«Қазақстан ZAMAN» апталығы осы мерекеге байланысты, жаңадан басталған Тышқан жылымен құттықтай келіп, «әр ауыл мен әр қалада «Президент бағы» болсын» деген ұсыныс айтыпты. Сонымен қатар осы апталық оқырмандарына «соңғы жылдары Наурыз тойлау бәсеңсіп кеткені қалай? Наурыз дастарханының сәнін арақ-шарап кетіріп тұр, мұны қалай тоқтатамыз?» деген сияқты сауалнама тастапты.
«Жас алаш» басылымы «Наурызды Қазақстандағы өзге ұлт өкілдері тойлай ма екен?» деген сауалнама нәтижесін жариялапты.
«Свобода слова» апталығы «Майра Назарбаеваның аты шықты» деген мақаласында «президенттің келіні шетелдік азаматтан қаржы талап ету үшін, оны ұрламақ болды» деп жазыпты. Ал «Президенттің досын кім қудалауға алмақ?» деген мақаласында Тараз қаласынынң белгілі кәсіпкері Сұлтан Махмадовтың соңғы кездері Ұлттық Қауіпсіздік комитеті қызметкерлері тарапынан қысым көріп жатқаны туралы жазыпты. «Мән-жайға қарағанда біздің чекистер Өзбек жолын таңдаған секілді» деген мақалада Қазақстандық бір топ азамат әртүрлі діни экстремизммен айыпталып, ұзақ мерзімге бас бостандығынан айрылғаны туралы айтылады. Осы апталықтың «Қазақстанда енді кім «тәтті?» деген мақаласында Рахат Әлиевтен тәркіленіп алынған қант зауыттарының ендігі иесі вице-премьер Ахметжан Есімов болуы әбден мүмкін деген болжам айтыпты.
«Время» газеті бас мақаласын «Қорғас» кеден бекеті басшысының үстінен қылмыстық іс ашылғанына арнай отырып, Оралда нан бағасының қымбаттағаны туралы, кеше Алматыда қала әкімшілігі ғимараты алдында үлескерлердің пикеті болғаны туралы жазады. Осы газет «Құм кернеу генералы» деген мақаласында отставкаға шыққан Қазақстан офицерлерінің заң бойынша тиесілі пәтерлерін әлі күнге ала алмай жүргендері туралы жазады.
Сонымен қатар «Время» газеті «Алда аласапыран жылдар бар» деген мақаласында өзін «саяси жұлдызшымын» деген Алматылық Константин Малков «келесі онжылдықта Қазақстанды тұрақсыздық күтіп тұр. Көршілермен елеулі экономикалық текетіреске баруымыз мүмкін» деген болжам айтыпты. Оған белгілі саясаттануыш Досым Сәтпаев өз түсініктемесін беріпті.
«Жас алаш» газеті жақында ғана Еуропа кеңесiнiң Парламенттiк ассамблеясының арнайы шақыруымен Парижге барып келген оппозиция қайраткерлерінің бірі Әміржан Қосановпен сұхбатын, оның өз сөзімен «Демократия сағаты тоқтап тұр» деп атапты. Онда автор Парижге барған Қазақстан ресми делегаттары мен оппозиция арасындағы пікірталас туралы айтады. Ал Болат Әбіловпен сұхбатын, тағы да автордың сөзімен «Билiктiң iрiп-шiруi ұлттық қауiпсiздiкке қатер төндiредi» деп атапты.
«Айқын» басылымы «Алла үйінің атауы ойлантады» деген мақалада автор Қазақстандағы әртүрлі діни ағымдар туралы айта келіп, «...діни басқарманың талаптарына да бағынбай жүрген мешіт салушылар табылып жатыр, жекеменшік мешіттер таратылып, сараптаудан өткізілген соң ғана Діни басқарма ұсынысымен тіркелсе, ал жері жеке адамдардың меншігіндегі бірқатар мешіттердің жер актісі қайта қаралып, Діни басқарма балансына берілсе» деген ұсыныстар айтыпты.
«Экспресс К» газеті «Тағылардың шабуылы» деген мақаласында «Тамғалы тас» секілді үш мың жылдық тарихы бар жәдігерлерге ХХІ ғасырдың жазулары пайда болғаны туралы жазыпты.
