Шаңырақ оқиғасы, 14 шілде 2006 жыл

0/0
 
 
Kazakhstan - Sanyraq's events - Police and the people's battle happened when the authorities warned people to vacate their houses in the Almaty suburb as illegal houses. People were waiting the possible attack the whole night. 14July2006
 
Шаңыраққа ертең полиция жасағы келіп, үйлерді бұзады дегенді естіген тұрғындар түнді көз ілмей өткізді. Сот елдің аймақтарынан жұмыс іздеп Алматыға қоныс аударғандар Шаңырақта заңсыз баспана тұрғызған деп шешім шығарған еді. Шаңырақтың шетіне полицияның қалың жасағы кіргенде күн әлі көкжиектен көрінбеген болатын. Өз баспаналарын қорғауға бекінген тұрғындар кіре беріс жолды таспен, ескі автокөлік дөңгелектерімен бөгеп тастады. Полицияның алдынан шыққан әйелдер, олардан елді мекенге кірмей-ақ қоюды жалынып сұрады. Оппозиция қайраткері Рысбек Сәрсенбайұлы полицияны даулы мәселені келіссөз арқылы бейбіт жолмен шешуге үндеді. Басшылардан сот шешімін орындау туралы бұйрық алған полицияның алдын кес-кестеген әйелдер оларды тоқтатпақ болды. Полиция жасағы әйелдердің әлсіз тосқауылын күшпен бұза-жара Шаңыраққа кіруге бет алды. Оқиғаны алыстан сырттай бақылаған тұрғындар, полиция әйелдерге қарсы күш қолданғаннан кейін оларға тас лақтыра бастады. Бетпе-бет қақтығыстан соң полиция кейін шегінді, екі жақтан да жараланғандар болды. Тұрғындар Алматы полициясы бастығының орынбасары Н.Самалиховтан (оң жақтан екінші) жасақты алып кетуді сұрады. Осындай талап-тілекті Шаңырақ өкілдері Әуезов ауданының әкімі В.Устюговқа (оң жақтан төртінші) да жеткізді. Сөзіне билік құлақ асар деп үміттенген тұрғындар, алғашқы қақтығыс кезінде өздері кепілге алған полицейлерді босатты. Бірақ, полиция қайтадан Шаңыраққа кіруге бірнеше мәрте әрекет жасады. Бұл жолы тұрғындарға қарсы түрлі арнайы құралдар қолданылып, өрт сөндірушілер командасы да жұмылдырылды. Қарсылық танытқандарды полицейлер ұстап алып кетті. Бұндай шараға алғаш рет қатысқан кейбір полиция қызметкерлерінің жүзінен абыржушылық байқалды. Жантүршігерлік оқиға - әлдекімдер полиция лейтенантын бағанаға байлап, үстінен бензин құйып тірідей өртеді. 24 жастағы тергеуші Әсет Бейсенов қатты күйіктен есін жимастан, бірнеше күннен соң ауруханада дүние салды. Әрекеттері сәтсіз аяқталған соң полиция кетті, бірақ жұрт олардың қайтып келуінен сақтанып біразға дейін тарамады. Жол үстінде өртке қарсы қызметтің отқа оранған автокөлігі қалды. Ашу-ызаға булыққан топтың қаһарынан полицейлерді шаңырақтықтардың өздері қорғап, араша түсті. Тұрғындар жараланған полиция қызметкерлерін жедел-жәрдем көлігіне жеткізді. Шаңырақтағы қақтығыс куә болғандардың денесін ғана емес, жанын да жаралады. Шаңырақ қақтығысында жеңіске жеткен тарап болған жоқ. Бұл оқиға қоғам мәселесін күш арқылы шешуге болмайтынын көрсетті.

Related

Азат Еуропа / Азаттық радиосы © 2010 RFE/RL, Inc. | Барлық құқықтары қорғалған