Accessibility links

АҚШ студенттері ресейлік RT арнасын зерттеп жатыр


Russia Today (RT) телеарнасының бас редакторы Маргарита Симонян. 8 қараша 2005 жыл.
Russia Today (RT) телеарнасының бас редакторы Маргарита Симонян. 8 қараша 2005 жыл.

АҚШ-тағы журналистика мектебінің студенттері Ресей қаржыландыратын RT арнасын зерттеп, оны «Кремль насихатының құралы» деп айыптау әділетті ме деген сауалға жауап іздеді.

Украина дағдарысы кезінде АҚШ-тың жоғары лауазымды шенеунігі «Кремль насихатының рупоры» деп атаған RT (Russia Today) арнасы тәрізді көпшілік тарапынан біржақты сипаттамаға ие болған ақпарат құралын табу қиын шығар.

СТУДЕНТТЕР ШОЛУЫ

АҚШ-тағы танымал журналистика мектебінің студенттері «RT арнасы шынымен де жалған ақпарат бере ме?» деген сауалға жауап іздеп, арнаның телехабарлары мен онлайн жаңалықтарын біраз уақыт бақылаған.

– Батыс ғалымдары мен Колумбия округінің сыртқы саясаттағы өкілдері көрмейді десек те, RT арнасының әжептеуір көрермендері бар екен. Сондықтан біз «Ешкім олардың әрекетін бақылап жатқан жоқ қой. Бұл жұмысты біреу атқаруы керек шығар» деген ұйғарым жасадық, – дейді Нью-Йорктегі Колумбия университеті журналистика жоғары мектебінің студенті Пола Лем.

RT телеарнасының жүргізушісі Эбби Мартин тікелей эфирде Ресейдің Украинаға қатысты әрекетін айыптаған.
RT телеарнасының жүргізушісі Эбби Мартин тікелей эфирде Ресейдің Украинаға қатысты әрекетін айыптаған.

Лем сияқты ондаған студент осы айдың басында RT Watch атты блог бастады. Бұл блог – 1980 жылдары Ұлттық қоғамдық радионың (NPR) мәскеулік бюросына жетекшілік еткен, қазір студенттерге сабақ беретін Энн Купердің «Аудитория және міндет» деген пәні жоспарының бір бөлігі.

Студенттер RT арнасының түрлі оқиғаларды сөз ететінін анықтады. Олар телеарнаның АҚШ вице-президенті Джо Байденге пародия жасаудан бастап («RT мен АҚШ басылымына ортақ бір тақырып табылды-ау» деген тақырыпта) Шығыс Украинадағы репортаж жасайтын RT әскери тілшілерінің хабарларына дейін көрді.

Жақында RT шолушылар ресей рублінің құлдырауы мен Шешенстан басшысы Рамзан Қадыровтың «Ислам мемлекеті» ұйымын бүкіл әлемдегі елдерге мұсылман дінін жеккөрінішті ету үшін Батыс қолдан жасады» деген пікіріне қатысты арнаның ұстанымын талқылаған.

«РЕСЕЙЛІК ҰСТАНЫМДЫ ТАРАТУШЫ»

«RT арнасы Қадыровтың теориясын сынамай, күмән келтірмей жариялады» дейді жобаға қатысушы Кейси Мишель. Азаттыққа сұхбат берген ол «RT арнасына қатысты әр пікірде таптаурын көзқарас жататынын» айтты.

– Мен де солай бөгденің пікіріне құлақ асып келдім. Соңғы бірнеше апта бойы арнаның жаңалықтарын талдап, нақты дәлел табуға тырыстық, – дейді ол.

Энн Купердің айтуынша, қазіргі студенттер оқу семестрін аяқтағанда басқа студенттер жобаны жалғастырып әкетеді.

Ресей президенті Владимир Путиннің Russia Today телеарнасына келген сәті. Мәскеу, 11 маусым 2013 жыл.
Ресей президенті Владимир Путиннің Russia Today телеарнасына келген сәті. Мәскеу, 11 маусым 2013 жыл.

2005 жылы құрылған RT арнасы Ресей үкіметінің ұстанымын жариялайтын ақпарат құралына айналды. RT арнасының өзі «ғаламдық ауқымды мәселелерге балама көзқарас ұсынып, әлем халқына ресейлік ұстаным тұрғысынан ақпарат таратамыз» дейді.

RT арнасын АҚШ және ЕО шенеуніктері көп сынап, «Ресей Қырым түбегін қосып алғанда және Шығыс Украинадағы соғысқа қатысты бұрмаланған деректер берді» деп айыптайды.

Өткен жылдың сәуірінде АҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Керри бұл телеарнаны «Кремль насихатының рупоры» деп атап, «Ресей президенті Владимир Путиннің әлемдегі орны туралы қиялын дамытуға арналған арна» деп сипаттаған.

RT телеарнасының бас редакторы Маргарита Симоньян «отаны үшін осындай қиын әрі қоршылық заманда Керри мырзаның біздің телеарнаны уайымдаудан басқа жұмысы қалмаған ба» деген.

Ал Энн Купердің айтуынша, көптеген адамдар RT туралы баспасөзден ғана естіген.

– Онда арнаның неліктен «Кремль насихатшысы» аталғаны жазылады. Бірақ мәселе одан да күрделі, – дейді Энн Купер.​

Азаттық тілшісі Карл Шректің мақаласын ағылшын тілінен аударған – Динара Әлімжан.

XS
SM
MD
LG