Жұма, 16 мамыр 2008 жыл.    
Жаңалықтар
Қазақстан бюджеттен әлеуметтік салаға 280 млн теңге бөлді
Қазақстан ғаламдық қымбатшылыққа байланысты 2008 жылдың бюджетіне өзгерістер енгізіп, негізінен қорғаныс саласына көзделген 280 миллион доллар болатын 34 миллиард теңгеге жуық қаржыны әлеуметтік салаға жұмсайтын болды. Бұл туралы бүгін Астанада үкіметтің кезектен тыс өткізілген отырысында елдің экономика министрі Бақыт Сұлтанов хабарлады.
Еуропа елдерінде террорлық іске қатысы бар деген 10 күдікті ұсталды
Бүгін Франция полициясының хабарлауынша, Франция, Германия және Нидерланды билігі Өзбекстандағы исламшыл күдіктілерді қаржыландырды деген күдікпен 10 адамды ұстаған. Ресмилердің айтуынша, тегі түркиялық сегіз күдікті Францияның шығысынан ұсталған. Ал екі күдікті Германия мен Нидерланды елдерінен қамауға алынған. Бірақ, ресми органдар бұл күдіктілер қандай исламшыл жауынгерлер ұйымын қаржыландырып келгенін атаған жоқ.
Грузия ресмилері Мәскеуде жікшіл аймағы туралы сөйлеседі
Бүгін Грузияның қайта бірігу жөніндегі министрі Темур Якобашвили Грузияның жікшіл аймағы Абхазия мен Оңтүстік Осетиядағы дағдарысты шешу жолдарын талқылау үшін Мәскеуге келді. Ресейдің күнделікті шығатын “Коммерсант” басылымы хабарлағандай, Якобашвили онда Ресейге бұл аймақтағы дағдарысты бейбіт шешу жөніндегі конференцияға төрағалық етуді ұсынбақшы. Ресейдің таяудағы Оңтүстік Осетия және Абхазиямен байланыстарын күшейту шешімі Тбилиси мен Мәскеудің қарым-қатынасында шиеленіс тудырып отыр.
Қытай президенті зілзала болған Сычуань провинциясындағы құтқару жұмыстарын тексеруге келді
Қытай президенті Ху Дзиньтао қуатты жер сілкінісінен құрбан болғандарға көңіл айтып, құтқару жұмыстарының барысын тексеру үшін Сычуань провинциясына келді. Циньхуа агенттігі хабарлағандай, президент Ху жұма күні таңертең Мяньянг қаласына келді және онда құтқару шараларына тартылған 130 мың әскермен кездесті. Оның алдында табиғат апаты болған аймаққа келген Қытайдың үкімет басшысы Уен Джиабо:

“Қазір де құтқару жұмыстары адамдардың өмірін сақтауға негізделіп отыр. Адамдардың өмірін сақтап қалу әлі де баста бағыт болып қалуда”, - деген.

Дүйсенбі күні болған зілзаладан қаза тапқандар саны 19 мың 509 болғаны нақтыланды, бірақ үкімет ол екі еседен де көбеюі мүмкін деп отыр.

АҚШ-та талибан мүшесі есірткі терроризмі бойынша айыпталды
Ауғаныстан талибандарының мүшесі Құрама Штаттарда нарко-терроризм бойынша айыпталып отыр. АҚШ-тың Әділет министрлігі айтқандай, Хан Мохаммед есірткі-терроризмі бойынша партиотизм заңымен сотқа тартылған бірінші адам. АҚШ ресмилерінің айтуынша, бұл ауғандық талибанды Американың Есірткімен күрес әкімшілігінің ұстауына бір куәгер адам көмектескен. Нангарар провинциясының тұрғыны Хан Мохаммед 20 жыл өмірлік түрмеге жабылуы мүмкін.
