Accessibility links

Астана әкімі Өмірзақ Шүкеевтің шешімімен қаладағы құмар ойын мекемелерін азайту және қаланың сыртына шығару жоспарланып отыр


Астана әкімі Өмірзақ Шүкеевтің шешімімен қаладағы құмар ойын мекемелерін азайту және қаланың сыртына шығару жоспарланып отыр. Астанадағы казино, ойын автоматтары және билльярд клубтарына қатысты талаптар қаралып жатыр. Қалалық кәсіпкерлікті дамыту департаментінің директоры Әрсен Керімбековтың айтуынша, бүкіл дүние жүзінде ойын автоматтары бар орындар «Табысының 80 пайызын тұтынушылар ұтып алуы керек» деген заңға бағынады. Ал Астанада олай емес, дейді ол. Бұл мәселе президентке дейін жеткен соң қала басшылығы қатаң шараларға кірісті.

Ойын автоматынан сылдырлап жетон түскен, ірі ұтыс шыққан жағдай астаналық құмар ойын орындарында сирек болады. Алайда, ойын ойнаушылар кемудің орнына артып келеді. 25 жасар Еркебұлан Тайжанов күн сайын бір жерге келіп, сағат сайын 500 теңге ұтылып қалатынын айтады:

- Ұтуын ұтасың, бергенде береді, бермегенде үйге қайтасың. Ұтылғаным 500 теңге, тапқаным шамалы. Ойнаған адамға байланысты, білген адам ұтады, білмеген ұтпайды.

Бұған дейін, Қазақстанның бір топ зиялы қауым өкілдері қала басшылығымен кездесіп, Астанада құмар ойын мекемелері көбейіп кетті деген наразылықтарын білдірген болатын. Өзін зиялы қауымға жатқызатын 55 жастағы Астана тұрғыны Асан Ғалиасқаровтың пікірінше, құмар ойыннан түсетін пайда шамалы:

- Құмар дегенің - қарта ойнау, арақ ішу, оның бәрін тоқтату керек. Өзіміздің қазақтың ойындарын ұйымдастыру керек, «алтын сақа», «алтын сандық», тағы басқалар. Соларды жастарға мектеп басынан үйретуге болады.

Бертін келе осы сияқты наразылықтар президент Назарбаевқа дейін жеткен. Соңғы отырыстардың бірінде президент Назарбаев бұл туралы өз пікірін білдіріп, құмар ойындарды азайту керек, деген сияқты нұсқау жасаған. «Азаттық» тілшісі осындай орындардың бірінде оператор болып істейтін Екатерина Хлебниковамен тілдескен еді. Оның айтуынша, ойын мекемелері келген адамдарды алдамайды.

- Және өз басым ойын автоматтарын жабуға қарсымын, өйткені, салық азайып, жұмыс орындары қысқарады, онда мен де жұмыссыз қаламын, - дейді ол.

Астана қалалық кәсіпкерлікті дамыту департаментінің директоры Әрсен Керімбековтың айтуынша, қазір тұрақты істеп тұрған казинолардың сыртында уақытша лицензия алған 23 мекеме жұмыс істейді екен, оның 10-ы қазір уақытша қала басшылығының шешімімен тоқтатылыпты. Бірақ, ресми рәсім талаптарына сай оларды мүлде тоқтату үшін сот шешім шығару керек, дейді ол:

- Мысалы, адамдар келіп, үлкен сома ұтып алады. Ал, казино төлей алмай, жабыла салады. Сосын істемейді. Сондай 8 казино бар. Біресе істейді, біресе істемейді. Клиенттердің айтуынша, ақшаларын созып береді. Әрине, казино жабу оңай сұрақ емес.

Ал, Еуропалық заң институтының директоры заңгер Марат Башимовтың айтуынша, Еуропада Қазақстанмен салыстырғанда құмар ойындарына қатысты заңдар қатаң келеді:

- Бір рет барғам Германиядағы Баден-Баден қаласында. Онда заңдарында тура жазылған, сол қала тұрғындары казиноға кірмеу керек деп. Өйткені, ол құмар ойын, адамдарды тартып кетеді.

Қазіргі таңда Астана қаласында 2030 ойын автоматтары орнатылғандығы есептелген. Қалалық кәсіпкерлікті дамыту департаментінің директоры Әрсен Керімбеков, Астаналық ойын автоматтарының иелері тұтынушыларды алдап келеді деп отыр:

- Бүкіл дүние жүзінде ойын автоматтарында заң бар, табысының 80 пайызын тұтынушылар ұтып алуы керек. Ал, бізде олай емес. Сондай электронды плата.

Алайда, салық комитетінің мәліметі бойынша, осы құмар ойындарының мекемелері бірігіп, Астана бюджетіне тек соңғы 9 айда 355 миллион теңге салық түсірген. Ал, Еуропалық заң институтының директоры заңгер Марат Башимовтың айтуынша, бұл орайда кәсіпкерлердің құқын да шектеуге болмайды:

- Кәсіпкерлік құқықтары бар. Өйткені ол құрғысы келеді, кісілер ойнағысы келеді.

Құмар ойындарына жатқызылған мекемелердің қатарында бильярд клубтары да бар. Бірақ, соңғыларына шектеу қойылмайды. Өйткені, ол ресми түрде көптеген елдерде спорттық ойынға жатқызылған.
XS
SM
MD
LG