|
Жаңалықтар
Украина шекарашыларының Ми-8 тікұшағы Қара теңізге құлап түсті
КИЕВ: Бүгін Украинаның оңтүстігінде шекарашылардың апатқа ұшырған Ми-8 тікұшағынан 7 адамның мәйіті табылды. 1 кісі әлі тірі, бірақ ауыр халде болып шықты, тағы 5 адамның тағдыры беймәлім. Ол туралы Украинаның шекараны күзету қызметі хабарлады. Тікұшақ Одесса қаласынан “Змейный” аралына қарай ұшып шығып, не себептен Қара теңізге құлағаны әзірше белгісіз. Тікұшақта 3 ұшқыш пен 10 жолаушы болған.
Ауғанстанда қаза тапқан даниялық жауынгерлердің саны 14-ке жетті
КАБУЛ: Бүгін Ауғанстанның оңтүстігінде тәліптерге ұқсайтын партизандардың тосын шабуылынан даниялық 1 жауынгер оққа ұшып, екіншісі жараланды. НАТО-ның басқаруына қарайтын халықаралық күштердің басшылығы хабарлағандай, әлгі жауынгерлер Гильменд облысының Герешк ауданын күзетіп жүрген сәтінде шабуылға тап болған. Осы ауданда Данияның 515 жауынгерлік әскері бар. Осы күнге дейін Дания 13 жауынгерінен айрылды. Бүгін сондай-ақ Ауғанстанның Кундуз провинциясында Германияның 3 жауынгері фугасқа жарылып, жараланды.
АҚШ экономикасы өткен жылдың 6 айында не тоқырап тұрды, не тіпті кері кетті
ВАШИНГТОН: Америка экономикасының даму қарқыны өткен жылдың ІҮ-інші тоқсанында – бүкіл жылға бөліп есептегенде – 0.6 пайызды құрады. АҚШ-тың сауда министрлігінің қайта есептеуі бойынша, бұл – АҚШ-тың жалпы ішкі өнімінің көлемін 4.9 пайызға ұлғайтып, шамамен 14 трлн. долларға жеткізген өткен жылдың ІІІ-інші тоқсанымен салыстырғанда 8 есе аз. Өткен жылдың 2 тоқсанында АҚШ экономикасы не тоқырап тұрды, не тіпті кері кетті. Биылғы І-інші тоқсандағы көрсеткіштердің бастапқы бағасы сәуір айының соңында шығады.
Әл-Басраны паналаған серкесі Ас-Садрдың тілектестері Бағдадта шеруге шықты
БАҒДАД: Бүгін Ирақтағы шейттердің бітіспес серкесі М.Ас-Садрдың 10-даған мың тілектесі премьер-министр Н.Әл-Мәликидің үкімет басынан кетуін талап етіп Бағдадта көшеге шықты. Осыдан 2 күн бұрын Ирақтың қауіпсіздік күштері Әл-Басра қаласында Ас-Садрдың “Махди армиясы” деп аталатын қарулы құрамасына қарсы соғыс операциясын бастады. Ал бүгін Н.Әл-Мәлики Ас-Садрдың құрамасынан жұмаға қарай қаруын тастауды үзілді-кесілді талап етті. Өз тарапынан шейттердің серкесі үкіметтен операцияны доғарып, келіссөзге отыруды талап етті. Осы операцияның барысында 10-даған адам қаза болып, 100-дегені жараланды.
Р.Әлиев пен Ә.Мұсаевтың Оралда әшкереленген тағы бір ауыр қылмысқа қатысы болуы мүмкін
АСТАНА: Қазақстанның ішкі істер министрлігінен хабарланғандай, Орал қаласындағы «Металлист» қару-жарақ зауытында қылмыстық топтарға арнап жалғыз өзі заңсыз қару жасап сатты деген күдікпен 1 адам ұсталды. Министрліктің қызметінен кеткен кейбір офицерінің сөзіне қарағанда, қару-жарақ жасауға заңсыз тапсырыс беруге президент Н.Назарбаевтың бұрынғы күйеу баласы әрі күні кеше ғана мемлекеттік билікті төңкеріс арқылы басып алмақ болды деген айыппен сырттай тағы 20 жылға сотталған Р.Әлиев пен оның жақын сыбайласы, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы, генерал Ә.Мұсаевтың қатысы болуы мүмкін. Оған қоса, “Металлист” зауытының қауіпсіздігін қорғау ішкі істер министрлігінің жауапты міндеті болған.
