Accessibility links

Мұнайдың арзандауы әлем елдеріне қалай әсер етеді?


Мұнай бағасының арзандауы Батыс елдері тұтынушыларына тиімді болғанымен, оны өндіруші елдерше тиімсіз. Суретте: Баку маңындағы мұнай сорғылары.
Мұнай бағасының арзандауы Батыс елдері тұтынушыларына тиімді болғанымен, оны өндіруші елдерше тиімсіз. Суретте: Баку маңындағы мұнай сорғылары.

Мұнай бағасының соңғы онжылдықта ең төмен бағаға түсіп, арзандауы бүкіл әлем үшін күтпеген жағдай болды, енді оның салдары да ұзақ уақыт байқалатын сияқты.

Күрдтердің «Пешмерга» жасағы жауынгерін, ресейлік тұрғын мен америкалық шахтерді не біріктіреді?

Олардың бәрі мұнай бағасының төмендеуінен зардап шекті. Көптеген Батыс елдері тұтынушылары үшін мұнайдың арзандағаны тиімді, өйткені олар үйлерін жылытуға, көліктерін жүргізуге азырақ құн төлей бастайды. Бірақ соңғы онжылдық ішінде мұнайдың ең төменгі бағамен сатылуының бүкіл әлем үшін тосын геосаяси және экономикалық салдары болуы мүмкін.

ИРАК

Мұнайдың арзан бағасы Ирактың «Ислам мемлекеті» (ИМ – Қазақстанда тыйым салынған террористік топ) содырларымен соғысуын қиындатады. ИМ бұл елдің солтүстігі мен батысындағы үлкен аумақты басып алған. Ирактың солтүстігіндегі Күрдістан жартылай автономиялық аймақтық үкіметі мұнайдан түскен табысқа тәуелді, қазір олардың 18 миллиард доллар қарызы бар. Демек, Күрдістан үкіметі әскери және мемлекеттік қызметкерлерге жалақы төлей алмай қалуы мүмкін. Бұл ИМ-мен соғысуға үлкен кедергі келтіреді, себебі күрдтерден құралған «Пешмерга» жасағы ИМ-ге тойтарыс беріп тұрған үлкен күш.

Ирактың жалпы жағдайы мәз емес, оның үстіне мұнайдың арзандауы көптеген қиын мәселелер тудырды. Мемлекет бюджетінің 95 пайызы мұнайдан түседі. Демек, арзан мұнай Ирактың әр тұрғынының тұрмысына әсер етеді деген сөз. Ирактың ИМ-ге қарсы тұруына келсек, қолма-қол ақшаның азаюы әскери техника сатып алу, қауіпсіздік күштеріне қаржы төлеу, ИМ жасағы талқандаған қалаларды қалпына келтіру сияқты шаруалардың тоқырауына әкеледі.

Енді Ирак басқалардан көмек іздейді. Оксфорд университетіндегі Таяу Шығыс энергетикасы жөніндегі сарапшы Джастин Даргин «Ирак және күрд жауынгерлері бірнеше айдан бері жалақы алған жоқ. Бірақ ИМ-ге қарсы тұруға халықаралық коалиция қатты күш жұмсап жатыр, сондықтан бұл тарапта Ирак жалғыз қалмайды. АҚШ та қарап отырмайды, қауіпсіздікке қатысты шығындар бюджетіне Еуропа Одағы да үлес қосуы мүмкін» дейді.

АҚШ 2015 жылы Ирак үкіметіне көмек ретінде 1 миллиард 600 миллион доллар бөлді. Оған қоса, 2015 жылдың шілдесінде Бағдад экономикасын дамыту үшін Дүниежүзілік банктен 1 миллиард 700 миллион доллар несие алды.

МҰНАЙ БАҒАСЫНЫҢ ЭКСТРЕМИСТІК ТОПТАРҒА ӘСЕРІ

Мұнай - экстремистік топтардың да негізгі табыс көзі. Бұл топтар Сирия мен Ирак мұнайын өндіріп және оны контрабандалық жолмен сатып бір айда ондаған миллион доллар пайда табады. Өзара келіспей жүрсе де, Мәскеу мен Вашингтон ИМ-нің Сириядағы мұнай өндіруіне мүмкіндік беретін инфрақұрылымдарды атқылап, содырларға қысымды күшейтті.

Өндірістік инфрақұрылымдары қирауынан бөлек, сарапшылардың айтуынша, мұнай бағасының арзандауы да ИМ-нің қолма-қол ақша табу мүмкіндігін азайтады.

«ИМ жасағы мұнай тасымалдап, кейбір делдалдардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Бұл сауда Түркияның оңтүстігіне мұнай тасымалдаумен тығыз байланысты. Шекараның Түркия жағынан келіп, ИМ мұнайын сатып алатын адамдар бар. ИМ табыстың көп бөлігін содан алады» дейді Даргин.

Мұнайдан түсетін пайдаға тәуелді елдердің инфографикасы:

САУД АРАБИЯСЫ

Мұнайдың арзандауы Сауд Арабиясы бюджетін де ортайтатын түрі бар. Бұл құбылыс Эр-Риядтың аймақтағы елеусіз ықпалына да кесірін тигізеді.

