағы Улаанхад қаласында да жүздеген студент шеруге шыққан. Шерушілер мен полиция арасында қақтығыс болып, 40-тай адам тұтқындалған. Қытай билігі бұл аймақта төтенше жағдай жариялап, арнайы жасақ пен әскери техника енгізді.

28 мамырда Шулуунхөх қаласында шерушілерге қарсы 300-дей арнайы жасақ сарбазы шығарылып, біраз адам соққыға жығылды. Билік студенттерді оқу ғимараттарының жоғарғы қабаттарындағы бөлмелерге қамап, далаға шығармай қойды. Қала көшелеріне тосқауылдар орнатылды. Жергілікті телеарна «қарсылық жалғаса берсе, жалғыз амалы – қуып тарату» екенін хабарлады. Жоғары оқу орындарында сенбі, жексенбі күндері демалыс болмайтыны, студенттердің сабақ оқитындары жарияланды.

Ішкі Моңғолияның орталығы Көк қаласындағы ұлттық университет армияның қоршауына алынып, барлық мектептер мен колледждер қауіпсіздік күштерінің бақылауына көшті.

ҚЫТАЙ БИІЛІГІ ИНТЕРНЕТТІ АУЫЗДЫҚТАДЫ

«Оңтүстік Моңғолиядағы адам құқықтары ақпарат орталығы» ұйымының айтуынша, наразылық таныту жоспары әу баста интернет арқылы талқыланып, таратылған. Ол жоспар бойынша, 29 мамырда Эрээн қаласында, 30 мамырда Хулун бойр қаласындағы Шыңғыс хан алаңында наразылық шеруі өтуі керек болған; әлемнің басқа елдеріндегі моңғолдар 30 мамыр күні жергілікті уақыт бойынша түскі сағат 12-де АҚШ, Жапония, Моңғолия, Германия, Швеция, Норвегия, Франция, Нидерландыдағы қытай елшіліктері алдында наразылық шарасын өткізуі тиіс.

Қытайдағы оқиғаға халықаралық құқық қорғау ұйымдары да пікір білдіріп жатыр. Адам құқықтары бойынша Amnesty International ұйымы Қытай билігін ұстамдылыққа шақырып, Ішкі Монғолиядағы этникалық монғолдардың наразылық шарасынан кейін халықты басып-жаншымауды сұрады.

«Оңтүстік Моңғолиядағы адам құқықтары ақпарат орталығының» мәліметінше, полициямен арадағы қақтығыстарда біраз адам жараланған.

Қазір Ішкі Моңғолиядағы интернет байланысы тосқауылға ұшырағандықтан ондағы оқиға туралы анық хабар жоқ. Ал бүгін CNN агенттігі Шилийн қаласы ақпарат басқармасының бастығы Чжао Лю Меннің «Бізде төтенше жағдай жарияланған жоқ. Бәрі дұрыс» деген сөзін жариялады. The Epoch Times сайтының мәліметінше, қарсылық шарасы әлі өтіп жатыр.

«Бұл – Қытайда тибеттіктер пен ұйғырлардан кейін, Ішкі Моңғолияда соңғы отыз жылда болмаған қақтығыс» деп жазады моңғолиялық Sonin.mn сайты.

ДАУДЫҢ БАСЫ – КӨМІР КЕНІ

Ішкі Моңғолия – Қытайдың солтүстігіндегі 1947 жылы құрылған автономиялық аудан. Құрылған кезде мұнда 5 жарым миллион адам болған. Қазіргі жан саны – 24 миллион. Жергілікті ұлт – моңғолдар мұнда тұратын халықтың 17 пайызын ғана құрайды.

Моңғолдар көбінесе мал бағып, көшіп-қонып жүреді. Қытай үкіметі соңғы жылдары «аймақтың экологиялық жүйесін сақтау мақсатында» 250 мыңдай моңғол малшыларын бұл аймақтан көшірген. Этникалық моңғолдар мұны «қытайландыру саясаты» деп қабылдайды.

Бейжің Ішкі Моңғолияны «Қытайдың энергетикалық қоры» деп жариялап, бұл аймақтан - көшпенді халықтың жайлау-қыстаулары тұрған жерлерден жүздеген көмір кенін ашып жатыр. Мұндағы 36 ашық кен орнындағы көмір қоры 732 миллиард тоннаға жетеді деп болжанған. «Синьхуа» агенттігінің 2010 жылғы мәліметіне қарағанда, Ішкі Моңғолия жылына 100 миллион тонна көмір өндіріп, Қытайдың осы саладағы жетекші аймақтарының біріне айналған.

«Қытай бізге үш жақтан шабуыл жасап жатыр: жерімізді бүлдірді, ауамызды ластады, енді жердің астындағы алып жатыр. Бізден кейін адам тұрғысыз қу дала ғана қалатын түрі бар» деп жазады Ішкі Моңғолияда тұратын Баягуут есімді блогшы.
XS
SM
MD
LG