Алматы қаласы – баяу болса да аймақтық қаржы орталығына айналып келеді
АЛМАТЫ: Бүгін Қазақстанның “оңтүстік астанасы” - Алматыда “Қазақстан экономикасының тұрақты дамуын қаржыландыру мәселесіндегі қиындықтар мен мүмкіндіктер және оның келешегі” тақырыбы бойынша Орта Азия аймақтық 2-нші инвестициялық конференциясы өз жұмысын бастады. Форумды әлемдегі ең ірі NYSE Euronext қор биржасы мен Алматыда Орта Азияның аймақтық қаржы орталығын құру мәселесін реттейтін агенттік бірлесіп ұйымдастырды. Оның жұмысына әлемдегі бірқатар қор биржасы мен басқа да қаржы институттарының жетекшілері және Қазақстанның қаржы, экономика саласының мамандары мен сарапшылары қатысуда.
Ирақ премьер-министрі шийттердің қарулы құрамаларына үзілді-кесілді талап қойды
ӘЛ-БАСРА: Ирақ премьер-министрі Н.Әл-Мәлики Әл-Басра қаласындағы шийт жасақтарынан жұмаға қарай қаруларын тастауды талап етті. Мұндай үзілді-кесілді талап Ирақтың қауіпсіздік күштері шийттердің бітіспес серкесі М.Ас-Садрдың “Әл-Маһди армиясына” қарсы соғыс операциясы басталған екінші күні қойылып отыр. Өз кезегінде Ас-Садр үкімет әскерінің қимылын тікелей өзі бақылап отырған Н.Әл-Мәликиді қаладан кетіп, келіссөзді бастауға шақырды. Осы аптада Әл-Басра, Бағдад және т.б. Ирақ қалаларындағы шайқастарда ондаған адам оққа ұшып, 100-дегені жараланды.
Тибеттің буддистері Қытайдың жоспарын бұзып, Батыс БАҚ-ына ақиқатқа жеткізді
ЛҺАСА: Тибетте будда монахтары Қытай үкіметінің жоспарын бұзып, Батыстың ақпарат құралдарының журналистерімен кездесіп, Қытай үкіметінің осы өлкедегі дін бостандығын өрескел бұзып жатқанын мәлімдеді. Аты-жөнін атамаған монахтың бірі:
“Билік бізге сенбейді. Үкімет біз туралы “тәртіп бұзып, қиратып, тонап, өртейді” деп ойлайды. Біз мұның бірін де істеген жоқпыз. Үкімет бізді негізсіз айыптап отыр”, - деп зарлады.
Сонымен қатар буддистер Тибеттің астанасы – Лһаса қаласында таяуда болған халық толқуына қуғында жүрген рухани серкесі Далай-ламаның қатысы жоқтығын айтты. Тибетте тыныштық орнағанын көрсету үшін Батыс журналистерінің сапарын Қытай үкіметі ұйымдастырған болатын.
Америкалық фирма Ауғанстанға тозығы жеткен оқ-дәрі жеткізіп тұрған
ВАШИНГТОН: АҚШ армиясының басшылығы Ауғанстанға ескірген оқ-дәрі қорын жеткізіп тұрған компаниямен арадағы келісім-шартын бұзды. “New York Times” газетінің хабарлауынша, кеңсесі Флорида штатында орналасқан әлгі фирмамен армия шамамен 300 млн. доллардың келісім-шартына отырған және оған сәйкес, фирма Ауғанстан үкіметіне оқ-дәрі мен автоматты қару магазиндерінің үлкен қорын жеткізіп беруге тиіс болған. Алайда, тексеру анықтағандай, Ауғанстанға бұрынғы социалистік елдер мен Қытайдың әбден тозығы жеткен, тіпті осыдан 40 жылдай бұрын шығарылған оқ-дәрілері жеткізіліп тұрған.
Дж.Буш В.Путинмен арада маңызды келісімге жете аламын деп сенеді
ВАШИНГТОН: АҚШ президенті Дж.Буш Сочиде Ресей лидері В.Путинмен Американың зымырандық шабуылдан қорғану жүйесінің элементтерін Шығыс Еуропаға орналастыру жоспарын талқыламақшы. Дж.Буш НАТО-ның 2-4-інші сәуірде Бухарестте өтетін саммиті мен Хорватияға баратын сапарынан кейін 6-ншы сәуір күні Ресейге келуге тиіс. АҚШ президенті В.Путинмен көп келісімге жете аламын деп үміттенеді. Бірақ Кремль АҚШ-тың әлгі жоспары Ресейдің қауіпсіздігіне қатер төнідіреді деп есептейді. Ал АҚШ радар жүйесі өзі мен Еуропаны Иранның зымырандық соққысынан қорғайды деп дәлелдеп келеді.
