Дүйсенбі, 24 наурыз 2008 жыл.    
Жаңалықтар
Қазақстанда мыңдаған адам ауыз сусыз қалған
Қазақстанның батыс аймақтарында су тасқыны сумен қамтамасыз ету жүйелеріне зақым келтіргендіктен дүйсенбі күні мыңдаған адам ауыз сусыз қалды. Бұл туралы елдің Төтенше жағдайлар министрігі хабарлап отыр. Ал өткен айда оңтүстік Қазақстандағы су тасқыны салдарынан кемінде 1 адам қаза тауып, 12 мыңнан астам адам өз үйлерін тастап кетуге мәжбүр болған еді.
Ирақта қаза тапқан АҚШ сарбаздарының саны 4 мыңға жетті
Бүгін Бағдадта орын алған жарылыстан 4 АҚШ жауынгері қаза тапты. Сөйтіп 5-жылдық Ирақ соғысында құрбан болған АҚШ әскерилерінің саны кемінде 4 мыңға жетіп отыр. Сонымен қатар, жексенбі күні Ирақта болған әртүрлі шабуылдардан шамамен 60 адам опат болған. Елдің солтүстігіндегі Мосул қаласында орын алған жанкештілік шабуылдан 13 Ирақ сарбазы мерт болды деп хабарланып отыр.
Олимпиада алауының эстафетасы басталды
Бүгін Грекияның ежелгі Олимпия қаласында Бейжіңде өтетін жазғы ойындар үшін Олимпиада алауының эстафетасы басталды. Олимпиада алауы тамыздың 8-де басталатын ойындар үшін Қытай астанасына жету алдында 20 ел арқылы өтетін болады. Тибетті қолдайтын наразылық танытушылар Бейжиңдегі Олимпиада ойындарына бойкот жариялауды талап етуде.
Қырғызстандағы төңкеріске үш жыл толды
Бүгін Қырғызстан 2005-ші жылы орын алған төңкерістің үш жылдығын атап өтуде. Сол кездегі жаппай шерулер нәтижесінде Асқар Ақаевтың үкіметі құлатылып, билікке президент Құрманбек Бәкиев келген болатын. Осы айдың басында Қырғыз парламенті наурыздың 24-ін “Халықтық төңкеріс күні” деп аталатын жаңа мейрам ретінде тойлауға келісті.
Қырғыз президентінің денсаулығына байланысты болжамдар жоққа шығарылды
Қырғызстан президентінің кеңсесі президент Құрманбек Бәкиевтің денсаулығы өте нашар болып кетті деген болжамдарды айыптады. Бүгін жариялаған мәлімдемесінде президент кеңсесі мұндай хабарлардың саяси астары бар деп оларды жоққа шығарды. Ресмилердің айтуынша, Бәкиевтің денсаулық жағдайы жақсы, және осы аптаның аяғында ол Германиядан елге оралатын болады. Наурыздың 28-і күні Бішкек әуежайында Қырғыз президентімен сұхбаттасуға журналистер шақырылатын болады дейді, президент әкімшілігінің басшысы. Құрманбек Бәкиев наурыздың басынан бері Германияда жүр.
Ресей мен Арменияның жаңа президенттері Мәскеуде кездесті
Жаңадан сайланған Ресей мен Армения президенттері екі елдің тығыз дипломатиялық қарым-қатынастарын сақтауға уәде берді. Бұл туралы олар бүгін Мәскеудегі кездесуінде хабарлады. Наурыздың 2-і күні сайланған Ресей президенті Дмитрий Медведев мамырдың 7-і күні өз жұмысына кіріссе, ал Арменияның жаңа президенті Серж Саркисянның инаугурация рәсімі сәуірдің 9-да өтеді. Бүгін кешірек Саркисян қызметінен кететін Ресей президенті Владимир Путинмен кездеседі деп күтілуде. Арменияда Ресейдің әскери базасы орналасқан.
Украина теңізшілерінің тағдырына орай үміт азайып отыр
Жоғалып қалған 18 Украина теңізшісінің тағдырына орай үміт азайып отыр. Сенбі күні Гонконг жағалауында украиналық теңізшілердің кемесі қытайлық бір жүк кемесімен соқтығысып қалып, суға батып жатқан кезде 7 адам аман қалған болатын. Құтқару жұмыстары одан әрі жалғасып жатыр бірақ теңізшілер мұхитқа батып кеткен кеменің ішінде қалып қалған болуы мүмкін.
Шабуылдар кесірінен Ирақта 50-дей адам қаза болды
Мосулда көліктегі жанкештілік жарылыстан Ирақтың 13 солдаты қаза болып, 42-сі жараланған. Бағдат базарында қарулы топ 7 азаматты өлтірді. Бағдаттағы Жасыл аймақта жексенбінің кешінде, кем дегенде 6 бөлек жарылыс болды. АҚШ-тың бақылауындағы бұл жерден шығып жатқан түтін көзге шалынған болатын. Жасыл аймақта кем дегенде 5 адам жараланды, делінген АҚШ елшілігінің мәлімдемесінде.
Олимпиада ойындарына кедергі жасағысы келеді деген Қытай ресмилерінің өзін айыптауын Далай Лама жоққа шығарды
Қытай ақпарат бұлақтарында жарық көрген мұндай хабарлар негізсіз, деді ол. Олимпиада ойындарын пайдаланып, елдегі коммунистік билікті құлатуды көздей отырып, Тибетте лаңкестік әрекеттер ұйымдастыруда, деп Қытай басшылары Далай Ламаны айыптаған болатын. Бұл айыптау шерулер басталғаннан 2 апта кейін жасалып отыр.
Пәкістан-Ауған шекарасында, кем дегенде 25-тей жүк тасығыш көліктер қиратылды
Оның көбісі НАТО күштері үшін мұнай тасып келе жатқан болатын. Ауғанстанға енбек болған ол көліктердегі жексенбі күнгі бұл жарылыс Торхам атты аялдамадағы көліктер арасында болған. Бұл жарылыс бомбалық әрекеттен болды, деген пікір айтылуда. Бірнеше адам жараланған. Ресмилер сөзіне қарағанда 60-тан аса жүк тасығыш көліктер отқа оранған.
Қырғыз президенті сырқат деген қаңқу сөзді ресмилер жоққа шығаруда
Президент әкімшілігінің басшысы Мидет Садыркуловтың Интерфакс агенттігіне айтуынша, Құрманбек Бакиевтің денсаулық жағдайы өте жақсы. Наурыздың басынан бері Германияда жүрген Бакиев 28-наурызда қайтып оралған кезде, журналистер әуе жайға шақырылатын болады. Ол жерде олар президентпен сөйлесе алады, деді Садыркулов.
Солтүстік Ирақтағы күрд көтерілісшілері нысаналарын Иран елі артиллериядан жексенбіде атқылады
Атқыланған ол шекаралық үш қалада Ирандық күрд көтерілісшілері әрекет етуде, деген сенім бар, дейді хабарлар. Ирақ күрд ресми өкілінің айтуынша, Марадо, Разда, Долакока қалаларындағы Күрдістандағы еркін өмір үшін атты партия шабуылшыларын екі сағат бойы атқылап, нысанаға алған. Техран бұған орай пікір білдіре қойған жоқ.
 
Radio Free Europe / Radio Liberty © 2003 RFE/RL, Inc. All Rights Reserved. contact us: webmaster@rferl.org