Accessibility links

Назарбаев атындағы көшелер


Түркиядағы «Адана хаберлери» агенттігінің Нұрсұлтан Назарбаев атында көше ашылғаны жайлы жаңалығынан алынған фотокопия.
Түркиядағы «Адана хаберлери» агенттігінің Нұрсұлтан Назарбаев атында көше ашылғаны жайлы жаңалығынан алынған фотокопия.

Жуырда Түркияда Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың құрметіне тағы бір көше аталды. Бұл - көшеcіне Назарбаев есімі берілген Түркияның төртінші қаласы.

Түркияның Адана қаласындағы орталық даңғылдардың біріне Назарбаев есімі берілді.

Түріктің «Адана хабарлары» ақпараттық агенттігінің хабарлауынша, губернатор Мұстафа Буюк даңғылдың ашылу салтанатында «Назарбаев -халықаралық деңгейде танылған тұлға. Оның елін дамыту стратегиясын Түркияның іргесін қалаған Мұстафа Кемал Ататүріктің жоспарымен салыстыруға болады. Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен Қазақстан әлемнің көптеген халықтары үшін өркендеудің, бейбітшілік пен тұрақтылықтың символына айналғанын атап өткім келеді» деп мәлімдеген.

Бұл - орталық көшелерінің біріне Назарбаевтың аты берілген Түркияның төртінші қаласы. 2011 жылдың сәуірінде Назарбаевтың құрметіне Невшехир қаласы көшелерінің бірін атаған. 2012 жылдың қазанында Назарбаев есімі Қыршехир қаласындағы, ал 2013 жылы Гебзе қаласындағы көшеге берілген.

ШЕШЕНСТАНДА БАСТАЛҒАН

2010 жылдың маусымында Түркия астанасында Назарбаевқа ескерткіш орнатылды. Оны ашу салтанатында сол кездегі Түркия президенті Абдулла Гүл «бұл – оның күллі түркі әлемі үшін жасап жатқан игі істеріне ризашылық белгісі» деді.

Қазақстан парламенті депутаты Айгүл Соловьева түрік қаласы көшесіне президент есімін беру туралы шешімді заң шығарушы орган қабылдағандықтан, оның заңдылығы мен жариялылығына күмән жоқ деп санайды.

Түркиядағы «Адана хаберлери» агенттігінің Нұрсұлтан Назарбаев атында көше ашылғаны жайлы жаңалығынан алынған фотокопия.
Түркиядағы «Адана хаберлери» агенттігінің Нұрсұлтан Назарбаев атында көше ашылғаны жайлы жаңалығынан алынған фотокопия.

- Еліміз тәуелсіздік алған алғашқы күннен бастап Қазақстан-Түркия қатынастарын дамытуға Назарбаевтың қосқан үлесі өлшеусіз әрі ол кісінің қолдауымен қазақ-түрік достығы нығая беретініне сенімдімін, - дейді ол.

Түркия билігі шешімін тәуелсіз журналист Сергей Дуванов та орынды санайды. Ол Азаттыққа «Қазақстан-Түркия қарым-қатынасын дамытуға Нұрсұлтан Назарбаев шынымен зор үлес қосты» дейді.

Қазақстаннан тысқары жерлерде президент Назарбаевтың құрметіне аталған тұңғыш көше 2007 жылы Шешен Республикасының Грозный қаласында пайда болған. Кейін Назарбаев есімі қаладағы бір мектепке де берілді.

2010 жылдан бері Иордания астанасы Амман қаласында да Назарбаев атындағы көше бар. Ал Қырғызстандағы Шолпан Ата қаласында Нұрсұлтан Назарбаевқа қола мүсін орнатылған. Қазір Ош қаласында Назарбаев атындағы саябақ пен мектеп салынып жатыр. БАҚ-тың хабарлауынша, мектеп құрылысын Қазақстан қаржыландырады.

ҚАЗАҚСТАНДА НАЗАРБАЕВ КӨШЕСІ ЖОҚ

Назарбаевқа алғашқы ескерткіш Украинаның Днепродзержинск қаласында орнатылған. 1958-1960 жылдары Қазақстанның болашақ президенті осы елде жергілікті кәсіптік училищеде оқыған.

Ал Қазақстанның өзінде Назарбаевтың есімімен аталатын көше жоқ. Соңғы жылдары шенеуніктер мен парламент депутаттары Астана әуежайы мен ел астанасын Нұрсұлтан деп атауды талай ұсынған, бірақ президент бұл ұсыныстарды қабылдамады.

Астанадағы жаңа университет Назарбаевтың есімімен аталады. Қазақстандағы «Назарбаев зияткерлік мектебі» аталатын мемлекеттік элиталық мектептер желісі ғылым, экономика және саяси саладағы дарынды балаларды оқытуға арналған.

2010 жылдың шілдесі - Нұрсұлтан Назарбаевтың туған күні қарсаңында Алматыда дендропарк ашылып, президент құрметіне аталды. Оның есімімен аталатын саябақтар Астана, Ақтөбе қалаларында да бар.

2001 жылы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың құрметіне «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев» ордені тағайындалған. Наградалар жүйесіндегі дәрежесі – үшінші орында.

Іле Алатауының Тян-Шань жотасының солтүстік беткейіндегі Комсомол шыңы атауы 1998 жылы «Нұрсұлтан шыңы» деп өзгертілген.

2015 жылы Нидерланд Назарбаевтың бейнесі салынған пошта маркасы мен «президент Назарбаев» қызғалдағының жаңа сортын таныстырды.

  • 16x9 Image

    Гүлбану ӘБЕНОВА

    Гүлбану Әбенова - 2008 жылдың тамызына бері Азаттық радиосы сайтының авторларының бірі. Мәскеу гуманитарлық университетінің тарих факультетін тәмамдаған, Ұлттық өнер академиясында театр сыншысы оқуын бітірген, Евразия ұлттық университетінің магистратурасын «Әлеуметтану» мамандығы бойынша аяқтаған. «Экспресс К» газетімен, басқа да қазақстандық басылымдармен әріптес болған. 1999 жылдан бері Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

XS
SM
MD
LG