Әлемнің жетекші елдері Солтүстік Кореядан өз уәдесін орындауын тосып отыр
ВАШИНГТОН: Оңтүстік Кореяның сыртқы істер министрі Ю Мун-Хван Солтүстік Кореядан өзінің ядролық бағдарламасы туралы толық есебін беруді күтуден әлемнің жетекші елдерінің шыдамы таусыла бастағанын мәлімдеді. Бұл сөзін кәріс министрі Вашингтонда АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы К.Райспен бірге өткізген баспасөз-маслихатында айтты. Солтүстік Корея өзінің ядролық бағдарламасы бойынша Бежиндегі 2005-інші жылғы халықаралық келіссөзге қатысқан 5 елге ядролық бағдарламасы туралы есебін беруге міндетті болатын. Осы есебінің орнына Пхеньян әлгі 5 елден экономикалық көмек алуға тиіс еді.
Шииттер көсемі Мұқтада әл-Садр Ирақ үкіметін сөйлесулерге шақырды
Дәл осы кезде Басра қаласы және басқа да шиит аймақтарында оның Махди армиясы мен үкімет күштері арасында шайқастар жүруде. Әл-Садрдың бұл мәлімдемесінен бірнеше сағат бұрын үкімет басшысы Нури әл-Малики қаруларын тапсыру үшін Махди армиясына 72 сағат мұрсат берген болатын. Басра қаласына бақылауды Махди қолынан қайта алу үшін бұл шайқасқа бірнеше мыңдаған Ирақ әскериі жұмылдырылған. Ресми деректерге қарағанда, 40-тай адам қаза болып, 200-дейі жараланған екен.
Ауғанстандағы әскерінің санын көбейту жөнінде, алдағы НАТО саммитінде Франция елі ұсыныс жасайды, деді президент Николас Саркози
Бұл мәлімдемесін Саркози Лондонға мемлекеттік сапары кезінде жасады. Ауғанстандағы Талибанға қарсы күресте НАТО-ның басқаруындағы күштерге қосымша қанша әскер жіберетінін ол айта қойған жоқ. Ауғанстанда қазір Францияның 1600-дей солдаты тұр.
Үкіметке қарсы шеруге қатысқан бірнеше ондаған азаматтарға Беларус соты шешім шығара бастады
70-тей азаматқа қоғамдық тәртіпті бұзды деген айып тағылуда. Оларға ақшалай айып пұл салынып немесе бірнеше күнге түрмелерге жабылуда. Наурыздың 25-де болған оппозициялық шерулерді қуып тарату үшін Беларус полициясының тоқпақтар қолданғанына Еуропа одағы алаңдаушылық білдіріп, тұтқындалғандардың тез арада босатылуын талап етті.
Грузия мен Украйнаның НАТО-ға мүшелікке ұмтылысын Бухарест саммитінде кері қақпауын Тбилиси НАТО-дан сұрауда
Егер Ресейдің қысымымен осы өтініштерді қабылдамай тастаса, онда НАТО басшылары аймақтағы қақтығыстардың өсе түсуіне жол береді, деді Грузия Сыртқы істер министрі Давид Бакрадзе Брюссельге сапары кезінде. Мүшелікке апаратын жоспар ұсынуларын бұл үміткер қос ел сұраған еді. Оған байланысты НАТО мүшелері екіге жарылып отыр. Ресей елі қарсы.
Сәуірдің 2-4 аралығында болатын НАТО саммитінен кейін Ресейге баратынын Буш айтты
Ресей президентімен АҚШ-тың Чехия және Польшада зымыраннан қорғаныс жүйесін орнату жоспарын талқылайтындығын АҚШ президенті білдірді. Саммиттен кейін өзінің Ресейдің Сочи қаласына сапармен келуіне Владимир Путиннің ұсыныс жасағанын Джордж Буш хабарлады. Ол сапарында Буш жаңа сайланған Ресей президенті Дмитрий Медведевпен кездеспеші.
|