Accessibility links

"АрселорМиттал Теміртау": Жалақы туралы бұйрықты жоймаймыз


"АрселорМиттал Теміртау" компаниясы бас директоры Виджай Махадеван.
"АрселорМиттал Теміртау" компаниясы бас директоры Виджай Махадеван.

"АрселорМиттал Теміртау" компаниясы басшылығы жұмысшылар жалақысының белгілі бөлігін төлеуді уақытша кейінге қалдыру туралы бұйрықтың күшін жоймайтын болды. Бұл туралы бүгін Теміртауда өткен баспасөз конференциясында компанияның бас директоры Виджай Махадеван хабарлады.

Махадеванның сөзінше, "АрселорМиттал Теміртау" Қарағанды облыстық прокуратурасының компанияның жұмысшылар жалақысын толық төлемеуін заңсыз деп тауып, 600 мың теңге көлемінде айыппұл салу туралы қаулысына шағымданады. Бас директор компания жұмысшылары таяу күндері қаңтар айындағы жалақысының тек 75 пайызын ғана алатынын айтады.

Ақпанның 4-інде Қарағанды облыстық прокуратурасы компанияға 5 ақпанға дейін жұмысшылар жалақысының бір бөлігін төлеуді уақытша кейінге қалдыру туралы бұйрықтың күшін жоюға мұрсат берген.

Ақпанның 2-сінде "АрселорМиттал Теміртау" басшылығы қаржылық қиындықтарға байланысты жұмысшылар жалақысын уақытша қайта есептеу туралы бұйрық шығарған. Бұйрық бойынша, көмір және металлургия компаниясы жұмысшыларының қаңтар айындағы жалақысы 25-тен 50 пайызға дейін қысқаратын болған.

Компания жалақыны қысқартуға "күрделі геосаяси жағдай", "экономикалық өсімнің баяулауы" мен "тұтыну нарығындағы жағдайдың нашарлауынан" кәсіпорынның қаржылық қиындықтарға ұшырауы себеп болды деп түсіндіреді.

XS
SM
MD
LG