Сербия ұлтшылары мен социалистері одақтас үкімет құру келіссөздерін өткізуде
Сербияның ұлтшылдары мен бұрынғы президент Слободан Милошевичтің социалистер партиясы жексенбі күнгі сайлаудан кейін жаңа үкімет жасақтауға жақын алды. Әсіре ұлтшылдардың радикалды партиясы, Сербияның Демократиялық партиясы және социалистер өздерінің одақтас үкіметті құру негіздерін келіскенін айтып отыр, бірақ келіссөздер әлі жалғасады деген. Еуропашыл партиялар жексенбі күнгі парламенттік сайлауда көп орынды иеленді, десе де олар басым бола алмай отыр. Сарапшылар ұлтшылдар мен социалистердің одақтас үкіметі Сербияның Еуропаға қосылуын тоқтатуы мүмкін дейді.
Бағдадта қарулы топтың шабуылынан Иран елшілігінің үш қызметкері жараланды
Бағдадта ирандық елшілік қызметкерлері кетіп бара жатқан көлікке қарулы топ оқ атып, үш адамды жарақаттады. Елшілік өкілі хабарлағандай, жараланған екі адамның жағдайы ауыр. Ирақ полициясы шабуыл болғанын нақтылап отыр, бірақ оның артында кімдер тұрғаны туралы өздерінің білмейтіндігін айтты. Иранның мемлекеттік ИРНА ақпарат агенттігі оған АҚШ әскерилерін айыптап отыр. Бағдадтағы американдық әскери қолбасшылық бұл мәлімдеме “толығымен миға қонымсыз” деді.
Украина Дүниежүзілік Сауда ұйымына қосылды
Украина ресми түрде Дүниежүзілік Сауда Ұйымының 152-ші мүшесіне айналды. Украинаның бұл ұйымға мүшелікке өтуі 14 жылға созылып, ұйымға мүше болу үшін көптеген экономикалық-құрылымдық реформаларды жүзеге асыру керек болды. Оның ішінде халықаралық ұйымның талаптарына жауап беретін 50-ден аса заң қабылданған. Украина президенті Виктор Ющенко Дүниежүзілік Сауда Ұйымына мүше болу хаттамасын сәуір айында бекіткен.
“Шаңырақ” төрағасы “заңсыз жер телімдері мен үйлерді заңдастыру керек” деп санайды
АСТАНА: Басып алынған жерлердегі баспана-үйлер мен жер телімдеріне рақымшылық жариялау қажет. Ішкі миграция проблемасы бойынша кеше Қазақстан парламенті Мәжілісінде болып өткен “дөңгелек үстелде” республикалық “Шаңырақ” қоғамдық бірлестігінің төрағасы Асылбек Қожахметов осылай деп мәлімдеді. Оның пікірінше, “не тұрғындарды күштеп көшіру керек, не олардың баспаналары мен жер телімдерін заңдастыру керек”. Оған қоса А.Қожахметов мигранттар көп барлық қалада жер телімдерін қайтару мен заңсыз салынған үйлердің бұзылуы төңірегінде шығуы мүмкін жанжалдарды шешетін және ашық жұмыс атқаратын қоғамдық комиссиялар құруды ұсынды.
“Қазақгейт” ісін қараған АҚШ сотында Р.Әлиев Н.Назарбаевты әшкерелемекші
ВЕНА: Қазақстан президенті Н.Назарбаевтың бұрынғы күйеу баласы Р.Әлиев - бұрынғы қайын атасына пара берілгені туралы атышулы “Қазақгейт” ісін қарап жатқан АҚШ-тағы сотта куәгер болып, өз сөздерін дәлелдейтін құжаттарды ұсынуға әзір екенін мәлімдеді. Н.Назарбаевқа арнаған бұл ескертуін Рахат Интернетте сайтында жариялады. Радиотыңдаушыларымыздың есіне салайын: Нью-Йорктің аумақтық соты Н.Назарбаевтың кеңесшісі болған АҚШ кәсіпкері Джеймс Гиффеннің Қазақстандағы мұнай көздерін игеру құқына ие болу үшін АҚШ компанияларынан пара алып, Қазақстан президентіне беріп отырғаны туралы қылмыстық істі қарау үстінде. Р.Әлиев сотта Н.Назарбаевтың 10-даған млн. доллар параны өз қалтасына басқанын дәлелдеуге әзір.
