БІЗ ТУРАЛЫ


Азаттық радиосының барлық журналистері мен штаттан тыс тілшілері мына принциптерді басшылыққа алуы міндетті:

Нақтылық

Азаттық радиосының журналистері эфирге және басқа басылымдарға шығатын материалдың, оның ішінде интернеттегі барлық жарияланымдардың дерек, ақпаратының мейлінше нақтылығын қамтамасыз етуі тиіс.
Деректің нақтылығы жайында күмән туса, ақпарат кемінде басқа екі тәуелсіз бұлақтан расталғаны абзал. Жалаң қауесет пен нақты дәйегі жоқ ақпаратқа негізделген материал эфирге шықпауы тиіс, жарияланбауы да керек.

Деректе қате кетсе, ол неғұрлым жылдам түзетілуі тиіс.

Бейтараптық

Кез келген ақпарат деректердің шеңберінде, /контексінде/ берілуі керек, оқиғалар мен талқыланып жатқан мәселелерді бұрмалауға болмайды..

Журналистер талқыланып жатқан мәселелерге қатысты қарсы немесе өзгеше пікірлерді нақты және таразыланған тең жағдайда көрсетуі керек. Егерде қайсы бір топтың, не жеке тұлғалардың пікірлері хабар балансын сақтау үшін маңызды болса, бірақ олар пікір білдіруден бас тартса – ол турасында репортажда, мақалада айтып өткен жөн.

Азаттық радиосы билеуші немесе оппозициялық саяси партиялардан, эмигрант қауымдастықтарынан, коммерциялық және басқа да сипаттағы ұйымдардан, хабар тарату аймағындағы, не одан тыс жерлердегі діни ұйымдардан тәуелсіз радио.. Азаттық радиосы ешбір саяси, экономикалық не болмаса діни ұстанымды қолдамайды, олардың мүддесіне насихат жүргізбейді.

Талдау, комментарий және редакциялау талаптары

Жарияланып отырған ақпараттың маңыздылығы мен мәнісін аудиторияға толығырақ жеткізу мақсатында барлық хабарлар мен жарияланымдарда қосымша ақпарат пен сипаттама болуы керек. Деректі репортажда журналист өзінің жеке пікірі мен өз ой- түсінігін араластырмауы міндетті.

Жалпы комментарийден аулақ болу қажет. Азаттық радиосы жеке пікірден гөрі жалпы көзқарасты жеткізгенді жөн санайды. Азаттық радиосының қызметкерлері өз атынан комментарий хабарын аса бір қажеттілік болған жағдайда жаза алады, бұл ретте компанияның Хабар тарату бөлімінің директорынан не болмаса оның орынбасарынан алдын-ала рұқсат алынуы керек. Радиода жұмыс істемейтін сарапшы комментарий жасаса, Азаттық радиосының кәсіби талаптары сақталып, орындалуы тиіс.

Хабар жүргізу мәнері, аудиторияны құрметту талабы

Әрдайым бағдарлама жүргізгенде, не болмаса матариал жарияланғанда журналист байыпты және бейтарап сөйлеуі қажет. Журналистің сөйлеу мәнері мәдениетті, өркениетті деңгейде болып, тіл шеберлігі мен ойдың түсінікті жеткізілуі талап етіледі. Барлық тараптардың адам құқықтары құрметтелуі шарт. Эфирде және басқа жарияланымдарда тұлғаны, ұйымды діни, этникалық, әлеуметтік-экономикалық, не болмаса мәдени ерекшелігіне байланысты кемсітуге болмайды, жалпыға тән әдеп-ғұрып талаптары сақталуы керек.

Араңдатушылыққа, қақтығысқа себеп болатын, біреуді біреудің айтақтауы, айдап салуы ретінде қабылдануы мүмкін материалдар эфирде және басқа жарияланымдарда берілмейді. Қақтығыс не болмаса қандай да бір теке-тірес туралы хабарлар нақты деректерге негізделуі керек, баланс сақталуы тиіс.

Нaсихаттан аулақ болу шарттары

Азаттық радиосы демократиялық мемлекеттерге тән демократия және адам құқықтарын сақтау принциптерін қолдайды. Азаттық радиосы қандай да бір саясат жүргізе алмайды, немесе нақты бір заңды қабылдау төңірегінде насихаттамайды, сайланатын не тағайындалатын қызметке ұсынылған кандидаттарға қолдау да, қарсылық та білдірмейді.

Азаттық радиосы Европадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі Хельсинки конференциясының Қорытынды актінде бекітілген барлық халықтардың өз мәртебесін белгілеу құқығын қолдайды. Дегенмен, эфирде және басқа жарияланымдарда сепаратизм жағдайларына қолдау көрсетілмейді, ол тұрғыда насихат айтылмауы шарт.

Азаттық радиосы халықаралық дәрежеде мойындалған нормаларға сәйкес, барлық адамдардың еркін жүру және еркін көшіп-қону бостандығын қолдайды. Дегенмен, Азаттық радиосының эфирінде, не болмаса басқа жарияланымдарында өзге елге өтіп кету жағдайларына қолдау көрсетілмейді, эмиграцияға кету талпынысы ынталандырылмайды.

Этика талабы

Азаттық радиосының қызметкерлері мен штаттан тыс тілшілері жоғары этикалық талаптарды орындауға міндетті, хабар тарату аймағында не одан тыс аймақтарда жеке тұлғалармен және ұйымдармен байланыс жасағанда, саяси не коммерциялық мәселелерде мүдделер қайшылығынан аулақ болып, осындай қайшылық туындауы мүмкін қарым-қатынастарға бармауы керек. Азаттық радиосының қызметкерлері мен штаттан тыс тілшілері жеке пайда табу мақсатында, басқа бір өзгеше мүдде тұрғысында өз абыройына, не Азаттық радиосының беделіне нұқсан келтірмеуі шарт.