Әлемде ең көп мұнайды өндіретін және ең бай елдердің бірі Сауд Арабиясы елеулі экономикалық өзгеріске ұшырайды. Эр-Рияд өзінің әлеуметтік қамтамасыз ету жүйесін қазіргі гүлденген қалпында сақтау үшін құрылыс жобаларын азайтып, жаңа салықтар енгізуді жоспарлап жатыр. Мысалы, мемлекет алдымен бензинге субсидияны азайтуға шешім қабылдады. Халықаралық валюта қоры «егер осылай жалғаса берсе, монархияның бес жылда банкротқа ұшырауы мүмкін» екенін айтады.

IHS Jane's орталығының мұнай нарығы бойынша сарапшысы Спенсер Уэлч«Сауд Арабиясы басқа ОПЕК (Мұнай экспорттаушы елдер ұйымы) мемлекеттерімен салыстырғанда банктегі қаржысы көп, қарызы аз ел. Бірақ бұл олар өзгермейді, жағдайға бейімделмейді деген сөз емес» дейді.

Оның айтуынша, Эр-Рияд сыртқы саясаттағы қаржылық міндеттемелерін азайтып, қорғаныс пен қауіпсіздікке салатын қаржысын азайтуы мүмкін.

Сауд Арабиясының қаржы үнемдеу саясаты өзге мемлекеттерге көмек көрсету жобаларына қатысты болуы мүмкін. Мәселен, бұқаралық ақпарат құралдарын, сараптама орталықтарын, академиялық институттарды, діни мектептерді және қайырымдылыққа ақша жұмсау азаяды. Сауд Арабиясы негізгі одақтасы Египетке қаржылық қолдау көрсетуді азайта бастады деген ақпарат бар.

КАТАР

Мұнайға бай Катар қаржыландыратын Al Jazeera арнасы өзінің America бөлімшесін 2013 жылы үлкен жарнамамен ашқан еді. Телеарна басшылары тіпті АҚШ-тағы Fox News және CNN сияқты ірі арналармен бәсекелес болу ниеті бар екенін мәлімдеді.

Солтүстік Америкаға хабар тарататын кабельді арнаға жүздеген миллион доллар құйылған соң Al Jazeera America жақында сәуірдің 30-ынан соң қаржылық қолдаудың тоқтайтынын ескертті. Рейтингісі төмен болған арна бизнес моделінің «қарапайым әрі тұрақты емес» болғанын мойындады. Бірақ телеарна ашылған кезде мұнайдың бір баррелі 98 доллардан сатылғанын, қазір 30 доллардан да арзандап кеткенін ескерсек, Катардың ақшаны желге шашқысы келмейтіні түсінікті болды.

ИРАН

Экономикалық санкциядан құтылып, табиғи байлығы – мұнайды экспорттау арқылы пайдаға кенелуді ойлаған Иранның жоспары да жуықта орындала қоймайды. Тегеран нарықтағы жағдай осылай қала берсе де мұнай өндіру мен экспорттауды жоспарлағандай көбейтетінін хабарлады. Солайша Иран өндірісті азайтудан бас тартып, нарықтағы үлесін сақтап қалуға тырысқан аймақтағы бәсекелесі Сауд Арабиясына қарсы тәсіл қолданбақ.

Сарапшылар «нарыққа Иранның жарты миллион баррель мұнайы қосылса, Таяу Шығыста баға соғысы басталады» деп болжайды.

«Ирандықтар шамалары келгенше көп мұнай өндіретіндерін тұспалдады, Иран Сауд Арабиясымен баға соғысын бастауы мүмкін» дейді Даргин.

Уэлч «Иран «Сауд Арабиясы да өндіру мен экспорттауды азайтпайды, онда неге біз азайтуымыз керек?» дейді. Оның үстіне, Иранның қазіргі экономикалық жағдайы ауыр. Ол өзі жоғалтып алған нарықтағы үлесін қайтаруға тырысады. Сатып алушылар арзан мұнайды алады. Иран мұнайы арзан болса, соны алады, солайша бәсеке орнайды» дейді.

АҚШ ЖӘНЕ БРИКС ЕЛДЕРІ

Америкалық тұтынушылар мұнай арзандауынан жылына 700 миллион доллар пайда көреді. Олардың қалтасында қалған «артық ақша» тұтыну қабілетін арттырады. Бірақ мұнайдың өте төмен бағасы АҚШ-тың қарқынды түрде дамып келе жатқан энергетика саласына теріс ықпал етеді.

АҚШ-тағы тақтатас мұнайын өндірушілер биыл ондаған мың жұмысшыны жұмыстан қысқартты. Өткен жылы Халықаралық энергетика агенттігі мұнайдың арзандауы жаңадан дамып келе жатқан «тақтатас» өнеркәсібін тежейді деген еді.

Мұнайдың арзандауы БРИКС (Бразилия, Ресей, Үндістан және Қытай) елдеріне де әртүрлі ықпал етеді. Мұнай өндірмей, оны тек сатып алатын Қытай мен Үндістан пайдаға кенеліп жатыр. Ал мұнай экспорттаушы Ресей мен Бразилия үшін бұл - жаман жаңалық.

Мұнай бағасының шектен тыс құлдырауы әлемде экономикасы жағынан жетінші орында тұрған Бразилияны төменгі орынға түсірді. Ресей рублі тарихта болып көрмеген жағдайда арзандады. Экономистердің айтуынша, Ресей экономикасы 2015 жылы тоқырауға ұшыраған, осы жылы бюджет тапшылығы жиынтық өнімнің 3 пайызы көлемінде болмақ және үкімет федералдық бюджеттің 10 пайызын қысқартатынын мәлімдеді.

Фруд Бежанның мақаласы ағылшын тілінен аударылды.

XS
SM
MD
LG