Израиль өзінің 60 жылдығын тойласа, Палестина “Ән-Нақба” қасыретін атап өтуде
ИЕРУСАЛИМ: Кеше АҚШ президенті Дж.Буш еврей мемлекетінің 60 жылдығымен құттықтап Израиль парламенті – Кнессетте сөз сөйледі. Өз сөзінде ол АҚШ пен Израиль арасындағы одақтық қарым-қатынастың берік екенін мәлімдеді. Өз кезегінде Израиль премьер-министрі Э.Ольмерт Палестинамен арада бейбіт бітімге келу үшін іс атқарылып жатқанын атап көрсетті. Ал Палестинада 1940-ыншы жылдардың соңында Израиль басып алған аймақтардан 100-деген мың халықтың босып кетуі – “Ән-Нақба” немесе “Апат” қасыретінің 60 жылдығына байланысты наразылық шерулері өтіп жатыр.
Дж.Буш пен Абдулла патша АҚШ-Саудия қатынасының 75-жылдығын атап өтеді
ӘР-РИАД: Таяу Шығыс” сапарының бағдарламасына сәйкес, бүгін АҚШ президенті Дж.Буш Сауд Арабиясына келеді. Дж.Буш пен Саудия патшасы Абдулла Саудия-АҚШ ресми қатынасының 75 жылдығын атап өтуге тиіс. Сонымен қатар АҚШ президенті Абдулла патшаны шикі мұнайдың бұрын-соңды болмағандай қымбаттауын тоқтатуға көбірек күш жұмсауға үгіттеп көрмекші. Президент Буш пен Абдулла патша екеуі де Таяу Шығыстың тыныштығына төнген қатер деп санайтын “Иран мәселесін” де талқылауы мүмкін. Дж.Буш Саудияның алдында Израильде 3 күн қонақтады.
Ливан үкіметі мен “Хезболлаһ” серкелері Дохада өзара келіссөз өткізеді
ДОХА: Ливанның бір-бірімен жанжалдасқан серкелері бүгін Қатарда келіссөзге отыруға тиіс. Ливанның АҚШ қолдап отырған ресми билігі мен оппозициядағы “Хезболлаһ” ұйымының көсемдері 18 айға созылған жанжалын доғарып, өзара ымыраға келуге тырысып көреді. Осы теке-тірестің салдарынан өткен жылдың қарашасында Ливан жаңа президентін сайлай алмады. Кеше Араб Елдері Лигасының делдал-делегациясы Ливанның коалициялық үкіметі мен “Хезболлаһ” арасындағы қақтығысты тоқтату туралы келісімге келгенін хабарлады. Сол келісімге сәйкес, бүгін Қатар астанасы Дохада екі жақты келіссөз өтуге тиіс.
ТМД елдерінен Украина – Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше болған екінші ел
КИЕВ: Украина – бүгіннен бастап Дүниежүзілік сауда ұйымының мүшесі. Ол туралы экономика министрлігін сілтеген Украинаның УНИАН ақпарат агенттігі хабарлады. Украинаның Дүниежүзілік сауда ұйымына қосылуы туралы хаттамаға Женевада осы ұйымның директоры Паскаль Лами мен украин президенті В.Ющенко 5-інші ақпан күні қол қойды. Хаттаманы Украина парламенті – Жоғарғы Рада – 10-ыншы сәуір күні заңдастырып, 16-ншы сәуірде үкімет мақұлдап, президент қол қойып бекітті.
АҚШ Конгресінің төменгі палатасы соғысты қаржыландыруға қарсы
ВАШИНГТОН: АҚШ Конгресінің Өкілдер палатасы 2009-ыншы жылдың жазына дейін Ирақ пен Ауғанстандағы соғыс қимылдарын қаржыландыру туралы заң жобасын мақұлдамады. Жобада Пентагонға 162.5 млрд. доллар қосымша қаржы бөлу қарастырылған. Бірақ Өкілдер палатасының мұндай шешіміне қарамай, Конгрестің Жоғарғы палатасы болып табылатын Сенаттың заң жобасын мақұлдайтын құқы бар.
