Қырғызстанда бүгін парламент сайлауына дауыс берер алдындағы «тыныштық күні». Заңға сәйкес, бүгін елде кандидаттар мен оларды қолдауға арналған кез келген үгіт-насихат шараларын жүргізуге, сайлаушылармен кездесулер өткізуге тыйым салынады.
Бұл жолы Қырғызстанның бір палаталы парламенті – Жогорку Кенештегі 120 депутаттық орынға 14 саяси партия таласып жатыр.
Қырғыз Республикасы парламенттік республика болғандықтан қазанның 4-і күні өтетін сайлау – ел өміріндегі ерекше маңызды оқиға.
Ресми дерек бойынша 5,8 миллион халқы бар Қырғызстанда 2,5 миллион адам дауыс беру құқығына ие. Олардың 500-800 мыңдайы шетелде жұмыс істейді.