Accessibility links

Жасөспірімдер олимпиадасында «тарихи алтыннан» үміт бар


Қазақстандық биатлоншы Арина Пантова. Сурет спортшының жеке мұрағатынан алынды.
Қазақстандық биатлоншы Арина Пантова. Сурет спортшының жеке мұрағатынан алынды.

Норвегияның Лиллехамер қаласында басталған жасөспірімдер арасындағы 2-қысқы олимпиадаға Қазақстаннан 20 спортшы қатысып жатыр. Сарапшылар Қазақстан «алғашқы алтынын алуы мүмкін» дейді.

Қазақстан бұл жарыста әзірге алтын алып көрмеген. Алғашқы жасөспірімдер олимпиадасы 2012 жылы Инсбургте (Австрия) өтіп, Қазақстан жасөспірімдері бір күміс, екі қоламен қайтқан.

Қазақстанның бұл жолғы құрамасы Инсбург олимпиадасы кезінде 15-ке толмаған екі спортшымен толықты. Олар – 15 жастағы мәнерлеп сырғанаушы Элизабет Тұрсынбаева мен 16 жастағы биатлоншы Арина Пантова. Екі спортшы да бұған дейінгі өткен халықаралық жарыстарда жүлде салған үздіктер.

Бұл олимпиаданы отбасыммен бірге ұзақ күттік. Бапкерлерім мен қазақстандық жанкүйерлердің үмітін ақтасам деймін.
Биатлоншы Арина Пантова

Павлодарлық биатлоншы Арина Пантованың басты мақсаты – Лиллехамер жасөспірімдер олимпиадасында алтын алу. Ол Норвегия климатына бейімделу үшін олимпиада өтетін жерге бір апта бұрын барған.

– Бұл олимпиаданы отбасыммен бірге ұзақ күттік. Бапкерлерім мен қазақстандық жанкүйерлердің үмітін ақтасам деймін. Алтынға таласуға мүмкіндігім бар, - дейді жас спортшы Азаттыққа.

Арина Пантова қаңтарда биатлоннан Румынияда өткен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында 7,5 километрлік жарыстан алтын медаль алған. Олимпиадаға жолдаманы да сол жолы иеленген.

Қазақстандық жанкүйердің тағы бір үміті – мәнерлеп сырғанаудан бірнеше халықаралық жарыстарда жүлде алған Элизабет Тұрсынбаева. Жасөспірімдер спортын зерттеп жүрген блогер Айдос Рымқұл «Тұрсынбаеваның бәсекелестері де мықты» дейді.

Мәнерлеп сырғанаушы Элизабет Тұрсынбаева Skate America жарысында. Милуоки, АҚШ, 23 қазан 2015 жыл.
Мәнерлеп сырғанаушы Элизабет Тұрсынбаева Skate America жарысында. Милуоки, АҚШ, 23 қазан 2015 жыл.

– Биылғы олимпиадада биатлоншы Арина Пантова мен мәнерлеп сырғанаушы Элизабет Тұрсынбаевадан медаль күтуге болады. Биатлоншы Арина Пантова – алтынға басты үміткер. Ол Румынияда әлем чемпионатында бабында екенін дәлелдеді. Ал Тұрсынбаеваның бақталастары ресейлік Мария Сотскова, Полина Цурская және жапониялық Юна Шираява болмақ. Сотская мен Цурская биылғы жарыстарда Тұрсынбаевадан жоғары ұпай жинаған. Сондықтан оған сәл қиындау болады, - дейді ол.

Қазақстан мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы атлеттерді шығарып салу рәсімінде алдыңғы олимпиадаға барған спортшылар санынан (38) Лиллехамерге аттанған қазақстандықтар саны екі еседей аз (20) екеніне қарамастан, бұл олимпиада Қазақстан үшін «Инсбургтен де сәтті болады» деп мәлімдеді.

15-18 жастағы спортшылар ғана қатысатын жасөспірімдер олимпиадасының алғашқы ойындарында (Инсбург) Қазақстан жалпыкомандалық есепте 23-орынды қанағат тұтқан еді. Ол жолы 1-орын - Германияға, 2-орын - Қытай, 3-орын Австрияға бұйырған.

Бұл жолы Қазақстан жасөспірімдері олимпиадаға биатлон (4 спортшы), коньки (4), шана спорты (3), шаңғы (2), фристайл (2), шорт-трек (2), трамплиннен секіру (1), тау шаңғысы (1), мәнерлеп сырғанау (1) сияқты спорт түрлерінен қатысады.

Лиллехамердегі олимпиадаға 71 елден мыңнан астам спортшы барған. Бұл жарысқа Орталық Азиядан Өзбекстан, Түркіменстан, Тәжікстан спортшылары жолдама ала алмады.

XS
SM
MD
LG