Сейсенбі, 13 мамыр 2008 жыл.    
Тәуелсіз журналист Ермұрат Бапиге қарсы қастандық жасалды
Мәриям БЕЙСЕНҚЫЗЫ
Тәуелсіз журналист, оппозициялық бағыттағы «Дат» жобасының жетекшісі, «Тасжарған» басылымының бас оқырманы Ермұрат Бапидың өміріне қастандық жасалды. Мамырдың 8-і күні оның жеке көлігінде қолдан жасалған белгісіз жарылғыш зат жарылды. Болған жағдайды кәсіби қызметімен байланыстырып отырған Ермұрат Бапи мұны өзінен кек қайтаруға ниет еткен жеке азаматтардың ісі болуы мүмкін деп санайды. Ол соңғы уақыта «Тасжарған» газеті бетінде бірқатар лауазымды жеке тұлғалар мен олигархиялық топтарға қатысты мақалалар жарық көргенін айтып, олардың кейбірінің аты-жөндерін атады.
Тәуелсіз журналист Ермұрат Бапидің айтуынша, оқиға мамырдың 8-і күні таңғы сағат 08.30-да оның үйінің жанында болған. Көпқабатты үдің ауласындағы жеке меншік автокөлігіне отырып жүре бергенде белгісіз зат жарылған. Журналист ол жарылыстың айтарлықтай күшті болғанын, артынша көлігінің астынан қолдан жасалған жарылғыш белгісіз қондырғыны тауып алғанын айтады. Бұл оқиғаны оның көршілері мен сол маңайдағы көлік жуу бекетінің жұмысшылары көріпті. Қазірге жарылғыш көліктің жанармай багінің тұсына қойылғаны анық болды, деген Ермұрат Бапи сол күні құзырлы органдарға шағым түсіріпті.

«Мен сол 8-і күні түс ауа Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Алматы қалалық департаментіне шағым түсірдім. Бірақ олар арада 5 күн өткенде ғана бұл оқиғаға назар аударғандай болды. Мен осыдан күдіктеніп бүгін журналистер алдында мәлімдеме жасауға мәжбүр болып отырмын. Бұл жерде мен билік тарапынан жоспарланған әрекет жоқ деп ойлаймын. Себебі, олардың қолында барлық мүмкіншіліктер бар. Бұл жекелеген азаматтардың менен кек қайтару үшін жасағандары болуы әбден мүмкін. Жарылысты мынау ұйымдастырды деп мен біреудің атын атап кінәлай алмаймын. Бірақ «Тасжарған» басылымының соңғы үш айдағы тігіндісін парақтап шыққанымда бірқатар олигархиялық топтар мен лауазымды тұлғаларға қатысты өткір мақалалар жарық көргенін анықтадым. Олар - Тимур Кұлыбаев, президенттің күйеу баласы. Құдасы - Асқар Кұлыбаев. Онан кейін мемлекеттік хатшы Қанат Саудабаев жайында да мақалалар шықты. Билік маңайында жүрген Владимир Кимге, Сарыбай Қалмырзаевқа қатысты бірнеше өткір мақалалар болған», - дейді Ермұрат Бапи.

Қазақстан журналистер Одағының төрағасы Сейітқазы Матаев:

«Ермұрат Бапиға қатысты мұндай жағдай бірінші рет болып отырған жоқ. Біз басылым бетінде билікке ұнамайтын мақалалардың жарық көретінін ескерсек, мүмкін мұны қорқыту-үркіту деп түсінуге болар. Ермұрат Бапи Қазақстан журналистер Одағының мүшесі болып табылатындықтан оны қорғаймыз. Сондықтан Бас прокурор Рашид Түсіпбековке, Ішкі істер министрі Бауыржан Мұхамеджановқа қайырылып, істі өз бақылауларына алуды талап етеміз. Өйткені, бұл жерде адам өмірі тұр», - дейді.

Ал кейбір жекелеген тәуелсіз журналистер бұл жағдайды еркін ойлы журналист өміріне төнген қауіп ретінде бағалап отыр. Солардың бірі оппозициялық көзқарастағы журналист Серғазы Мұхтарбеков:

«Ермұратқа қалай екенін білмеймін, ал өз басым мұны естігенде қорқып қалдым. Бірден ойға келген нәрсе - биыл сайлау болады-ау деп түйдім. Себебі, енді жарылғышты жара бастаса ол тегін емес. Қорқыту-үркіту арқылы айтатын адамдардың аузын жабу. Бәріміз де техникадан хабары бар адамдармыз ғой. Шынында толық бағытталған жарылыс болғанда онда машинаның бензобагі ұшып кетер еді. Ондай жағдайда адамның көлік ішінен шығып үлгеруі екіталай. Құдай сақтаған», - дейді.

Ермұрат Бапидың өзі мұндай қастандықтар менің кәсіби қызметіне кедергі келтіре алмайды деп отыр.

«Осыдан кейін журналистік қызметімді, газет шығаруды тоқтатамын деп айта алмаймын. Өйткені, одан басқа менің қолымнан келетін ештеңе жоқ. Мен жанұямды асырауым керек қой. Егер қолымнан басқа бір шаруа келген болса онда екінші бір салаға кеткен болар едім. Ал мен соған кете алмағандықтан міне, 5 жыл бойы оқырман болып жүрмін. Өйткені, менің басқа мамандығым жоқ. Бұл маған жасалған ескерту, әлде... Мына соңғы жарылыстың өзі ойлантады. Егер бензотүтік тұтанып кетсе жанармай багі жарылатын еді. Ондай жағдайда машинаның ішінен қашып шығу мүмкін бе, ол жағы белгісіз. Осы шараны жасап отырғандар ескертуден гөрі нақты шараларға көшті ме деп қауіптенем», - дейді.

Осы жылдың наурыз айында Ермұрат Бапи өзінің сыртынан әлдекімдердің аңдып жүргенін айтып Ұлттық қауіпсіздік комитетіне шағым түсірген болатын. Содан кейін арада бір аптадан астам уақыт өткенде ол жұмыс істейтін оппозициялық «Тасжарған» басылымының терезесіне белгісіз біреулер екі рет оқ атты. Мұны басылым қызметкерлері өздерінің кәсіби қызметімен байланыстырған еді.

мұрағат
Электрондық адресіңіз:

Пікіріңіз:

 
Radio Free Europe / Radio Liberty © 2008 RFE/RL, Inc. All Rights Reserved. contact us: webmaster@rferl.org