Грузияның мемлекеттік министрі сапармен Мәскеуге келді
МӘСКЕУ: Грузияның реинтеграция мәселелері бойынша мемлекеттік министрі Темур Якобашвили Мәскеуге сапарының барысында Ресей жағымен Грузияның жанжал шыққан аудандарындағы ахуалды талқылайды. Грузин-абхаз жанжалы аумағындағы ахуалдың ушыға түсуіне және осы аумаққа Ресейдің қосымша бітім күштерін орналастыруына байланысты ресми Тбилиси мен Мәскеудің арасы соңғы кезде күрт салқындады. Грузияның жаңа сыртқы істер министрі Эка Ткешелашвили – кеше “Азаттыққа” арнайы берген сұхбатында – Абхазиядағы жағдайды “Ресейдің басқынышылық әрекеті” деп бағалайтынын мәлімдеді.
БҰҰ-ның Бас Ассамблеясы грузин босқындарының Абхазияға оралуын қолдады
НЬЮ-ЙОРК: БҰҰ-ның Бас Ассамблеясы Грузиядан бөлінген Абхазия республикасынан қашқан босқындардың кейін оралуға деген құқын растайтын Қарар қабылдады. 1990-ыншы жылдардың басындағы азамат соғысы кезінде 10-даған мың этникалық грузин Абхазиядан безіп қашқан болатын. Орындалуы міндетті емес Қарарды 14 мемлекет қана қолдап, 10 ел қарсы дауыс беріп, 105-і қалыс қалды. Грузияның БҰҰ-ндағы елшісі Ираклий Алазания Қарады Грузияның “жеңісі” деп бағалады.
Косовода адамның саудасымен айналысқандардың алтауы ұсталды
ПРИШТИНА: “Адамды сатуға қатысы бар” деген күдікпен кеше Косовода 6 адам, оның ішінде 1 полицей ұсталды. Полицияның хабарлауынша, олар Косово астанасы - Приштина мен өлкенің оңтүстік-шығысындағы 2 елді-мекенде қолға түсті. Тінту кезінде қолдан жасалған түрлі жеке құжаттар, арнайы жабдықтар, оның ішінде БҰҰ-ның Косоводағы өкілдігі басшысының мөріне ұқсас мөр тәркіленді. Косово полициясы бұл шараны әсіресе Азиядан шыққан иммигранттарды Батыс Еуропаға сатуға тосқауыл қою үшін жүзеге асырып отыр.
Ирақтағы Иран елшілігінің қызметкерлеріне әлдекімдер оқ атты
БАҒДАД: Бағдадта Ирақтағы Иран елшілігінің 3 қызметкері отырып келе жатқан автокөлікті белгісіз қаскүнемдер атқылап, үшеуі де жарақат алды. Елшіліктің мәліметіне қарағанда, екеуі ауыр жараланған. Оларға шабуыл жасалғанын Ирақ полициясы растады, бірақ болған оқиғаның жай-жапсарын хабарламады. Иранның ИРНА агенттігі бұл шабуылды АҚШ әскерилері ұйымдастырды деп айыптап, соңғылары оны үзілді-кесілді теріске шығарды.
Қытайдағы қуатты зілзаладан қаза болғандардың саны 50 мыңнан асуы мүмкін
БЕЖИН: Қуатты жер сілкінісінен аман қалғандарға көмек беру үшін Қытайға ең бірінші шетелдік құтқарушылардың ұжымы Жапониядан келіп жетті. Қытай үкіметі өткен дүйсенбіде Сычуань өлкесін дүр сілкіндірген зілзадан 50 мыңнан астам адам қырылды деп мәлімдеді. 20 мыңға жуық адамның қаза болғанына толық көз жетті. Мемлекеттік баспасөз құралдарының хабарлауынша, апат болған өлкеге көмекке қосымша тікұшақтар мен ұшақтар жұмылдырылды. Қытай, сонымен қатар, Ресей мен Оңтүстік Корея және Сингапурдан құтқару ұжымдарының келуін тосып отыр.
 
Radio Free Europe / Radio Liberty © 2008 RFE/RL, Inc. All Rights Reserved. contact us: webmaster@rferl.org